17.01.2019, 20:06
Қараулар: 162
«БІЗ, ЕҢ ӘУЕЛІ, БІР-БІРІМІЗГЕ КЕРЕКПІЗ…»

«БІЗ, ЕҢ ӘУЕЛІ, БІР-БІРІМІЗГЕ КЕРЕКПІЗ…»

Ақ пен қара арбасқан өмірдің сын сәттерінде сынақты бірге көтеріп, қайғыңды бөлісер жанашыр жанның жаныңнан табылуы – жарты бақыт. Ал егер осы жан өмірлік серігің болса, нағыз бақыт сол емес пе? Сынаққа сынбаған, сезіміне адал жандарды көрдім. Көріп отырып, адал махаббат бар екендігіне, еш  нәрсеге  қарамастан, қиындыққа қалдырмайтын, ақ  некеге  ақыр  аяғына дейін  адал  боламын деген сертіне  берік  ер-азаматтың қажырына, ерте сөнген шамшырағы – марқұм қызының суретін сипап отырып, жан жарының жаны ауырмасын деп үнсіз жылаған қамқорлығына тәнті болдым.

Кезінде Қазталов ауданына қарасты Болашақ ауылдық округінің Жаңатаң (бұрынғы атауы – Мирон) ауылында тұрған Нұржан Төлешқалиев пен Нұрлы Сұлтанғалиева – сертіне адалдық пен шынайы сыйластықтың айнымас үлгісі. Олардың отбасында Назерке деген қызғалдақ ата-ана махаббатына сусындап, әп-әдемі болып бойжетеді. Мектепте, кейін Орал қаласындағы медициналық колледжде үздік оқуымен, волейбол және теннисті шебер ойнауымен, өз ортасында бастамашылдығы және ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен ерекше көзге түскен ата-анасының көз қуанышы, үкілеген үміті аяқасты үзіледі деп кім ойлаған?! 2013 жылы медициналық колледждегі оқуын сәтті аяқтап, Орал қаласындағы №2 емханаға енді ғана қызметке орналасқан Назерке Нұржанқызы тағамнан улану салдарынан қайтыс болады. «Барым да, нарым да бір тал гүлім» деп әлпештеп отырған ата-ана үшін аса ауыр соққы болды бұл қаза.

– Қызымыз медициналық колледждегі оқуын бітірген кезде «Ата-анам жанымда болғанын қалаймын, қалаға келсеңіздерші» деген тілегін аяқасты етпей, Оралға көшіп келдік ағаң екеуміз. Нұржан Самара жаққа жұмысқа барыпкеліп жүрді, өзім «Сокол» әскери бөліміне еден жуушы болып жұмысқа орналастым. Кейін аспаздың көмекшісі болып ауыстым. Ел қатарлы тірлік кешіп жүргенімізде қызымыздан айрылып қалдық. Сол сәтте бұл дүниенің бәрі күйрегендей күйде болдым, – деп бастады әңгімесін Нұрлы апа.

Жан жарасы жүйке жүйесіне салмақ салғандығының салдарынан Нұрлы апаның денсаулығы күрт нашарлап, жалғызын жоқтап, жасы тоқтамаған қос жанары бірдей көруден қалады. Дәрігерлер-дің айтуынша, қатты күйзеліс, уайым салдарынан мидағы көздің көруін реттейтін тамырлар байланып қалыпты. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, көп ұзамай екі аяғын баса алмай, бел омыртқасы салданып, мүлде төсекке таңылып қалады. 2014 жылдан бастап І топ мүгедектігі белгіленген, медициналық құжаттамада диагнозы «Омыртқа кеуде бөлігінің жіті жұлын қабынуы (миелит), төменгі параплегия, жамбас мүшелері қызметінің бұзылуы» деп көрсетіліпті. Содан бері арада бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт бойы Нұрлы апаның ем-домы, күтімі ғана емес, бір үйдің барлық шаруасы Нұржан ағаның мойнына жүктеледі. «Шаршадым» демейді аға. «Бұдан да қиын кезден өткенбіз. Дәстүрлі медицинадан бөлек, қанша емшіге бардық, барлығының айтатыны «Адам болмайды, аз ғана ғұмыры қалды» деген сөз болды. Сенбедім. Қалай да аяғынан тік тұрғызамын, берілмеймін деп тастүйін бекідім. Біз, ең әуелі, бір-бірімізге керекпіз», – дейді жанарына мейірім тұнған аға.

«Менің өмірге деген құлшыны-сымды арттырып, өшкен үмітімді қайта жағу үшін жанын салып келе жатқан өмірлік жарыма өлшеусіз қарыздармын. Былтырғы жылдың қыркүйек айына дейін жағдайым мүлдем мүшкіл болатын, төсекке таңылып, катетермен жататынмын. Белім ұстамайды, соның кесірінен екі аяқта дәрмен жоқ. Сол кезде қыстыгүні ақ қар, көк мұзға қарамай, мені ауруханасына да, «осы жақсы қарайды» деп естіген емшілердің бәріне де апарды. Катетер құрғыры қатып қалады суыққа, үйде болғанда қайта-қайта бітеліп қалып, діңкені құртатын. Бұл бастан не өтпеді, көкем-ай?!» – деп Нұрлы апа күрсініп алды.

Апаның айтуынша, біраз емші  «адам болмайды» деп, емдеуден  бас тартқан бұл кісіні Бәйтерек  ауданының Новенький ауылындағы Мейрамбек Жоламанұлы деген емші ине терапиясы әдісін қолдану арқылы емдепті. Жағдайды естіген емші жанашырлық танытып, көрсеткен ем-домы үшін ақы алмапты. «Мейрамбек Жоламанұлына алғысымыз шексіз» деп жарыса айтады Нұржан аға мен Нұрлы апа. Қазірде Нұрлы апа денесін толық тіктей алмағанмен, жүріс арбасына (ходунок) сүйеніп тұруға, өз бетінше әжетханаға барып келуге қауқарлы. «Алдағы уақытта ем алуды жалғастырсам, бұдан да жақсарып, әлі-ақ екі аяғымнан тұрып кетемін» деген үміті зор.

Ертеңгі күнге деген үмітті өшір-меуге, сынаққа сынбай, бәрін бірлесіп еңсеруге бел буған бұл жандарды баспана мәселесі қатты қинайды. Ауылда қара шаңырақ – екеулеп құрған отаулары, қыз-дарының ең тәтті сәттері өткен қараша үй бар екен. Ол жаққа барып тұруға мүмкіндік жоқ. Нұрлы апаның алатын ем-домы, күтімі үшін облыс орталығы қолайлы болып тұр. Ал Оралға келгелі қаланың әр ауданынан пәтер жалдап, әр баспананы сағалап келеді. Отағасының мүмкіндігі шектеулі зайыбының күтімімен отыратынын көрген пәтер иелері «Әйел адам қарамаған үй азып кетеді» деген желеумен маңдарына да жуытқылары келмейді екен. Осыдан төрт айдай бұрын жалға алған пәтерлері Бәйтерек ауданының Достық (РТС) ауылында. Екі қабатты үйдің бірінші қабатындағы бір бөлмелі баспана үшін олар коммуналдық төлемдерді қоса есептегенде, ай сайын 40 мың теңгедей төлейді екен. «Қала ішіндегі пәтерлер бұдан да қымбатқа шығады» – дейді Нұржан аға. Нұрлы апаның І топ мүгедектігі үшін алатын 60 мыңның шамасындағы зейнетақысы мен Нұржан ағаға мүмкіндігі шектеулі жанның жеке көмекшісі болғаны үшін «Жеңіс» мүгедектер қоғамдық бірлестігі төлейтін 15-20 мың теңге төлемақыға жан бағып отыр екеуі.

«Достық ауылы мен Орал қаласының арасына жолаушы тасымалдайтын аутобустар әр үш сағат сайын жүреді. Көбіне оны күтпей, ауруханаға, басқа да шаруаларымызбен шыққанда таксиге отырамыз. Оларда жолақы – кісі басына 250 теңге, Оралға бір барып келгенде бір адамға 500 теңге кетеді. Азық-түлік, үйдің керек-жарақтарын алатының тағы бар, сөйткенде, баспанаға қаржы жинау мүмкін болмай тұр. Арқа сүйеп баратындай ауқатты жақынымыз жоқ. Ағайын-бауырлардың әрқайсысының өз отбасы, күйбең тіршілігі бар. Кезінде Нұрлыны Қызылорда, Ақтөбе, Алматыға дейін апарып қаратқан кезімде тума-туыстың көмегі көп тиді, сол үшін ризамын», – дейді Нұржан аға.

Бұдан бөлек, әр алты ай са-йын медициналық портал арқылы жоспарлы ем алу үшін ауруханаға жатады екен Нұрлы апа. Соңғы рет былтырғы жылдың сәуір айында жолдамамен қаралғандығын, тоғыз айдан астам уақыт өтсе де, ем алар күні жеткізбей жатқанын айтып, уайымдап отыр. Жыл сайын әлеуметтік қорғау құрылымдары тарапынан шипажайға тегін жолдама ұсынылады екен, бірақ бір «әттеген-айы» – Нұрлы апаны жетектеп алып жүретін, күндіз-түні күтімін қамтамасыз ететін Нұржан ағаға жолдама қарастырылмаған, баратын болса, өз қалтасынан төлеу керек болады. «Мүмкіндік болмай тұр, әйтпесе, жыл сайын берілетін жолдамадан бас тартпас едім. Емдік ванна, тұзбен, балшықпен емдеу шараларының себі тиіп, тезірек қалпына келер ме еді, бәлкім», – дейді аға.

Көкейлерінде «Бізге бір бөлмелі жатақхана да жарар еді. Әжетханасы ішінде болса, жетіп жатыр. Қаланың ішінен немесе Новенький ауылынан болса, ем-дом алуға тасымалдауға тіпті жақсы болар еді. Уақытша тұруға рұқсат берсе, зейнетақымызды шотқа салып, баспана алсақ дейміз» деген қарапайым ғана жоспарлары, жүректерінде Назерке туралы сағаттап айтса да, таусылмас шексіз сағыныш бар, жанарларында болашаққа деген зор сенім, көкіректерінде мейірімді  жүрек  бар  екеуінде.

Қоштасарда Нұрлы апаның «Жас кезімізде ойға алмаппыз, енем үнемі «Қалай бағамын?» деген болмайтын сұраққа бас қатырмау керек ешқашан. Не де болса, жақсының бар болғаны жақсы» деп айтып отыратын. Әбден үлкейгенде ғана байыбына барып, ұқтым. Денсаулығым болмай, Назеркеден кейін құрсақ көтере алмадым. Қызымның ес білгелі «Жалғыз қыз болған қиын, бауырым болса деп армандаймын. Бала асырап алу жағын ойлап көріңіздерші» деген өтінішіне уақтылы құлақ аспағанымызға ішім удай ашиды. Өкінгенмен, өткен оралмайды…» деген сөзі терең ой салды.

Жақсылыққа жаны құштар жандар көп екеніне сенемін шын көңілден. Қолынан келген көмегін мұқтаждардан аямайтын ақжүрек жандар, атымтай жомарт азаматтар әр күніне шүкір айтып, ертеңгі күнге деген үмітті талғажау етіп отырған, алақан жайып сұрауға арланатын ақкөңіл жандарға кө-мек қолын созса, қандай жақсы! Үміттің үзілмеуіне үлес қосайықшы. Қолұшын созамын деген жандар үшін төменде Нұржан ағаның атына ашылған есепшот нөмірін көрсетуді жөн көрдік.

Kaspi Gold карточка нөмірі

5169 4931 8053 3922

Толешкалиев Нуржан Галимжанович

ЖСН 610204302499

Байланыс нөмірі:

8-777-872-37-04

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»,

Бәйтерек  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.