17.01.2019, 20:09
Қараулар: 54
Ынжық еркек қайдан шығады?

Ынжық еркек қайдан шығады?

Жаңа жыл мерекесінен кейінгі қаз-қатар келген демалыс күндердің бірінде отбасыммен киноға барудың сәті түсті. Шыны керек, күнделікті күйбең тірлікпен жүргенде мұндай мүмкіндіктің бола бермейтіні де жасырын емес. Қаладағы кинотеатрлардың бірінде теледидардан жарнамалап жатқан «Құдалар» атты фильмнің тұсаукесері жүріп жатыр екен. Ұзын-сонар кезекке тұрып, әрең дегенде кезекті көрсетілімге билет алдым. Жанры комедия болса да, киноның атына қарап ұлттық құндылығымызды ұлықтайтын, салт-дәстүрімізді насихаттайтын құнды бір дүние күткен көңілім фильмнің алғашқы минуттарынан-ақ су сепкендей басылғаны. Кино сыншысы болмасақ та, туындының көңіліме қонбаған тұстарын тізбектеп көрейін.

Көркем фильм бір-бірін құлай сүйген қазақ жігіті мен қызы, олардың қосылуына қарсы болған ата-аналарының іс-әрекеті желісінде өрбиді. Қалада өскен қыздың ата-анасы ауқатты жандар. Болашақ қалыңдықтың анасы қазіргі тілмен айтқанда, түкірігі жерге түспеген «бизнес леди» болса, әкесі қарапайым үй шаруасындағы, бейнелеп айтқанда, отбасы, ошақ қасындағы еркек. Ал жігіттің ата-анасы шал-ғайдағы ауылдың қарапайым тұрғындары. Бірақ бұл шаңырақта да әкеге қарағанда, ананың билігі басым екендігі бірден анық байқалады. Сонымен, ата-анасы-ның қарсылығына қарамастан, қыз болашақ өмірлік серігін жанұясымен таныстыру ниетімен үйіне алып келеді. Бар сорақылық осы тұстан бастау алады. Қыздың үйіндегі танысу дастарқаны. Төрдегі орындыққа шыттай болып киінген анасы отыр (дұрысы, анасының рөлін сомдаған ер адам). Ал асқар таудай әке алдына алжапқыш тағып, ас үйде жүр. «Мынау менің өз қолыммен дайындаған «фирменный» тағамдарым» деп үстел үстін толтырумен әлек. Қыз да болашақ жігітіне алдымен анасын мақтауын жеткізіп-ақ таныстырып, кезек әкесіне келгенде «Әкем үй шаруасында» деп қысқа қайырады. Болашақ қалыңдық жігіттің отбасымен танысуға барған сәтінде де жұбайына сөзі жүрмейтін отағасының ыдыс-аяқ жуып отырған  тұстары  тағы  бар.

Қысқасы, фильмде бұл отбасын әйелі билейтін, ер адамның сөзі жүрмейтін екі жанұяның тірлігі баяндалады. Соңғы уақытта қоғамдағы, отбасындағы әкенің рөлін арттырамыз деп тыраштанып жүргенімізде, мұндай туындылар сол ісімізге кереғар емес пе деген ой келеді. Онсыз да бүгінде теледидарды қоса қалсаңыз, әйел кейпіне енген ер адамнан көз ашпайсыз. Көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлауға бағытталған «Әзіл әлемі», «Шаншар», «Алдараспан» секілді театрлардың кештері де етекті киім киіп, орамал тартқан ер адамның қатысуынсыз өтпейтіндігі шындық. Оған соңғы кезде отандық арналардан жиі көрсетіліп жүрген «Келинка Сабина», «Келіндер», «Зың-зың Күлпаш» секілді телехикаяларды қосыңыз. Қазіргі уақытта еркектің елдің алдына әйел кейпінде киініп шығуы қарапайым қалыпты жағдайға  айналғандай  көрінеді.

Кеңес заманында өскен біз секілді ұрпақ үшін әкенің рөлі ерекше еді ғой. Әкеміздің орамал тартпақ түгілі, асүй жұмысына, ыдыс-аяқ жууға мүлдем араласпағандығын көріп өстік. Біздің түсінігімізде әке үйдің асыраушысы, қамқоршысы, қорғаны болатын. Ал анамыз асқар тау – әкеміз тырнақтап тапқан дүниені үйлестіруші еді. Тіпті бала кезімізде әкеміз дауыс көтеріп, ұрысып немесе қол көтеріп көрмесе де, анамыздың «Әкелеріңе айтамын!», «Әкелерің келе жатыр!» деген бірауыз сөзінен ығысатынбыз. Өзімізше ер жетіп, жігіт болған шағымызда да көшеге шығу үшін әкенің рұқсатын алатынбыз. Ол кезде де теледидардан кино да, түрлі бағдарлама да көрсетілетін. Бірақ  тап қазіргідей сорақылықты сол  кезде  байқамайтынбыз…

Әр шаңырақта әкенің орны ерекше болуы керек. Әке –  отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Ал экраннан әйел болып киініп алып, аузына келгенін  айтып тұрған ер адамнан жас жеткіншек не тәрбие алады? Ыдысаяққа араласатын әкені көріп өскен ұрпақ мұны қалыпты жағдай деп қабылдауы әбден мүмкін. Содан келіп сөзі өтпейтін, ынжық, бос белбеу еркектер көбейе түсері анық. Өкі-нішке орай, ондай еркеккіндіктілерді көріп  те  жүрміз.

Әрине, еліміздің кино индустрия саласының дамығанына біз де қуанамыз. Дегенмен, кино немесе бағдарлама түсірудің бағыты осылай екен деп мән-маңызы жоқ, өскелең ұрпаққа теріс бағыт беретін дүмбілез дүниелерді жарыққа шығара беру  қаншалықты  қажет?..

Әйел  боп  ойнайтын   еркектер

Бүгінде сахнада әйел болып ойнау арқылы танылған актерлар жетерлік. Олардың кейбірі әртістік шеберлігін көрсетіп, түрлі рөлдерде ойнап жүрсе, бірқатары сол бір ғана әйел кейпімен шектеліп жататыны жасырын емес. Caravan.kz медиапорталы әйел бейнесін сәтті сомдап жүрген бірқатар әртістердің топтамасын жасаған екен.

Осы бағыттағы отандық әртістер тізімін «Шымкент шоу» театрының актері  Берік Тұрсынбеков  бастап тұр. Күлпәш образы арқылы көпшілікке тез танылған актер – әйелдер образын ең көп сомдағандардың бірі. Тіпті оған бір кездері әйел бейнесін сомдай бергені үшін біраз сын да айтылды. Сондықтан болар, Берік Тұрсынбеков кейінгі кездері әйел бейнесінде көрінуді сиреткен  секілді.

«Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрының актері  Жанболат Найзабеков те нәзік жандының бейнесі арқылы белгілі. Аталған театрда әйел рөлі көбіне Жанболатқа жүктеледі. Бірақ Жанболат әйел образынан да басқа кейіпкерлерді  сәтті  сомдап  жүр.

«Жайдарман» арқылы танылған өнерпаздың бірі – Нұрбол Айтулов. Бүгінде ол – «Нысана» театрының белді актері. Кей кездері жас қыздар мен әйелдер, тіпті жас бала рөлдері арқылы жиі көрініп  қалады.

Актер  Нұртас Адамбаев  Сабина келін бейнесі арқылы ерекше есте қалды. Сондай-ақ ел ішінде шу туғызған «Келинка Сабина» фильмінде басты рөлде көрінді.

Қазақстан киносыншылар қауымдастығы 2015 жылы Нұртас Адамбаевқа осы бейнесі үшін «Үздік әйел  рөлі»  аталымын  табыстады.

Тұрсынбек  Қабатов  әйел образында көрінген актерлар қатарына жатпайды. Дегенмен оның «Алып қашу операциясы» фильмінде әйелдің бейнесін сәтті сомдағаны  есімізде.

Ерболат Төлегеновты халық тек Шімән апа рөлінде таниды. Кемпір бейнесімен көрініп жүрген Ерболат Төлегеновке де әртіс түрлі рөлді сомдай білу керек деген мағынада біраз сын айтылған болатын. Бірақ Ерболат әлі де Шімән  апа  рөлінен  шыға  алмай  жүр.

«Шаншар» театрының актері Нұржан Құлшынбаев  та келіншек рөлі арқылы кеңірек танылды. Әртістер арасында «Томпақ Нұржан»  деген атпен танымал. Дегенмен ол «Әйел рөлін сомдай беруден жалықтым. Халық мені қолынан басқа ешнәрсе келмейді деп ойлайтын сияқты» – деп басылымдардың біріне ағынан жарылған  болатын.

Нұрбек    ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар