21.01.2019, 20:20
Қараулар: 86
«Сырым» бекетінде кептеліс саябырсыды

«Сырым» бекетінде кептеліс саябырсыды

Самара – Шымкент бағытындағы аутожол бойында орналасқан «Cырым» шекара бекетінде облыстық мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің тексеруі салдарынан жүк көліктерінің ұзын-сонар тізбегі пайда болғаны жайында ақпарат тарағаны мәлім.

Қаңтардың 19-ы күні бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ өкілі мәселенің мән-жайын білмекке шекара бекетіне барды. БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алмас Әбжаппаров шекара бекетіндегі сараптамалық бақылау бөлімі қазіргі уақытта қалыпты жұмыс істеп тұрғанын және қаңтардың 18-і күні кептелісте болған жүк көліктерінің саны 500-ге жетті деген ақпарат расталмағанын айтты. Ресей Федерациясымен байланыстыратын халықаралық маңыздағы жолдың бойында орналасқан «Сырым» бекеті арқылы тәулігіне орташа есеппен 700-дей аутокөлік өтеді. Сараптамалық бақылау бөлімі олардың бәрінің құжатын тексермейді.

– Бұған дейін күн райы бұзылып, бірнеше мәрте боран соғып, көктайғақ болғаны белгілі. Қысқы кезеңдегі қолайсыздық әсерінен аутожолдар жабылып, жүк көліктері белгіленген мерзімінен кешігіп, кідіріп келіп жатыр. Әрі  қазіргі кезде Ресей тарапындағы автожолдар жөнделу үстінде. Соған байланысты көлік ағыны көбеюде. Жүк көліктерінің кептелісіне байланысты департамент мамандары мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті жанындағы «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің тобы кеше тексеріс жүргізгенімен, ешқандай заңбұзушылық анықталмады. Көлік жүргізушілерімен де сөйлестік, – деді Алмас Әбжаппаров.

«Сырым» шекара бекетінде мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты үш қызметкер ауысыммен тәулік бойына жұмыс істейді.

Департамент мамандары сараптамалық бақылауға жататын, әскери техника, қару-жарақ, ядролық және ядролық емес материалдар, әскери мақсатта қолданылатын өнімдерді, еліміздің ДСҰ-ға кіруіне байланысты импорттық кедендік баж ставкалары төмендетілген үшінші елдерден Қазақстан Республикасының аумағына бұрын әкелінген тауарларды, Еуразиялық экономикалық одақ ауқымында импорт өнімдері бағасына қосылатын құн салығының толық түсімін қамтамасыз ету бағытында мониторинг жұмысын жүргізеді. Мониторингілеу кезінде тауар тасымалына қатысты құжаттардың көшірмесі жасалады. Оған бес минуттан артық уақыт жұмсалмайтынына «Сырым» шекара бекетіндегі қызмет барысында көз жеткіздік. Облыстық МКД мамандарының көліктерге тиелген жүктерді өз бетімен тексеретін құзіреті жоқ. Дегенмен ел аумағынан шығаруға тыйым салынған тауарларға бақылау жасай алады. Қазіргі уақытта мұндай тауарлар қатарына түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтары енгізілген. Шекаралық бақылау аймағындағы тескеріс уақытының жалпы ұзақтығы 10 минуттан аспайды.

Қаңтардың 18-і күнгі 19:00 мен 19-ы күнгі таңғы 07:00 сағат аралығында ауыр салмақты 311 жүк көлігі өткен. Сол күні болды деген қауырт жағдайға байланысты БҚО МКД сараптамалық бақылау жасайтын қызметкерлер санын төрт адамға жеткізіп, құжат көшірмесіне пайдалануға тағы бір құрылғыны іске қосты.

–  Қазіргі кезде жағдайдың қалыпқа түсуіне байланысты штаттық режімде қайтадан үш адам жұмыс жасауда. Жұмыс қарқыны қауырт болғанда департамент жанында шұғыл қи-мылдайтын штаб іске қосылады. Онда шекара бекетіндегі мамандар саны беске дейін көбейтіліп, олар он екі сағаттық ауысыммен еңбек етеді. Мониторингілеуден тәулігіне, шамамен, 700-ге жуық жүк көлігінің құжаты өткізіледі. ЕЭО құрамындағы елдер арасындағы тауар айналымына қатысты құжаттардың ғана көшірмесі жасалынады. Одақтан тыс елдерден халықаралық транзит арқылы тасымалданатын жүктер немесе TIR Carnet кітапшасы бар көліктер еш кедергісіз өтеді, – деп түсіндірді БҚО мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрболат  Абдулов.

Айта кетейік, биыл «Сырым» шекаралық бекеті өткеліне күрделі жөндеу жүргізіліп, өткізу сыйымдылығы сегіз көлік сиярлық көлемде кеңейеді  деп  жоспарланған.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.