21.01.2019, 21:59
Қараулар: 11
Төртінші деңгейлі бюджет: сілкіністер мен іркілістер

Төртінші деңгейлі бюджет: сілкіністер мен іркілістер

Ауылдық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың  дербес  бюджеті  енгізілетін болады. Облыс орталықтарында және республикалық маңыздағы қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері жұмыс істейді.

(«100 қадам»  Ұлт  жоспарының  98-қадамы)

Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде төртінші деңгейдегі бюджет жүйесі енгізілгені белгілі. Тұрғындарының саны 2 мыңнан асатын аудандық маңызы бар қалалар, кенттер және ауылдық округтер өз бюджеттерін жасақтаған еді. Оған облысымыздан 42 ауыл, екі  кент, бір  қала ілікті.

Жергілікті жерге экономикалық, соның ішінде қаржылық дербестік беруді, жергілікті жұрттың өзін-өзі басқарудағы жауапкершілігін  арттыруды мақсат тұтқан реформа бір жыл ішінде қалай жүзеге асты? Артылған сенім қаншалықты ақталды?

Жер мен мүлік қатаң түгенделуде

– ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А. Маминнің 2017 жылғы 31 наурыздағы кеңес хаттамасымен (№11-5/05-1672) мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының шеңберінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары жасақталған еді. Соған сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізіліп, орындалу шаралары қабылданды. Осылайша жаңа реформаға 2017 жылдың соңына дейін дайындық қызу жүргізілді.

Бірінші кезекте жергілікті әкімдер өздерінің кіріс көздерін анықтауға баса назар аударды. Нақтылап айтқанда, аталмыш хаттаманың 1-2 тармақтары бойынша олар округтегі жер телімдерін, мүліктерді есепке алу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда ауылдық, кенттік округтердегі 78 660 жер телімінің, 83041 ғимарат пен құрылыстың 99,9 пайыздан астамы, 43233 көлік құралының бәрі әділет құрылымдарында тіркелді. Енді қалған жер телімі мен мүліктің  тіркелмеген 0,3-04 пайыздайымен жұмыстар жүруде. Олардың тіркелмеуінің басты себебі тұрғындардың қаржылық ресурстарының жеткіліксіздігінен туындап отыр. Яғни мүлікті тіркеу үшін орта есеппен 20-30 мың теңге қажет. Мұндай қаржыны ауыл тұрғындарының бәрінде бірдей төлей алмайды ғой. Десек те, ауылдағы ағайын үшін осынау соманы төмендету жайы бүгінде республикалық деңгейде мәселе ретінде қойылуда. Алдағы уақытта  ол өз шешімін табар деп ойлаймыз.

Айта кетейік, төртінші деңгейлі бюджетте сол жердегі кәсіпкерлерден, жол бойындағы сыртқы жарнамадан түсетін, мүлік, жер, көлік салықтары сынды жеті түрлі салық қарастырылған. Бұдан бөлек әкімшілік айыппұлдан, жеке және заңды тұлғалардың салымдарынан, коммуналдық меншіктегі мүліктерді жалға беруден түсетін пайдадан құралатын салықтық емес түсімдер бар. Олар да осынау бюджеттің кірісі болып табылады. Әкімдер округ шығысының қаншасы осынау кіріс көздері арқылы жабылатынын айқындаған соң, жетпейтін бөлігіне жоғары тұрған бюджет арқылы трансферт (субвенция) берілді. Өткен жылғы өңіріміздегі 45 округтің бекітілген бюджет көлемі 2812,2 млн. теңге болды, соның ішінде салықтық төлемдер 880,7 млн. теңге, салықтық емес төлемдер 78,8 млн. теңге, жоғары тұрған бюджеттен түсетін транс-ферттер (субвенция) 1852,7 млн. теңге. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша түзетілген бюджет көлемі 4440,7 млн. теңгені  құрап,  оның  99%-ы  игерілді.Сонымен қатар  дербес бюджеті жасақталған әкімдіктердің ең төменгі талаптарға сәйкес келмейтін компьютерлері жаңартылды, аппарат қызметкерлері оқытылды. Осы жерде екпін түсіріп  тоқтала кетер жайт – ауылдардағы интернеттің нашарлығы. Оның бұл жобаға да өзіндік кедергісі болмай қойған жоқ. Қазіргі таңда елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр ғой. Яғни көп кешікпей ауылдарымыз кең жолақты интернетпен қамтылады деген сөз. Бүгінде қажетті ақпараттық базаларға интеграция жасалды, яғни жергілікті әкімдікпен қазынашылық, мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу секілді құрылымдары арасында жүйелі байланыс орнатылды. Кең жолақты интернет бұл істердің сапалы атқарылуына оң әсерін бермекші, – дейді БҚО экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева.

Менеджер  әкім  керек  бұл  іске…

Айта кетейік, ҚР Бюджет кодексінде IV деңгейдегі бюджет шығысының 19 бағыты қарастырылған. Олардың ішінде елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру, санитарлық жағдайды жақсарту, абаттандыру, жерлеу орындарын ұстау, ауылішілік жолдарды күтіп ұстау мен жөндеу бар. Сонымен қатар ауылдардағы балабақшалар да назардан тыс қалған жоқ. Былтыр өңірімізде IV деңгейдегі бюджетте қарастырылған шығыстардың төрттен бірі балабақшаларға жұмсалыпты. «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту және мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуді ұйым-дастыру туралы» бюджеттік бағдарлама бойынша Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Тасқала, Шыңғырлау аудандарындағы ауылдық округтерінің бюджеттерінде 1096,9 млн. теңге қарастырылып, жыл соңына дейін толықтай игерілді. Ал ауылдық жерлерде оқушыларды жақын жердегі мектепке дейін тегін алып баруды және одан алып қайтуды ұйымдастыруға бөлінген 45,1 млн. теңге де 100% игерілді. Адам мен оның денсаулығы бәрінен де маңызды екені белгілі. Сол себепті сырқат адамдарды шұғыл жағдайларда апаруды ұйымдастыру үшін 0,6 млн. теңге қарастырылды. «Біздің округтегі Жарқамыс, Қоңыркөл, Сарыөзек, Тыныштыбай, Қостөбе елді мекендерінде медициналық пункттер жоқ, – дейді Сырым ауданы Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев. – Сол себепті біз өткен жыл ішінде бұл елді мекендерде тұратын 20-ға жуық жанның денсаулықтары сыр бергенде, оларды жақын маңдағы алғашқы медициналық көмек көрсету орындарында жеткізуді ұйымдастырдық. Мұндай іс-шаралар биыл да жалғасын табады. Жалпы алғанда, былтыр өз кірісіміз есебінен көшелерді жарықтандыру бағытында ауыз толтырып айтуға болатын жұмыстар атқарылды. Нақтылап айтсам, округтегі 109 көше шамының бәрі электр қуатын үнемдегіш шамдарға  алмастырылды. Оған 1,1 млн. теңге қаржы жұмсалды. Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру мен оны ұстау да біздің есебімізден жүргізілетіндіктен, бұл да қаржының үнемделуіне мүмкіндік береді. Ал биыл елді мекендерді жайластыру мен көгалдандыру бойынша ауылға, елді мекендерге қажетсіз пластик құтыларды (баклашка) жинайтын он шақты контейнер қоюды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда Оралдағы контейнер дайындайтын кәсіпорынға тапсырыс берудеміз. Ал жиналған бұл құтыларды Жымпитыға апарамыз. Аудан орталығында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде грант алған бір кәсіпкер пластик құтыларды үгітетін аппарат сатып алып, жұмыстануда. Біз осылайша округ аумағының тазалығына атсалысамыз, екіншіден, қаржы тауып, бюджетіміздің  кіріс  бөлігін толтырамыз».

Былтыр өз қазыналарына айтарлықтай кіріс кіргіздендердің қатарында Ақсай шаһары, Орал қаласына қарасты кенттер және бірқатар аудан орталықтары мен ауылдар бар. Мәселен, Зашаған кенті бюджетінің кіріс бөлігі 100 млн. теңгеге жуықтаса, оның ішінде салық көлемі 98 млн. теңгені құрады, қалғаны мүлікті жалға беруден түсіпті. Сөйтіп жоспар 109 пайызға орындалды. Зашаған кенттік округі әкімінің орынбасары Нұрболат Мұхитовтың айтуынша, салық жинау жұмыстарында бірқатар олқылықтар кездесті, әйтпесе бұдан да мол қаржы табуға мүмкіндік болған. «Біздің кенттің кәсіпкерлері Орал қалалық кіріс басқармасының базасында қалалық реквизитті көрсетіп, декларация есебін қате толтырды, –  дейді Нұрболат Абайұлы. – Сөйтіп төленген қаржы Орал  қаласының есепшотына түсті. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер базасында да тиісті реквизиттер енгізілмеген. Бүгінде осындай олқылықтарды реттеу, кент кәсіпкерлеріне салықтық төлемдерді төлеу жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілуде».

 Теректі ауданының орталығы – Федоровта өткен жыл ішінде 18,6 млн. теңгеден астам салық жиналған екен. Бұл — жоспардың 99,2%-ы. Одан бөлек 14,5 млн. теңге салықтық емес түсімдер түскен. Егер екеуін қоса есептесек, теректіліктер жалпы бюджетінің 40 пайызға жуығын өздері тапқан қаржының есебінен қалып-тастырған екен. Федоров ауылдық әкімі аппаратының бас маманы Алла Кузнецованың сөзіне қарағанда, салық түсімдерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүруде. Алайда тұрғындар тарапынан мүлік және жер салықтарын төлеуде белсенділік төмен.

Иә, қаржы қоржынының бүйірін томпайтуда елді мекеннің географиялық-аумақтық орналасу ерекшелігін, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін де ескерген жөн. Мысалы, елдің шетінде, жел-дің өтінде тұрған ауылды қала аумағындағы кентпен немесе күре жолдың бойындағы іргелі ауылмен салыстыруға болмайтыны анық. Сондай елді мекеннің бірі – Қаратөбе ауданындағы Сулыкөл ауылдық округі. Мұндағы жылдық кіріс 2,2 млн. теңгені (120 мың теңгеге жуығы мүлікті жалға беруден, қалғаны салықтан түскен) құраған. Яғни ауыл бюджетінің 4,6 пайызы ғана. Ауыл әкімі Берікқали Мусаның айтуынша, олар салықтық базаны арттыру мақсатында біраз жұмыстанған. Алайда нәтиже аз. Мәселен, сонау Қалдығайтыдағы нашар жолдың бойына жарнама қою кімге тиімді?! «Біз мүлік және жер салығының құнын көтеру бойынша тиісті құрылымдарға хат жолдадық, – дейді Берікқали Жақсылықұлы. – Себебі, әрбір аула иесі үй салығы үшін жылына 100 теңгеден  астам, жер салығына 200 теңгеге жуық ақша төлейді. Яғни екі салыққа төлейтін қаржы бар болғаны 300 теңгедей. Мұны аз деп есептейміз. Тағы да бір мәселе – салықтық емес түсімдер бойынша әкімшілік айыппұл сала алмай отырмыз. Өйткені тиісті желілік базаға кіруге полиция құрылымдары тарапынан рұқсат берілмеуде. Мұның бәрі кіріс көзін ұлғайтуға айтарлықтай кедергі».

Ауылда «көлеңкелі» бизнес бар ма?

Бюджет кірісі негізінен салықтан құралатыны аян. Салық көлемін жоғарылату үшін кәсіпкер-лердің қатары артуы керек. Ал ауылдарда бұл үрдіс баяу жүруде. Оған себеп – «көлеңкелі» экономика. Мамандардың айтуынша, ауылда «көлеңкелі» бизнестің аясында жүргендер жетерлік. Мәселен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, таксист болып, не көлігін жалға беріп, тасымалмен, малды алып-сатумен, тағы да сол сияқтылармен айналысып жүргендер, жем-шөп, тағы да басқа заттар сататындар да бар, монша жағып, шаш қиып қызмет көрсетіп  отырғандар  да  жоқ  емес…Оралдық экономист-ғалым Мария Жұмағалиева мұнымен тек жергілікті әкім не әкімдік қызметкерлерінің күресуі жеткіліксіз деп санайды. Сол себепті оған ауыл бюджетіндегі қаржының тиісті әрі қажетті салаларға бөлінуіне атсалысып жүрген жергілікті қауымдастық өкілдерінің де үлес қосқандары жөн. «Сөздің шыны керек, жергілікті билік өкілдерінің бәрінің  бірдей тұрғындарға сөзі өте бермейді, – дейді ол. – Әкімдердің бірі жас болса, екіншісінің тәжірибесі аз дегендей. Соған орай қауымдастық мүшелері бұл іске белсене тарты-лулары керек. Олар халықтың арасынан шыққан, тіпті тұрғындардың өздері сайлаған жандар болғасын «көлеңкелі» бизнесте жүргендерге жеке кәсіпкер болып тіркелудің маңыздылығын, одан түсетін салық ешқайда кетпейтінін, тек ауылдың қажетіне жұмсалатынын қарапайым тілмен түсіндірулері қажет. Мәселен, төртінші деңгейлі бюджетке кірмеген ауылдар қаржыны тек Бюджеттік кодекс аясында жұмсайды. Ал мұнда қауымдастық өкілдері қолдарын көтеріп, дауыс беру арқылы ауыл үшін ең өзекті мәселеге қаржыны бағыттай алады. Ауылдарға шығып жүрген кезде байқағанымыздай, қауымдастық мүшелері өздеріне жүктелген жауапкершілікті жете түсінбейтін секілді. Бұл іске «Тура биде туған жоқ» деген қағидат негізінде қараған дұрыс. Әйтпесе, мынау құдам, анау көршім деп бұға берсе, ол өз жемісін бермейді».

Иә, экономист-ғалымның бұл сөзінің жаны бар. Осы материалды дайындау барысында сөйлескен қауымдастық өкілдері өздерінің нақты міндет-миссиясын әлі  де жөнді білмейтінін біз де аңғардық. Ал өздері бұл реформаны түсінбесе, өзгелерге не деп түсіндіреді?!

Бәріне бірдей топырақ шаша алмаймыз. Мысалы, тайпақтық қауымдастық өкілдерінің ісі өзгелерге үлгі болатын сияқты. Ақжайық ауданының Тайпақ ауыл-дық округі әкімінің орынбасары Марат Есенизовтың сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы билік қауымдастық мүшелерімен бірлесіп әрекет етуінің нәтижесінде былтыр тоғыз адам таксист ретінде тиісті тіркеуден өткен. Қазір осындай үш жүргізушіге қатысты түсінік жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек осы қауымдастықтың келісімі бойынша Тайпақ ауылдық округінің басшылығы үйі апатты жағдайда тұрған бір ауыл тұрғынына баспана алып берген. Яғни мемлекеттік тұрғын үй қорының сақталуын ұйымдастыру бағыты аясында жүзеге асқан бұл іске өз кірістері есебінен жиналған қаржының 3 млн. теңгесі жұмсалды. Міне, ел игілігіне асар нақты іс осындай болуы керек!

Мемқызметкерлер  «Дипломмен  ауылға» келмек

Сарапшылардың пікірінше, бұл реформа бір жыл ішінде жоспарға сай жүзеге асқан. Ауыл әкімдері қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, белгіленген межелерге қол жеткізді. Иә, түрлі кедергі, олқылық, проблема да аз болған жоқ.

Былтыр ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен өткен төртінші деңгейлі бюджетке қатысты үкіметтің отырысында заңнамалардың олқы тұстары, өзге де сан түрлі мәселенің бәрі кеңінен сөз болды. Жиын соңында Үкімет бас-шысы осынау мәселелерді уәкілетті құрылымдарға қарастырып, шешу жөнінде нақты тапсырма берген еді. Олардың біразы оң шешімін тапты, қалғандары биыл реттелмекші. Яғни енді бұл істе айтарлықтай жеңілдіктер болары анық. Ал келер 2020 жылы еліміздегі барлық округ төртінші деңгейлі бюджетке көшкенде қазір орын алып жатқан кемшін тұстар айтарлықтай азаятынын айтады осы істің басы-қасында жүрген мемлекеттік құрылым өкілдері.

Ең өзекті мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Білімді де білікті заңгер, экономист, есепшілердің ауылда жұмыс істеуге ынтасы төмен. Ал мұндай мамандарсыз аталмыш реформаның жүзеге асуы қиын. Сол себепті мемлекет алдағы уақытта «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында білім, медицина, мәдениет, әлеуметтік, агроөнеркәсіп салаларының мамандарымен бірге, мемқызметкер-лерге де мән беруді мақсат тұтып отыр. Үкіметтің осындай игі бастамаларына қарап-ақ ауылды көркейту, ондағы ағайынның жағдайын жақсарту мемлекеттік мәні зор іс екенін айқын көруге болатындай.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Мәлік ҚҰЛШАР,

облыстық мәслихаттың хатшысы:

– Заң шеңберінде жергілікті басқаруды терең енгізу мақсатында төртінші деңгейдегі бюджет пен коммуналдық меншігін енгізу жөнінде өткен жыл ішінде жүйелі жұмыстар атқарылды деп айта аламыз.

IV деңгейдегі бюджеттердің орташа есеппен 60%-дан астамын трансферттер құраса, салықтық түсімдер тек 30%-дан астамын құрады. Салықтық түсімдер негізінен коммуналдық меншіктен, көлік құралдарынан түсетінін ескерсек, осы ауылдық округтердегі ғимараттар мен құрылыстар саны 83 мыңнан, ал көлік құралдары 43 мыңнан астам екен. Жалпы алғанда, салықтық түсім түсіретін базаны көбейту қажет. Мүмкін ауылдық округтерге басқа да салықтық түсімдерді қалдыру керек пе?! Әйтпесе, бұл мәселе шешімін табуы қиын.

Ал облысымыздағы қалған 106 округ IV деңгейлі бюджетке 2020 жылы көшеді. Қазір олар бұрынғы ережеге сәйкес қолмақол бақылау есепшоттарындағы (КСН) қаржыны тиімді пайдалану үстінде. Өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша олардың осы есепшоттарына 187  млн. теңге жиналған екен, жұмсалған қаржы 173 млн. теңге. Негізінен бұл қаржылар ауылдарды санитарлық тазалау және абаттандыруға, жарықтандыруға, контейнерлер сатып алу, тиеу және қоқыс шығаруға және т. б. жұмсалған.

Басқарудың төменгі деңгейлерінің қаржылық дербестігін кеңейту, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде толыққанды мүмкіндіктер беру жөніндегі алғаш-қы қадамдар осылай жүзеге асуда. Әрине, бір жыл ішіндегі жұмыстармен IV деңгейлі бюджеттің тиімділігін бағалау мүмкін емес, алайда жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін өмірімізге кеңінен енгізе отырып, өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыта беретінімізге сенімім мол.

Әділбек ҚАДЫРОВ,

Орал қаласы Зашаған кенттік округінің әкімі:

– Төртінші деңгейдегі бюджетті құру әкімдерге жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешуге және азаматтардың сол елді мекендердің дамуына бағытталған мәселелер бойынша шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкін-дік туғызды. Сөйтіп бірлесіп жолдарды күтіп ұстауға, қарларды шығару, субұрқақты іске қосуды қамтамасыз етуге, тазалық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Біздің кент тұрғындарының сұраныстарына сай былтыр біраз жұмыстар жасалды. Олардың ішінде бес көп қабатты үйдің ауласына балалар ойын алаңдарының салынуы, қоғамдық көліктің аялдамалары мен көше бағыттағыштың орнатылуы, жолдардың жөнделуі, жедел жәрдемге  қызмет көрсетуге қолайлы жағдайдың  туғызылуы  бар.

Болат ЖЕКСЕНҒАЛИЕВ,

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік  басқару академиясы

БҚО филиалы директоры орынбасарының міндетін атқарушы:

– Былтыр біз «Аймақтарды дамыту үшін жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін трансфор-мациялау» тақырыбында ауыл әкімдерін оқыттық. Біліктілікті арттыру шеңберінде өткізілген бұл оқуға IV деңгейлі бюджет енгізілген округтердің әкімдері қатысты. Он күнге созылған оқу кезінде Астанадан арнайы оқып келген БҚО экономика және бюджетті жоспарлау, қаржы басқармаларының маманда-ры  жобалық басқару жөнінде де дәріс оқыды. Онда ауылдарда қандай жобаларды жүзеге асыру қажет, олардың тиімділігі туралы  кеңінен сөз болды. Оқу барысында семинар, тренингтер де өтті.

Заңдағы көрсетілген жайттар кейде өмірдегі нақты жағдайлармен үйлесе бермейді ғой. Сол себепті өмірде кездесетін түрлі жағдайларға байланысты түрлі ойындар  ұйымдастырылды.

Оқу биыл да жалғасын табады. Ағымдағы жылы біз оқуды аудандарға барып, жергілікті жерде ұйымдастырайын деп отырмыз. Біздің бұл бастамамызды әкімдер де, мемлекеттік құрылым өкілдері  де  қолдап  отыр.

Серікбай ЖАПАҚОВ,

Қазталов ауданының Бостандық ауылдық округі әкімі жанындағы қауымдастық мүшесі:

– Ауылымыздың тұрғындары IV деңгейлі бюджетке байланысты жаңашылдықты қолдап жатыр. Біз де өз тарапымыздан барынша түсіндірудеміз. Бұл жаңашылдық ауылда кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік дамыса, оның салығы сол ауылда қалады. Яғни азаматтары неғұрлым іскер ауылдың тыныстіршілігі соғұрлым жақсара түседі деген сөз. Жұмыс  істеген  ауыл  көркейеді.

Біздің қауымдастықтың 12 мүшесі бар. Былтыр жеті мәрте жиналыс өткізіп, ауылымыздың бюджетін, ондағы қаржыны ауы-лымыздағы өзекті мәселелерді шешуге бағыттауды талқыладық. Биыл біздің жақта қар қалыңдау болды ғой. Соған орай жолдарды күтіп ұстауға бағытталған қаржының нәтижесінде елді мекендерге, қыстақтарға баратын жолды тазалау ұйымдастырылды. Алайда кеңес заманын қалған ауылдық әкімдіктің теңгерімдегі ескі тракторымыз қайта-қайта сынып қалып, қолбайлау болды. Алдағы уақытта жаңа трактор алу мәселесі ойда бар.

Жалпы, бұл реформаны өзім өте дұрыс деп санаймын. Бас қосқан кезде «Ауылда анау жоқ, мынау істелмей жатыр» деп билікке қатысты сын айту әдетіміз бар ғой. Енді үкімет «Бюджетіңізді өздеріңізге бердік, қажет нәрсені өздеріңіз талқылап шешіп, істеңдер» деп отыр. Қаржы көзін табу, оны қажет жерге бөлу, тиісті нәтижеге қол жеткізу оңай іс емес екенін  өздеріміз  сезінудеміз.

Бұрхан ӨТЕҒАЛИЕВ,

Жәнібек ауданындағы Қамысты ауылының тұрғыны:

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ауылдық кеңестің төрағасы, артынан әкімдік институты енгізілген соң жиырма жылдан астам уақыт бойы ауыл әкімі болып қызмет атқардым. Өз тәжірибем негізінде мемлекеттің бұл бастамасын дұрыс деп есептеймін. Енді әкім өзі ғана емес, жергілікті тұрғындар арасынан шыққан қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге өз бюджетінен қаржы бөле алады.

Бұл – халықтың өзін-өзі басқару ісіне тартылып жатқандығының нақты  көрсеткіші. Енді қауымдастық өкілдеріне бюджеттің атқарылуын бақылауды да жүктеу керек сияқты. Сол себепті олардың өкілеттілігін белгілеу керек деп ойлаймын. Бұрынғы ауылдық кеңес депутаты секілді олар үшін де сайлау жүйесін ұйымдастыруды қарастыру қажет деп ойлаймын.  Жалпы, жыл  өткен сайын ауыл әкіміне жүктелер міндет артып келеді. Ал оның мәртебесі бұрынғыдай жоғары емес.

Егер ауыл әкімінен бюджеттің кірісін толтыруды және өзге де жайттарды талап еткіміз келсе, оның мәртебесін көтеруді де ескергеніміз дұрыс.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар