21.01.2019, 20:21
Қараулар: 227
Кәсіпкерлер қар тазалауға міндетті

Кәсіпкерлер қар тазалауға міндетті

Биылғы жылы қар қалың түсуі себепті бүгінде Орал қаласының аумағында жол тазалығына жауапты мекемелер барлық техникасы мен жұмысшыларын жұмылдырса да, атқарар жұмыс азаяр емес.

Соңғы кездері барлығымыз қарды есіктерінің алдына текшелеп үйіп қойған немесе «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздің» кебін киіп отырған кәсіпкерлердің өздеріне тиесілі нысан немесе ғимараттың алдын ғана тазалап, қырған қарды жолдың қақ жиегіне апарып тиегендерін көріп жүрміз.

Осыған орай жуырда Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің маманы Мейрам Хайыров пен  полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабының талаптарын елемей, абаттандыру ісінде салғырттық танытып жүрген кәсіпкерлерді тәртіпке шақыру мақсатында арнайы рейдке шықты. Сала мамандары бұған дейін ақ ұлпаны жинамаған бизнес нысандарының иелеріне ескерту берілгендігін айтып отыр. Кезекті рейд барысында тәуліктің алғашқы жартысында-ақ Шолохов көшесі бойындағы 5 ірі нысан иесіне ескерту жасалып, кешке қарай ескертуден қорытынды шығармаған 2 кәсіпкерлік иесіне айыппұл салынды.

Атап өтерлігі, бизнес субъектілері қаланың нөпір қардан арылуына үлес қосып, өз аумақтарын қардан тазалауға міндетті. Қарды үйіп қоймай, арнайы полигонға жеткізуі тиіс. Айналасының қардан тазалануын қамтамасыз етпейтін кәсіпкерлерге тиісті шара қолдану алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Гүламан   ИСМАҒҰЛОВА,

Орал   қалалық   полиция басқармасының  баспасөз  қызметкері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар