21.01.2019, 20:13
Қараулар: 123
Ержүрек қорықшы

Ержүрек қорықшы

ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің есімін мәңгі есте сақтауды ұсынды.

«Ерлікпен қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиев жер қойнына тапсырылды. Ол киіктерді өлтірген браконьерлермен күреске түскен нағыз ер-азамат еді. Асыл азамат Отанымыздың ұлттық құндылығын  қорғау жолында қаза тапты. Иманды болсын! Қарақшылар мен олардың ісіне қолдау танытқандар тиісті жазасын алулары тиіс. Батырдың есімі мен ерлігі  мәңгі есте сақтауға лайықты», – деп жазды Сенат төрағасы Twitter-дегі ресми парақшасында.

Оқиға Қарағанды облысының Нұра ауданында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген табиғат перзенттері ақбөкендерді қорғау кезінде болған. 13 қаңтар күні Қорғалжын даласында айуандық танытқан үш браконьер «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-нің қос қорықшысын ес-түссіз жағдайда аязды түні айдалада қалдырған. Астана қалалық №1 ауруханасының дәрігерлері ауыр жаралы Ерлан Нұрғалиевтың жанын аман алып қалу үшін қолдан келгендерін істеп баққан. Бірақ, бәрі кеш еді. 15 қаңтар күні ол аурухана төсегінде көз жұмды. Айта кетейік, 53 жастағы Ерлан Нұрғалиев Ақмола облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы бойынша дене шынықтыру және әскери дайындық пәнінің мұғалімі. 2012 жылдың наурызынан бастап «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қарағанды тірек пунктінде орталық аймақтық филиалдың инспекторы қызметін атқарған.

Ержүрек қорықшының қазасынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары сан түрлі пікірлер жазуда. Браконьерлерді аяусыз жазаға тартып, қаза тапқан қорықшыны «Халық қаһарманы» атағына ұсыну, қорықшылардың еңбекақысын көтеру, оларды соңғы үлгідегі қажетті техникалармен жабдықтау мәселелерін де желі қолданушылары назардан тыс қалдырмаған.

Осы орайда, біздің өңірдегі қорықшылардың жағдайын білмек болып БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешев мырзаға хабарласқан болатынбыз.

– Соңғы санақ бойынша Батыс Қазақстан облысында былтырғы төлдерін есептемегенде 135 мыңға жуық киік тіркелген. Біздің мекеме қызметкерлері «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларымен бірлесе жүріп, қызмет атқаруда. Өңірде 48 инспектор қызмет істейді. Жасыратыны жоқ, айдың тең жартысын далада өткізетін инспекторлардың жалақысы мардымсыз. Іссапар шығындарын қосқанның өзінде 100 мың теңгедей айлық еңбекақы алады. Бұрын табиғат пайдаланушылардан түскен әр айыппұлдан 10 мың теңге Әкімшілік айыппұлдан 37% инспекторға үстемеақы төленетін. Қазіргі қолданыстағы заңда мәселенің бұл жағы қарастырылмаған. Браконьерлердің құрал-жабдықтары да, техникасы да мықты. Ал біздің инспекторлардың техникасы әбден тозған. Соған қарамастан қорықшылар өз міндеттерін адал атқарып жүр, – дейді ол.

Сәндібек   ЖОМАРТҰЛЫ

 

Р.S. Бет қатталып жатқанда, инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты үш күдіктінің Қызылорда қаласында ұсталғандығы туралы ІІД ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев хабарлады. Ұсталғандар уақытша тергеу абақтысында қамалды.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар