21.01.2019, 20:47
Қараулар: 896
Жан шуағының жеңбейтіні жоқ-ау…

Жан шуағының жеңбейтіні жоқ-ау…

Немерем  Әлижан  дүниеге  келгенде өте әлсіз болды. Екі жасқа  дейін мойнын ұстай алмады. Көзінің қарашығы да көпке дейін тұрақталмай, шалқалай беретін. Анасының құрсағында жатқан кезде дерттің диагнозы қойылғанда, мойындағымыз келмеді. Бірақ қандай жағдай болса да, келінімнің құрсағына біткен шарана жарық дүниені көруге хақы бар деген тоқтамға  келдік, —  дейді дертті туған немересін өзіндік тәсілімен емдеп, аяққа тұрғызған Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылының  тұрғыны  Айман Мұсағалиева.

Бүгінде сол немересі Әлижан Жақсылықұлы алты жаста. Сабаққа бармаса да, өзі қатарлы бүлдіршіндермен доп теуіп, асық ойнайды. Тіпті әжесі оған шпагатка отыруды,  бір аяғымен  жер басып,  екінші аяғын иығына дейін көтеруді, «көпірге» (мостик) тұруды үйретіпті. Әжесінің жанынан бір елі қалмайтын ол бізге гимнастикалық  жаттығулардың түр-түрін көрсетіп, таңдандырды.

— Қатарынан қалмаса екен деп облыс орталығы Орал қаласындағы, Астанадағы, Самарадағы дәрігерлерге, қала берді, қазақ еміне де қараттық. 2015 жылы Астана қаласында 22 күн бойы ем-дом қабылдадық. Сонда суға жүзуді үйретті. Дәрігерлердің айтуынан ұқ-қанымыз, біздің баламызға дене шынықтыру жаттығулары мен массаж зор көмегін тигізеді екен. Әли дүниеге келгеннен бастап арнайы уақыт бөліп, жүйке  тамырлары байланып қалуы мүмкін-ау деген дене мүшелеріне массаж жасай беретін болдық. Әсіресе, саусақ ұштарын, табанын, жұлынның бойын, мойны мен желкесін алақанымызбен үнемі сылапсипалау атасы екеуміздің әдетімізге айналды. Жаттығу жасатқан кезде көңіл күйінің қалыпты болғанын қадағалаймыз. Егер ренжіп, ашулана бастаса, жаттығуды жалғастырудың қажеті жоқ. Бірде үлкен немерем Айназдың  шашын өріп отыр едім, «Әже» деген дауыс шықты. Ол кезде Әли төрт жасқа толса да еңбектемейтін. Қарасам, немерем өз аяғымен тұрып тұр. Содан бір қадам аттады да отыра кетті. Мен қуанғанымнан жылап жібердім. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қуаныштың көз жасымен оны аяққа тұрғызу жолында көрген қиын-дығым, бәрі-бәрі ұмытылып кетті. Өйткені Әлижаным ел қатарлы жүре алмай қалуы  да мүмкін болатын, — дейді қайсар әже.

Әлижан дүниеге келген соң атасы Ниетқали мен әжесі Айман бауырына алған. Екеуі немересін аяғымен жүргізу үшін газет-журналдан, теледидардан сал ауруы мен даун сырқатының ем-домына қатысты мәлімет жинай бастапты. Көзінің қарашығын тұрақтандыру  үшін  қызыл түсті ойыншықты жоғары-төмен, оңға-солға қозғалтып жаттықтырған. Мойнын ұстауда үлкен шар тәріздес допқа етпетінен жат-қызудың зор пайдасы тиіпті. Ал төрт жасқа дейін қадам баспаған Әлижанның аяқтан тұруы үшін табанына жасаған массаж бен арнайы ұшы бар ойыншықтар жәрдемдесіпті.

— Әлижанның күтімі өте жақсы.

Ата-әжесі немересінің денсаулығына байланысты оны Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылынан аудан орталығы Сайқынға келіп бақты. Уақтылы тамағын беріп, ұйықтатады. Осыдан бір жыл бұрын Сайқын  ауылындағы балабақшаға ерікті түрде  апарып жүрді. Тәрбиешілерден жағдайын сұрасам, дәретке өзі отыратынын, тамағын ішетінін, балалармен ойнайтынын айтады. Әжесі де Әлижанның тілін шығару үшін онымен үнемі әңгімелеседі. Бұл — өте қажет тәсіл. Үш жасында болуы керек, әкесі Астана қаласына барып, Әлижанның қосыла біткен саусақтарының арасына ота жасатып келді. Қазір бала ойнап, шауып жүр. Жалпы, даун дертімен дүниеге келген балаларда ауытқу көп болады. Бірақ бұл балаға жасалған күтімнің нәтижесінде даун дертімен дүниеге келгені көп  байқала бермейді. Тіпті соңғы үш-төрт жылда тұмау, баспа секілді жұқпалы сырқаттармен ауырып не дәрігерге қаралып көрген жоқ, — дейді Бөкей ордасы аудандық орталық аурухананың балалар дәрігері, терапевт Ақлима Ишанова.

23 жұп, 46 хромосома. Бұл — қалыпты адамның генетикалық көрсеткіші. Осы 23 жұптың біреуінде артық хромосоманың пайда болуы барлық генетикалық қалыпты бұзады екен. Содан түрлі дерт синдромы пайда болып, дүниеге дені сау сәбидің келуіне кедергі жасайды. Медицинада мұндай бұзылған үштік – трисомия деп аталады. Осы тізбектің 21-жұбында болған трисомиялық өзгеріс – даун синдромы. 1866 жылы ағылшын дәрігері Джон Даун дерт синдромдарын сипаттаған. Сол себепті осы хромосомалық ауытқу аталмыш дәрігердің атымен аталған. Аурудың басты белгілері – дене мүшелерінде туа біткен даму ақаулары, қимыл-қозғалыстың тежелуі  мен ақыл-ойдың кемістігі.

Қол-аяғының құрысып қалуын жеңе білген бүгінгі кейіпкеріміз Әлижан сурет салғанды ұнатады екен.

— Оған алғаш қалам ұстатқанда төртбұрыш, үшбұрыш секілді геометриялық фигураларды нүкте арқылы қосып салуды  үйреттім.  Қазір өзі сурет салады. Әріптерді жазып үйреніп жүр. Сөйлемді толық айта алмағанымен, сөзді құрау арқылы ойын жеткізеді. Домино мен дойбыға қызығушылығы бар.

Қызыл, көк, сары түсті ажырата бастады. Әжесі менің сабақ беруімді күтіп отырмай-ақ, оқу жаттығуларын өзі жасата береді, — дейді Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылының әлеуметтік қызметкері Айтқаным Ақапқызы.

Өмірде небір қиындықтарды бастан кешіріп, баянды бақытқа қол жеткізіп жүргендер бар. Есесіне, науқас туылған баласы түгілі, сау перзентін тастап кеткендер де жоқ емес. Бүгінгі кейіпкерлеріміздің жетістігі арқылы  мейірім мен махаббат кез келген дерттің шипасы болатындығына көз жеткіздік. Аймандай қайсар әженің ендігі арманы — Әлижан немересінің білім алып, үйленгенін көру. Шөбересінің маңдайынан сүю. Лайым, солай болғай!

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»,

Бөкей  ордасы  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар