17.01.2019, 20:04
Қараулар: 169
Сапалы ауыз суға кенелтетін жаңа жоба

Сапалы ауыз суға кенелтетін жаңа жоба

Батыс Қазақстан облысының  әкімі  Алтай Көлгінов сейсенбі күні жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды.

Өңір басшысы әуелі Шолақаңқаты ауылдық округінің тұсына аялдап, жергілікті шаруалармен кездесті. Осы әңгіме-дүкен барысында «Қарағанды» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Аткаев мал шаруашылығы саласын мемлекет тарапынан қолдау мақсатында берілетін субсидиялардың кешіктірілу себебін сұрады. Алтай Көлгіновтің айтуынша, бұл мәселе жуық арада өзінің шешімін тауып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен қаңтар айының соңына дейін Батыс Қазақстан облысының шаруаларына тиесілі 1 млрд. 100 млн. теңге көлеміндегі демеуқаржы (субсидия) толықтай төленетін болады. Осы сияқты ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды демеуқаржылауға қатысты мәселелерді «Раушан» шаруа қожалығының жетекшісі Берік Айтақашев  тілге  тиек  етті.

Шолақаңқатылық шаруалардың өңір басшысымен кездесуінде Тоғанас ауылының 12 шақырымдық кірме жолын күрделі жөндеу мәселесі де айтылды. Бұл жұмыс күні ертең жүзеге асады деп айту қиын, себебі, биыл өңірде облыстық, халықаралық маңызы бар аутожолдар  жөнделмек.

Мұнан соң облыс басшысы аудан орталығындағы жергілікті атқамінерлердің жиынына қатысты. Жиналыстың күн тәртібінде Кеңащы елді мекеніндегі жер асты су  қорынан Жымпиты ауылына ауыз судың жаңа желісін тарту мәселесі талқыланды. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің айтуынша, құны 2 млрд. 433 миллион теңгені құрайтын бұл ірі жоба жүзеге асса, Жымпиты және Өлеңті ауылдарынан бөлек, бүгінгі күні ауыз су тапшылығын сезініп отырған Жырақұдық, Қособа, Шағырлой, Бұлан және Жамбыл сияқты жеті бірдей елді мекенге ауыз су құбыры тартылып, 9862 тұрғын топтық су құбыры арқылы таза ауыз сумен қамтылады деген жоспар бар.

Бұл жобадан тыс, биыл Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Тоғанас, Құспанкөл және Аңқаты ауылдары дербес ұңғымалар арқылы ауыз су торабына қосылады. Жобаның құны 755 миллион 700 мың теңгені құрайды. 2019 жылы құны 447 млн. теңгені Боқай нүктесінен су тарту жобасы да жүзеге асып, Жетікөл ауылдық округіне қарасты Қосарал мен Жетікөл ауылдарына да таза ауыз су желісі жеткізіледі  деген жақсы жаңалық бар.

Жымпиты ауылын Кеңащы жер асты су қорынан сумен қамтамасыз ету туралы жобаны облыс әкіміне «Қазэкологияжобалау» ЖШС директоры Ерлан Әбдіров таныстырды. Сараптама кен орнындағы судың өнімділігі секундына 25 литр деп, ал өндірілген судың құрамында темір 13 есеге, минералдар 1 есеге артық деген қорытынды беріпті. Жобалаушы маман Кеңащы су кен орнындағы судың өнімділігі мен ауыз судың сапалық қасиетін жоғары деп бағалап отыр. Жоба бойынша 77 шақырымды құрайтын жаңа су желісі үшін кен орнының басындағы бірінші су көтеру алаңынан үш ұңғыма қазылмақ. Ұңғыманың біреуі қосымша ұңғыманың қызметін атқаратын болады. Су көзін пайдалану мерзімі  25 жылға есептелген.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылдың соңында жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мемлекет үшін халықтың өмір сүру сапасын арттыру маңызды екенін айтты. Өмір сүру сапасы жол, су, тұрғын үй секілді басты қажеттіліктерді түгендеуден басталады. Бұл бағыттағы ірі жобалар біздің өңірімізде жылма-жыл жүзеге асып келеді, сәйкесінше биыл да жүзеге асырылмақ. Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы наурыз айында Бөкей ордасы ауданы бағытындағы аутокөлік жолының құрылысы басталады. Бұл жаңалықты Тәуелсіздік жылдарындағы елеулі оқиғалардың қатарына қосуға болады. Биыл Ресей Федерациясының Орынбор қаласы бағытындағы жолды да жөндеу жоспарымызда бар. Жымпиты ауылын Кеңащы жер асты су қорынан сумен қамтамасыз ету жобасы да – осындай ірі жобаның бірі. Егер су мәселесі шешілсе, халыққа үлкен қолдау. Жымпиты – үлкен жолдың бойында орналасқан елді мекен. Самара – Шымкент халықаралық аутомагистралі көлік ағынының көптігімен тиімді. Жолдың тиімділігін Сырым ауданы өзінің мүддесіне пайдалануы керек. Егер жолдың бойында транзиттік аутокөліктердің мұқтажын өтейтін қызметтер көрсетілсе, қаржы табудың жақсы мүмкіндігі  бар. Биыл аудан орталығында ірі кемпинг іске қосылады. Жаңа кемпинг жолдың игілігін пайдаланудың жақсы мысалы болады, – деді Алтай Сейдірұлы жиналыстағы сөзінде.

Жиналыстан кейін өңір басшысы Сырым ауданының белсенді жастарымен жүздесті. Жүздесуде жастар облыс әкімімен ауылға қызмет ету, ауыл жастарының дамуын әртараптандыру мәселелері туралы пікірлесті. Жас мамандардың ауылға келіп еңбек етуі – ауылды көркейтуге үлес қосудың, елге қызмет қылудың бір көрінісі десек, сол көрініске мысал бола алатын жастар Сырым ауданында жетерлік. Сырым аудандық орталық ауруханасының дәрігер хирургі, «Жыл үздігі – 2018» Батыс Қазақстан облысы жастары сыйлығының «Үздік жас дәрігер – 2018» аталымының иегері Қасым Бисенғалиев те 7 жыл білім алып, туған ауылына оралған жас мамандардың бірі. Облыс әкімі жас дәрігердің қызметіне табыс тілеп, жергілікті жастарға ауданның денсаулық сақтау саласына жас мамандарды тарту жұмыстарын бәсеңдетпеуді, керісінше, насихат жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуді  тапсырды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов түстен кейін «Жібек жолы» шаруа қожалығының Мұқай қыстағында болды. Мұқай қыстағында бүгінгі күні  қора-қопсыдан бөлек, шаруашылықтың қызметкерлері тұратын 5 тұрғын үй бар. Қожалықтың малы Мұқай қыстағында және қосымша тағы екі орында қыстатылуда. Қожалықта барлығы  30 адам еңбек етеді.

«Жібек жолы» шаруа қожалығы – асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі. Шаруашылықтың бағымында 800 ірі қара, оның ішінде қазақтың ақбас сиыры мен герефорд сиыры, сонымен бірге 800 ұсақ мал және 40 шақты түйе бар. 800 жылқы тебінде жүр.

Қожалық жетекшісі Ғанимат Нұрмұхановтың айтуынша, асыл тұқымды ірі қараны көбейтумен айналысатын шаруашылық кейінгі жылдары өнімдерін сатуды да жолға қойып үлгеріпті. Былтырғы жылдың өзінде ауданның екі шаруашылығы «Жібек жолы» шаруа қожалығынан 92 бас ақбас сиыр мен 139 бас герефорд тұқымды ірі қараны сатып алған. Шаруашылық алдағы уақытта қымыз бен шұбат өндірісін, сонымен бірге былтыр салынған су жаңа мал сою алаңының жұмысын жаңа деңгейге  көтеруді  жоспарлап отыр.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы