17.01.2019, 20:38
Қараулар: 996
«Мектепте мүшеқап тарату – өрескел қателік»

«Мектепте мүшеқап тарату – өрескел қателік»

Қазақ халқы баласын «Ұят болады!» деген бір-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Бірақ қазіргі күнде бұл сөздің құны жоғалды.  Өткен жылдың соңындағы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының елімізде кәмелетке толмаған қыздардың жоспарсыз жүктілігінің алдын алу мақсатында мектептерде тегін мүшеқап тарату керек деген мәлімдемесі көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Бұған қоса, 16 жас шамасында жүкті болып қалған қыздарға жасанды түсік (аборт) жасатуға рұқсат беру жөніндегі бастама да көптің көңілінен шықты деу қисынсыз. Әсіресе, әлеуметтік желілерде өз пікірін айтқан көпшілік бұлай жасау ұлттық табиғатымызға, дүниетанымымызға кереғар екендігін жазып жатты. Біз қоғамда кеңінен талқыланып жатқан осы мәселе жөнінде ғаламторды ақтарып, әрі ата-аналар мен осы салаға қатысты мамандардың пікірлерін  білген едік.

Ғаламтордағы   деректер

Ғаламтордан алған «Елана кз» сайтының келтірген дерегіне қарағанда,  еліміздегі жастардың 10 пайызға жуығы 14 жасқа дейін, ал 50 пайызға жуығы 19 жасқа дейін жыныстық қатынас жасап үлгереді екен. Жыныстық қатынас пен жасөспірімнің ерте жүктілігі, аборт және оның зияны туралы мектептен білмегендіктен де осындай жағдайға ұшырап жатады деген уәж айтады мамандар. Жасөспірімдер тек қауіпсіз жыныстық қатынас жасау шарттарын сақтамағандықтан жүкті болып жатқан жоқ. Бұл құбылыстың және бір себебі – мыңдаған жас қыз кәмелетке толмаған күйі ұзатылып та жатыр. Орта есеппен жыл сайын 18 жасқа толмағандардың 3000-ға жуығының некесі қиылады екен. Әсіресе, жасөспірім-көкөрім қыздардың арасындағы аборттың жыл сайын көбейгені қоғамды қатты алаңдатып отыр. Республика бойынша 2016 жылы кәмелетке толмаған 1418 мектеп оқушысы аборт жасатса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 2218-ге дейін жеткен.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша, өткен жылы БҚО бойынша 3082 аборт жасалып,  97 жасөспірім жүкті болып қалған. Мамандардың айтуынша, кейбір жасөспірімдер жеке емханалар мен медициналық кабинеттерге жүгінетіндік-тен, оларды  есепке алып, санаққа қосу мүмкін емес.

Еуропа елдерінде түсік жасатуға тыйым салу тәжірибесі бұрыннан бар. Испания мен Португалияда түсік жасатуға сот қана рұқсат береді. Ирландияда түсік жасауға мүлдем тыйым салынған. Алайда еуропалық елдердің  тәжірибесі көрсеткендей, әйелдер түсік жасату үшін басқа мемлекеттерге арнайы барады екен. Ғаламтордағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы республика бойынша 1000 әйел затына шаққанда 17,7 пайыз қыз-келіншек аборт жасатқан. Олардың дені – бала тууға қабілетті 18 бен 25 жас аралығындағы жастар. Елімізде 15-19 жас аралығындағы 1000 бойжеткеннің 36-сы босанған. Зерттеуге қатысқан 19 жасқа дейінгі жастардың үштен бірі жыныстық қатынасқа түсіп үлгерген. Ал Қазақcтанның барлық аймағынан 16 мен 19 жас аралығындағы 4360 бойжеткен қатысқан әлеуметтік сауалнама нәтижесіне қарасақ, олардың 16,7% жүкті болғанын көрсеткен. Көбісі бала туып алса, 22-сі түсік жасатқанын жасырмай айтқан, 16 қыз өздігінен түсік тастағанын жазыпты.

Ата-аналардың   да   айтары   бар…

 

Гүлман  ҒАЛЫМҚЫЗЫ,  Орал қаласы:

– «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді санасынан шығармаған аға ұрпақ ең бірінші босағадағы қызының тәрбиесі мен жүріс-тұрысын назардан тыс қалдырмаған.  Әрбір ана өз қызының пәк күйінде ақ босаға аттауына назар аударып, ашық-шашық жүруіне, бейсауат достарының үйіне қонып қалуына рұқсат етпеген. Мұның өзі тәрбие. Қазір қыздарды шешелері «Құрбымның үйіне қонам» десе, жібере салады. Өсіп, толысып, бойжетіп тұрған қызды бөтен үйге жіберу дұрыс емес. Ертеңіне оның түнгі клубта көңіл көтеріп келгенін біліп, санын соғып, қызына айқайлайды. Осылай ана мен  перзент  арасында жік пайда болып, өзіміз қыз тәрбиесін қолдан ақсатып алдық. Қазақы шеше мен әже «Қызым үйде, қылығы түзде» деген қағиданы ұмытпауы шарт.  Әрбір ана қызына адалдық, пәктік, ақ босаға, ақ неке туралы жиі айтып отырса, қоғамдағы қазіргідей келеңсіз жағдайлар орын алмас еді. Менің түсінігімде, ең алдымен әрбір ана өз  қызына  мұқият  болу  керек.

Оралбай  САТУОВ, зейнеткер,  медицина саласының  ардагері:

– Мектеп жасындағы балаларға мүшеқап таратып, жасөспірім қыздарымыздың түсік жасатуына жол беру –  біздің жас ұрпақты тәрбиелеудегі үлкен жеңілісіміз деп есептеймін. Жастардың «Қалаулым» сықылды азғын бағдарламалар арқылы санасын улап, ойына келгенін жасауға жол ашып қойдық. Сондықтан жасөспірімдерге ұлттық құндылықтарды көбірек насихаттауымыз қажет. Қазір теледидарда тәрбиелік мәні бар, ұлт зиялыларын дәріптейтін мазмұнды  бағдарламалар тым сирек, некен-саяқ.  Дұрысында, баласының оғаш қылығы үшін ата-анаға заң алдында қатал шара қолдану керек. Сонда ғана қазіргі бейбастақтық жойылады деп ойлаймын. Мектептегі тәрбие жұмысын жандандыру да – кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Баласының әр қылығы үшін ата-ана  жауап беруі тиіс.

Назгүл  ҚОЖАНБАЕВА, жас  ана:

– Өз балаларым кішкентай. Бірақ қоғамдағы осындай жайттар ана ретінде мені де ойлантады. Сондықтан «Ұлдарыммен неше жастан бастап ашық сөйлесуге болады?» деп мамандардан кеңес алып жүрмін. Негізі, ата-ана баламен досы сияқты сырласып, ашық сөйлесу керек. Сонда бала ұялмай ойындағысын айтады. Ер бала 13 жасқа толғанда ата-ана оған бәрін түсіндіріп, ашық айтқан жөн.  Бұл мәселе қоғамда бар болғандықтан, қыздарға түсік жасатқаннан гөрі, ер балаларға мүшеқап таратқан дұрыс шығар деп ойлаймын.

Мамандар  не дейді?

Луара  БАТЫРҒАЛИЕВА, облыстық  білім басқармасының  адамгершілік, рухани  даму  және  тәрбие жұмысы  бөлімінің  басшысы:

– Әр мектепте «Ұлдар», «Қыздар» клубы жұмыс жасайды. Есейіп келе жатқан қыздың гигиенасы, жалпы қыз баланың тәрбиесі жөнінде білім ошақтарында арнайы гинеколог маманмен кездесу ұйымдастырылады. Білім ошақтарындағы медбикелер де жасөспірім қыздарды үнемі назарында ұстайды. Жалпы, маман ретінде мектепте мүшеқап үлестіріп, түсік жасатуға рұқсат беру керек дегенге өз басым қарсымын. Қолдарына беріп қойғасын, жасөспірімдер «Бізге бәрін болады екен» деп, бұл мәселе одан да ушығып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да түсіндіру, әңгімелесу жұмыстары жүргізіле бергені дұрыс. Меніңше, жасөспірім қыздардың ерте жүктілікке ұрынуының ең басты себебі – ана мен қызы емен-жарқын әңгімелеспейді, сырласпайды. Белгілі ақын Шолпан Қыдырниязова апамыздың қыз баланың тәрбиесіне тек өзінің ата-анасы емес, бүкіл әулеті араласуы тиіс деген пікіріне өзім толықтай қосыламын. Апамыздың айтуынша, «Қызға қырық үйден тыйым» деген, қызды үйде қамап, ұстап отыру деген сөз емес. Ол қыздың тәрбиесіне айналадағы жанашыр жандардың бәрінің орынды араласуы, орынды атсалысуы керек деген мағынаны білдіреді. Мәселен, егер сол отбасының жақын досы қыздың оғаш қылығын байқап қалса, жанашырлықпен қыздың анасына дер кезінде жет кізіп, алдағы уақыттағы ықтимал ағаттықтың алдын алған ләзім. Бізді ата-анамыз қас-қабақпен тәрбиеледі. Қазіргі балаларда еркіндік байқалады. Негізі бала өз ойын ашық айта білу үшін еркін тәрбиелеген де дұрыс. Бірақ ноқтаны жіберіп қоймай, арасында тартып отыру керек. Ата-ана болудың өзі – орасан жауапкершілік, үлкен өнер. Сондықтан ұлттық тәлім-тәрбиеге көңіл бөліп, зиялы адамдардың әлеуметтік желідегі тәрбиелік ой-пікірін  көбірек  насихаттау  керек.

Ботагөз  АБДРАХМАНОВА, Орал  қалалық  білім  бөлімінің  әдіскері:

– Мектепте қандай шара өткізілсе де, ата-ананың келісімімен жасалады. Мектептерде мүшеқап таратуға рұқсат беру үшін де  ата-ананың келісімі қажет. Бірақ маман ретінде мұндай мәселенің алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет деп есептеймін. Жалпы осындай келеңсіз жәйттер  сирек болса да кездесетіні рас. Мүлдем жоқ деп айта алмаймын. 18-ге толмаған қыздардың арасында жүкті болып қалу да ұшырасады. Мектеп психологы біліп отырса да, мұндай жағдайды айта алмайды. Өйткені бұндай жәйттер құпия сақталып, ата-анамен келісім негізінде оқушымен жұмыс жүргізіледі. Бұл мәселеде қыздың анасымен жұмыстану керек. Мектептерде аналармен, әкелермен жұмыс жасалып жүр. Мектеп психологы жоспар бойынша жұмыстанады. Жоспарда жыныстық тәрбие туралы да айтылып, зерттеу, түсіндіру, жеке кеңес беру  жұмыстары жүргізіледі. «Мектепте оқушыларға мүшеқап таратты» дегенді өзім естіген жоқпын. Ата-ананың және  жасөспірімнің өзіне деген жауапкершілігін көтеру мақсатында мектеп қабырғасында көптеген жұмыс ұйымдастырылады. Жоғарғы сыныптарда достасып жүрген қыз бен ұлды мектеп психологы өз бақылауына алып, олармен қыз бен ұлдың арасындағы арақатынас туралы әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Ең бастысы, келеңсіз жағдай орын алмас үшін ата-ана үйден ұл-қызына дұрыс тәрбие беруі керек.

Қыз анасымен, ұл әкесімен сырласып, ашық әңгімелессе, бұл мәселе көтерілмес еді деп ойлаймын.

Лаура  ШАРКУБЕНОВА,

облыс  орталығындағы  №21 орта мектептің директоры:

– Бұл – өте өзекті мәселе. Ерте жастан жыныстық тәрбие туралы түсінік беру еуропалық отбасыларда қалыпты жағдай ретінде қарастырылады. Бірақ мектепте мүшеқап үлестіру тым артық деп есептеймін. Өйткені біздің мектепте жыныстық қатынаста өмір сүретін балалар жоқ. Бізде қыздардың тәрбиесімен айналысатын «Әжелер» клубы, «Қыздар» клубы бар. Бұл сұрақты біз әлі талқылайтын боламыз. Қазіргі уақытта мен бұл сұраққа «болады», «болмайды» деп үзілді-кесілді жауап бере алмаймын. Ал қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған ана ретінде де мен әлгіндей ұсынысты қолдай алмаймын. Өзіне керек ақпараттың бәрін бала қайдан да болса таба алады. Мектепте мүшеқап тарату, керісінше, балаларды ерте жастан жыныстық қатынасқа баруға итермелеуі әбден мүмкін.  Бұл – менің ана ретіндегі пікірім. Көп мектепте «Әкелер» клубы жұмыс жасайды. Біз бұл мәселені талқылаудан гөрі жасөспірімдердің тәрбиесіне жүйелі  көңіл бөлуіміз  керек.

Алтынай  ЕСҚАЛИЕВА,

«Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Жастардың жыныстық тәрбиесі – отбасылық өмірге даярлауда, ұлттың репродуктивті денсаулығын қорғауда маңызды міндеттердің бірі.  Қазір балалардың ерте жастан жыныстық қарым-қатынасқа қатысты тәжірибесі бар екені ешкімге де құпия емес. Екі жастың арасындағы шынайы қарым-қатынас, пәктік, тазалық туралы түсінік жастардың күлкісін тудырады. Сондықтан да біздің қоғам «Жасөспірімдерге мүшеқап таратып, түсік жасауға рұқсат беруіміз керек» дейтін жағдайға жетіп отыр. Қазақстандық қоғамды, соның ішінде қазақы қоғамды да рухани сауықтыру мәселесімен дендеп айналысатын кез жетті.

Бірінші орында гендерлік емес, ананың әлеуметтік беделін арттыратын мемлекеттік бағдарлама қажет. Ең алдымен, отбасылық  құндылықтарды жастарға көбірек айтуымыз қажет. Бірінші кезекте отбасын құрудағы азаматтық жетілуге мән беруге тиіспіз.  Екі жас отбасын құрардың алдында «Біз баламызға қандай тәрбие береміз? Қандай ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреміз?» деп ойлануы керек. Мектепте жыныстық ағарту, репродуктивті денсаулықты сақтау бойынша сабақтар болуы керек. Бірақ қолдарына мүшеқап беріп, «Енді ойыңа келгенді жасауға рұқсат» деуге болмайды. Балаға ұлттық философия,  психология, ұлттық дүниетаным  негізінде некелі жарымен ғана болуы керек қатынастың мәні мен маңызын, қадір-қасиетін ұғындыру тұрғысынан ғана әңгіме айтылуы керек. Мектепте мүшеқап тарату – өрескел қателік. Жасөспірім қыздардың түсік жасатуына да түбегейлі қарсымын! Ұлтты сақтап қаламыз десек, ұрпақтың азғындауына жол бермеуіміз керек!

Гүлнар  ИСАҒАЛИЕВА,

 Орал  қалалық №3 емхананың  отбасын  жоспарлау кабинетінің  акушері:

– Өзім отбасын жоспарлау кабинетінде жұмыс жасайтындықтан, қаламыздағы білім ошақтарын, колледждер мен жоғары оқу орындарын аралап, жастарға жыныстық тәрбие беру, қыздардың гигиенасы, жүктіліктен қорғану тақырыбында ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Осындай сәттерде жалпы түсіндіру жұмыстары біткен соң, кей жастар жанымызға жақындап, өздерін толғандырған сұраққа жауап алып жатады. Жасыратыны жоқ, қазір жастар жыныстық қатынасты тым ерте бастайды. Біздің кабинетке кеңес алу үшін келетін жасөспірімдер аз емес. Маман ретінде оларға бәрін түсіндіріп, түрлі жыныстық аурулардан, жүктіліктен қорғануда мүшеқаптың тиімділігі, ерте жүктіліктің жетілмеген ағзаға зиянзалалы туралы айтамыз. Негізінен, 15-17 жаста жасөспірім қыздың жүкті болуы әлі жетіліп болмаған ағза үшін өз зиянын тигізері сөзсіз. Бұл жерде кей жағдайда  ана мен баланың өміріне де қауіп төнуі мүмкін. Енді ол сәбиді дүниеге әкелген соң, өзі ақ-қараны айырып, оң-солын танып үлгермеген шөпжелке шеше бейкүнә сәбиді оны тәрбиелеп, қажетті жағдайын қамтамасыз ете ала ма? Міне, мәселе қайда?.. Жігіт-желең болсын, қыз-қырқын  болсын «ойнақтап» жүріп, жыныстық қатынас арқылы әр түрлі ауру жұқтырып алуы әбден мүмкін. Кейбір жыныстық аурулар мүлдем байқалмайды. Осыдан кейін кейбір қыздар мен жігіттер бедеулікке ұшырап жатады. Көп жастар осындай мәселелер барын ойламайды. Жүкті болып қалған жасөспірім қыздар әр түрлі қадамдарға барып жатады. Кей қыздардың рұқсат етілмеген түрлі  дәрі-дәрмектерді, қытайдың түрлі препараттарын  пайдаланып, кейіннен көп қан жоғалтып, қайғылы жағдайға душар болғаны туралы  естіп жүрміз. Өз тәжірибемде мұндай жағдай болған жоқ. Алда-жалда кез келген әйел,  қыз бала түсік жасатқысы келсе, емханаға барып, дәрігерлермен кеңесе отырып, шешім қабылдауы тиіс. Өз бетімен түсік тастау үшін әрекетке бару – заңға қайшы, яғни криминалды абортқа жатады. Бұның соңы ана өліміне де соқтыруы ықтимал. Сондықтан қандай қиын жағдайдың да өз шешімі бар екенін ескеріп, мамандарға жолығу керек.  Ерте жүкті болып қалу мектептерде кездеседі. Бұл жағдайда қыз бен жігіттің ата-аналарын жолықтырып, қажетті деген түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Көпшілік қыздар сәбидің әкесіне күйеуге шығады. Ал кей қыздарға ата-анасының рұқсатымен аборт жасалады. Біздің кабинет таңғы сағат 8.00-ден 15.30-ға дейін жұмыс жасайды. Қазір түрлі сұрақтармен кеңес алуға келетін жігіттердің де қарасы көбейді. Сондай-ақ жас жұбайлардың жоспарлы жүктілікке ден қойып, екеуі бірдей қаралып, емделіп, кеңес  алып жүргендері де маман ретінде бізді қуантады.

Ұл мен қыз өсіріп отырған кез келген ата-ана ұлының мектептен мүшеқап әкелгенін көргісі келмейтіні анық. Мектеп – балаға  саналы тәрбие мен сапалы білім беріп, қа­рым-қабілетін шыңдап, үлкен өмірге қанаттандыратын киелі орын. Әр түлек мектеп қабырғасындағы ерекше тазалыққа, пәктікке толы шынайы балалық, балғын сәттерін сағынышпен еске алады. Бір сыныпта ерте есейген балалар да  немесе әлі сәбиліктен арыла алмай жүрген ұл-қыздар да болуы кәдік.  Сондықтан «сау» балалардың санасын мүшеқаппен улауға болмайды. Біз тілдескен ел-жұрттың басым бөлігі мектепте мүшеқап таратып, 16 жастағы қыз балаға атаана­ның рұқсатынсыз аборт жасатуға түбегейлі қарсылық танытып, мұндай қадам өрескел қателік деген бағытта пікір біл­дірді. Шынымен де, мектеп жасындағы бозөкпе ұл­дарға мүшеқап таратумен және мектеп қабырғасындағы жас­өспірім-көкөрім қыздарға жасанды түсік (аборт) жасатумен  мәселе  шешіле  ме? Сіз  не  дейсіз,  оқырман?

Ел-жұрттың   пікірін   жазып   алған

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар