21.01.2019, 20:18
Қараулар: 5
ҚҰРЫЛЫСТА КІДІРІС ЖОҚ

ҚҰРЫЛЫСТА КІДІРІС ЖОҚ

Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов Оралдағы бірқатар құрылыс нысандарындағы жұмыс барысымен танысты.

Алдымен облыс басшысы халық арасында «Омега» көпірі атанып кеткен Мұнай базасы ауданындағы көлік өткелін қайта құру жұмыстары қалай жүріп жатқанын пысықтады. Өткен жылдың қараша айының бірінде бұл көпірді бұзу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарын бұдан бұрын Депо көпірі құрылысын салған «Ка-Строй ЛТД» ЖШС-ның құрыш қолды құрылысшылары жүргізуде. Компания басшысының орынбасары Төлеген Қарағойшиннің облыс әкіміне баяндауынша, көпірді бұзу жұмыстары кестеге сай жүргізіліп отыр, жалпы жұмысқа 20 жұмысшы жұмылып, 15 техника тартылған. Бүгінде жолайрығындағы ескі өткелдің 15 құрама бөлігінің сегізі бұзылып алынған, яғни ескі көпірді бұзу жұмыстары 50 пайыздан аса орындалған.  Мемсараптама бойынша көпірді жаңадан салуға 33 ай кетеді, алайда мердігер компания құрылыс жұмыстарын одан қысқа мерзімде сапалы орындап шығуға міндеттеме алған. Нысанның жалпы құны 5,2 млрд. теңгеден астам және жоба «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен қаржыландырылуда. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың тамызында аяқталып, пайдалануға тапсырылады деп жоспарланған. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа көпір екі есеге кеңейіп, көпір ені 21 метр, ұзындығы 988 метр, ал тротуардың ені 1,5 метрді құрайды. Сондай-ақ көпірде 4 жолақты қозғалыс болады. Өңір басшысы құрылысшылармен сөй-лесіп, жұмысты сапалы әрі уақытында атқаруды тапсырды.

Алтай Көлгінов Деркөл ауылындағы спорт кешені нысанының құрылыс жұмыстарын да көрді. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған. Алдағы маусым-мамыр айларында кешен құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылмақ. Өңірдегі спортқұмар балалар әзірге жалға алынған орында оқиды әрі жаттығуға шаһардың басқа аудандарындағы спорт залдарға барады.

– Спорт кешені  250 балаға арналған. Соның ішінде 150 жас спортшыға лайықталған интернат салынуда. Кешенде оқу ғимараты, үш спорттық зал, соның ішінде жалпы дайындық, күрес жаттығуы және волейбол, баскетбол, гандбол залдары болады. Кешен өзара жалғасқан үш бөлік ғимараттан тұрады, – деп баяндады мердігер «Альтаир» ЖШС-ның басшысы Сергей Потиченко. Мердігер компанияның басшысы бір сөзінде Деркөл ауылының өсіп-өркендеп жатқанын, сондықтан келешекте бұл ауданнан жүзу бассейні, мұзайдын салынса, құбақұп деген пікірін білдірді. Нысандағы құрылыс жұмыстары кестеге сай жүруде. Бұл құрылыстың жалпы құны 1323,4 млн. теңге болса, 2018 жылы жергілікті бюджеттен 120 млн. теңге, биыл 277,021 млн. теңге қаржы бөлінген. Бүгінде оқу ғимараты мен интернаты салынып, төбесі жабылуда. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарына жергілікті өндірісшілердің өнімдерін пайдалануды мықтап тапсырды.

Бұдан кейін Алтай Көлгінов Орал – Атырау және Орал – Саратов бағытындағы күре жолдардың арасындағы алып құрылыс алаңына барды. №41 дақтағы 216 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысының жұмысын көрді. Бұл тұрғын үй қаладағы 13 санат бойынша үй кезегінде тұрған азаматтарға арналып салынуда. Мұндағы пәтерлер – негізінен бір және екі бөлмелік. Тәжірибелі мердігер «Альтаир» ЖШС-ның басшысы Сергей Потиченко құрылыс жұмыстарына қатысты ешқандай түйткілді мәселе жоқтығын айтты. Облыс басшысы болашақта осындай тұрғын үйдің 1-қабатын балабақша, шағын орталықтарға арнап салу мәселесін қозғады. Сонымен қатар жаңа үйдің айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Құрылыс компаниясының басшысы жобада болса, салуға дайын екендерін білдірді.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиевтың айтуынша, қала бойынша 21 мың адам баспана кезегінде тұр. Жаңа үйдің құрылысы Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынуда. Жыл сайын облыс әкімінің тапсырмасына орай Оралда үй кезегінде тұрған азаматтарға арнап бір-екі тұрғын үй салу қолға алынған.

2018 жылдың соңында №39 дақтағы 180 пәтерлік көпқабатты үй салынып, тапсырылды. Алдағы мамыр-маусым айына қарай 216 пәтерлік осы үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл тұрғын үй азаматтарға жалға беріледі. Бір бөлмеліге тұрғындар айына  5-6 мың теңге, екі бөлмеге 7-8 мың теңге шамасында жалдау ақысын төлейді. Үй құрылысы республикалық, жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылуда. Республикалық қазынадан қаржының алғашқы траншы бөлінген.  Нысанның жалпы құны 1,7 млрд. теңгені құрайды, енді 900 млн. теңге көлемінде қаржыландырылмақ. Қаланың солтүстік-шығыс шағынауданында тағы бір үйдің құрылысы жүруде. Ол үй де баспана кезегінде тұрған тұрғындарға арналып салынуда. Оның құрылысы да биыл аяқталады. Сонда биыл солтүстік-шығыс шағынауданындағы 180 пәтерлік және күре жолдар қиылысындағы 216 пәтерлік үйлер пайдалануға тапсырылмақ. Жалпы, 2019 жылы қала бойынша 400 отбасы қоныстойын тойламақ.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.