17.01.2019, 14:52
Қараулар: 786
Шаңғыны қалай таңдайды?

Шаңғыны қалай таңдайды?

Бүгінгі  күннің  сауалы

Биылғы қыс қарға керім жомарт болып тұр. Өз басым қысқы саф таза ауамен тыныстап, бейбіт күннің, тыныштықтың аясында мүлгіген қысқы орманды тамашалап, шаңғымен серуендегенді қатты жақсы көремін. Демалыс күндері «Динамо» спорт базасынан шаңғы алып, Хан тоғайына шығып, шаңғы теуіп тұрамын. Енді өзім шаңғы мен осы спорт түріне лайықталған арнайы аяқ киім сатып алайын деп едім. Сол себепті сіздерден сұрарым, шаңғы мен арнайы бәтеңкені қалай таңдайды, сондай-ақ шаңғыға қандай күтім керек? Міне, осы  мәселе жөнінде маман кеңесін жарияласаңыздар екен.

                                                                      Ерболат  ЖҰМАЖАН,

Орал  қаласы

 

 

Сергей КУДРЯВЦЕВ,

шаңғы жарысы бойынша облыстың бас бапкері,

спорт шеберлігінен  үміткер,

Президенттік  көпсайыс  бойынша спорт шебері,

Қысқы  спорт түрлері бойынша Батыс  Қазақстан  облыстық балалар-

жасөспірімдер мектебінің бапкері:

Біздің облысымызда шаңғы спортына қызығушылық танытып жүрген жандарға оны таңдау аса қиындық тудыра қоймайды, ал кәсіпқой спортшылар шаңғыны көбінесе Ресей Федерациясынан тапсырыспен алдыртып жатады. Шаңғыны кәсіби тұрғыда меңгеремін десеңіз, сапалы түрін таңдауыңыз керек. Ал сапалы шаңғы мен арнайы бәтеңкенің бағасы біраз қымбат. Мысалы, ең жақсы шаңғы бәтеңкесі қазіргі кезде 200 мың теңгенің шамасын құрайды. Ал бекітпе, таяқшасын қоспағанда, жай ғана шаңғының бұрын қолданыста болғанының өзі кемінде 50 мың теңге тұрады. Қарапайым шаңғының салмағын шамамен 1 келі шамасында деп алатын болсақ, спорттық шаңғы бар болғаны 400 грамды құрайды. Ең жақсы деп «Fischer» шаңғысын айта  аламын, сонымен қатар «Atomic», «Salomon», «Madshus» фирмаларының шаңғылары сапалылар санатынан. Ал әуесқой шаңғышылар үшін «Nordway» фирмасын ұсынамын, өйткені бұл фирма өнімдері қолжетімді бағамен сатылады. Орта есеппен 25 мың теңгеге шаңғы мен бәтеңке жиынтығын сатып алуға болады.

Шаңғының бәтеңкесін таңдаған кезде оның ыңғайлылығына баса  мән беру қажет. Бәтеңке аяғыңызға тар болса, аяғыңыз тез тоңып қалады, ал үлкен өлшемді бәтеңке сырғанау кезінде біраз ыңғайсыздық тудырады. Әуесқой шаңғышылар үшін 15 мың теңгенің бәтеңкесі жарап қалады. Бірақ сапасы мен материалын салыстырып көрсеңіз, айырмашылық жер мен көктей екендігін түсінесіз. Кәсіпқой шаңғы түріне арналған бәтеңкенің материалына карбон, сонымен қатар аяқтың тыныс алуына мүмкіндік беретін өте жеңіл материалдар қолданылады. Бұл өз кезегінде қозғалыстың жылдамдығын қамтамасыз етеді. Осы спорт түріне ынта танытып, тұрақты түрде сырғанауға бел буған жандарға арнайы термошұлық алуға кеңес беремін. Бағасы 5 мың теңге шамасындағы бұл шұлық аяқтың температурасын бір қалыпта ұстайды, соның арқасында аяғыңыз тоңбайды әрі терлемейді де. Бағасы қымбат дегенмен, бір термошұлықтың өзі бес-алты жыл қолданысқа шыдас береді. Кәсіпқой шаңғышылар көбінесе карбоннан жасалған бәтеңкені таңдайды. Оның ерекшелігі – сырғанау алдында жарты сағат жүргеннен кейін дене температурасының қызуы салдарынан бәтеңке спортшы аяғының өлшеміне сай өзгеріп, кез келген қалыпқа лайықталады. Өз басым «Fischer Speed Max», «Salomon» фирмаларының  бәтеңкелерін  таңдауға  кеңес  беремін.

Шаңғы таяқшасының ұзындығы шаңғышының қай жүрісті таңдауына байланысты. Мысалы, классикалық жүрісте таяқша ұзындығы иықтан аспауы керек, ал сырғылық (коньковый) жүріс үшін мұрын деңгейінен аспайтын ұзындық таңдалады. Ең сапалы әрі ыңғайлы таяқшалар деп «Swix», «KV+» фирмасының өнімдерін атап өтуге болады. Ал шаңғышының серуенге арналған киімі еркін қозғалысқа ыңғайлы болуы, тым қалың болмауы, денесін қысып тұрмауы тиіс. Дене белсенді қозғалыста болатындықтан, тоңып қаламын деп қорқу негізсіз. Керісінше, тым қалың киініп алып, терлеген жағдайда тер қатып, салқын тигізіп алуыңыз  әбден мүмкін. Сырғанауды бастар алдында және сырғанап болғаннан кейін дене жаттығуларын  жасауды ұмытпау керек.

Тек кәсіпқой спортшылар ғана емес, әуесқой шаңғышылар да құрал-жабдықтарының күтіміне айрықша көңіл бөлгені жөн. Шаңғы күтіміне қажетті материалдарды спорттық дүкендерден табуға болады. Күтімнің ең басты элементі ретінде парафинді жақпамай  қолданылады. Парафинді арнайы үтіктің көмегімен қыздыру арқылы шаңғының табанына жағып, суығаннан кейін қырғышпен беткі қабатының аздаған бөлігін қырып алып тастау керек. Одан соң қылшақпен (щетка) ысқылап, мұқият тазалау керек болады. Әуесқой шаңғышылар шаңғысын айына екі рет, кәсіпқой спортшылар аптасына үш-төрт мәрте тазалатқаны дұрыс. Парафиндеуді ақысын төлеу арқылы кәсіби мамандарға жасатсаңыз, орта есеппен әуесқойлар 2000 теңге, ал кәсіпқойлар шамамен 15 мың теңге жұмсайды. Күтімнің басты құралы ретінде қолданылатын арнайы үтік бағасы 40 мың теңгеден басталып, ең қымбаты 300 мың теңгеге дейін барады. Ал қорғаныш қабаты саналатын парафин шаңғының табанын мұз кесектерінің жыруынан қорғайды, сырғанау жеңілдігін қамтамасыз етеді. Ауа райына, қардың беткі қабатына байланысты әр түрлі парафин түрі қолданылады. Мысалы, -2 – -8 аралығындағы қазіргідей ауа райына лайықтап та, мұзды қар қабатына ыңғайлап та парафиндеуге болады. Арнайы үтік сатып алмай-ақ, өз бетінше үй жағдайында шаңғыны сырғанауға дайындаудың әдісі де бар. Ол үшін парафинді сырғанау қабатына түгел жағып, арнайы тығынмен қаттырақ ысқылау керек болады. Ысқылау салдарынан сырғанау қабаты қызады да, парафин сіңеді. Біраз уақыт күткеннен кейін қырғышпен парафиннің беткі қабатынан аздап алып тастап, полипропиленді қылшақпен жылтырағанға дейін тегістеу керек. Қыс біткеннен кейін шаңғыны міндетті түрде парафиндеу керек, бұл ретте парафиннің беткі қабатын алып, қырғышпен қыру қажет емес. Қалың қабат болып жағылған жақпамай жаз бойы шаңғыға сіңіп, келесі жылы мінсіз сырғанауыңызға мүмкіндік береді. Содан соң арнайы қабына салып, шаң тимейтін жерде сақтау керек.

 

Шаңғы мен оның таяқшасын таңдау кестесі

Сырғылық жүріс үшін Шаңғышының бойы, см Классикалық жүріс үшін
Таяқша ұзындығы Шаңғы ұзындығы Шаңғы ұзындығы Таяқша ұзындығы
175 200 195 210 165
165 195 185 205 160
160 190 175 205 155
155 185 170 200 150
150 180 165 195 145
145 175 160 190 140
140 170 155 185 135
135 165 150 180 130
130 160 145 175 125
125 155 140 170 120
120 150 135 165 115
115 145 130 160 110
110 140 125 155 105
105 135 120 150 100
100 130 115 145 95
95 120 110 140 90

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар