14.01.2019, 22:08
Қараулар: 54
Білім саласында қандай өзгерістер бар?

Білім саласында қандай өзгерістер бар?

Жуырда  WhatsApp  әлеуметтік  желісінде  «ҚР   Білім және  ғылым  министрлігінің  бұйрығына  сәйкес сабақтан  себепсіз  қалған  оқушылардың  ата-аналары  мемлекет  қазынасына  15 883  теңге  айыппұл  төлейді» деген  хабарлама  тарап,  ата-аналардың  ренішін  туғызған болатын.  Аталмыш  хабардың  жалғандығын  облыстық  білім басқармасының  басшысы  Шолпан  Қадырова  брифинг  барысында   мәлімдеді.

Әлеуметтік желі арқылы тараған барлық ақпаратқа сене беруге болмайды. Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің ешқандай бұйрығы жоқ. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес мектеп оқушысы себепсіз он күннен астам сабаққа келмесе, алдымен атаанасымен жұмыс жасалынды. Тағы да қайталанса, мектептің ұсынысымен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында қаралады да, әрі қарай полиция департаментімен бірлескен жұмыстар жүргізіледі, –  дейді Шолпан Маратқызы.

Осы орайда айта кетсек, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-тармағында «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамауы 7 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» деп көрсетілген. Ал осы баптың 2-тар-мағында «Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады» делінген. Сондай-ақ бала мектепке мүлдем бармаса, аталған кодекстің «Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу» туралы 409-бабының 2-тармағында «Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы неме-се тиісінше орындамауы ескерту жасауға немесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» деп жазылған. Сабаққа мүлдем қатыспай жүрген баланың мәселесі бо-йынша жергілікті полиция департаменті хаттама жасап, сотқа жолдайды. Ары қарай аталған баптар бойынша тиісті жауапқа тартылады.

№51   МЕКТЕПТІҢ   ҚҰРЫЛЫСЫ   БАСТАЛМАҚ

Шолпан Маратқызының мәліметінше, өңірдегі білім беру са-ласының бюджеті қазіргі таңда 60,5 млрд. теңгені құрайды екен. Былтырғы жылы облыс бойынша жеті білім нысанының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген. Айта кетсек, Орал қаласының Деркөл кентінде 600 орындық, Зашаған кентінде 900 орындық мектеп, Бәйтерек ауданының Дариян ауылында 100 орындық интернат пен 300 орындық мектеп, Ақжайық ауданының Шабдаржап ауылында 198 орындық мектеп, сондай-ақ Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында 70 орындық интернат пен Қазталов ауданының Қазталов ауылында саз мектебі және Бөрлі ауданының Ақсай қаласында 240 орындық балабақша пайдалануға берілген.

Теректі ауданының Сарыөмір ауылында 48 орындық сауықтыру лагері ғимаратының құрылысы жалғасуда. Облыста бес апатты жағдайдағы мектеп жұмыс істейді. Олар – Орал қалалық №31 және  №33 ЖОББМ-лар, Ақжайық аудандық Абай атындағы гимназиясы және М. Өтемісов атындағы орта мектеп пен Қазталов ауданындағы А. Оразбаева атындағы жалпы білім беретін орта мектебі. Мектептің апаттылығын жою мақсатында екі мектептің құрылысына, яғни Қазталов ауданының Қазталов ауылында 600 орындық А. Оразбаева атындағы орта мектебі мен Ақжайық ауданы Чапаев ауылында 300 орындық мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Құрылыс жұмыстары биыл басталмақ.

2018-2019 оқу жылының басында  үш ауысымдық бес мектеп анықталса, 2018 жылдың төртінші тоқсанында  Зашаған кенті Сарытау шағынауданында  900 орындық №50 мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымды мектептер саны азайған. Қазіргі таңда Орал қаласы аумағында орналасқан төрт мектеп  (№18, №20, №47, эстетикалық бағыттағы мектеп гимназиясы) үш ауысымда жұмыс істеуде. Биыл Орал шаһарының Зашаған кентінде №51 мектептің құрылысы басталмақ.

ЖАЛАҚЫ   САБАҚ   ЖҮКТЕМЕСІНЕ   ОРАЙ   АРТАДЫ

Облыс бойынша білім беру саласында 12 084 мұғалім қызмет атқарса, оның 83,4 пайызы жоғары білімді. Былтыр жаңартылған білім бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырған ұстаздардың жалақысы 30 пайызға артқан. Бүгінде бұл үстеме ақшаға 11 мыңнан астам мұғалім ие болуда. Ал биылғы жылдан бастап жаңартылған білім бағдарламасы бойынша өсетін қаржы белгіленген тарифке және ұстаздың жүктемесіне орай төленбек.

Оқу жылының басында жалпы білім беретін мектептерге 83 педагог маманға қажеттілік туындаған. Бұл түйткілді мәселені шешу мақ-сатында соңғы екі жылда ЖОО-ға  түсу үшін облыстық бюджеттен арнайы  гранттар бөлініп келеді. 2017 жылы 66 грант, ал былтыр қазақ мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ беретін, сондай-ақ ағылшын тілінде математика, физика, химия пәндерін оқытатын ұстаздарды даярлау мақсатында 35 грант бөлінген.

Облыс бойынша 129 мектепте пилоттық режімде  биология, химия, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту элементтері енгізіліп, оларда біліктілікті арттырудың тілдік курстарынан өткен 326 пән мұғалімі ағылшын тілінде сабақ жүргізуде. Бұл мұғалімдерге екі базалық лауазымдық жалақы көлемінде  (35 мың теңге) қосымша ақы төленіп келеді. Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес ағымдағы оқу жы-лының үшінші тоқсанында 5-7-сыныптарға «Өлкетану» курсы енгізілген. Аталған курс «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «География» және «Музыка» пәндерінің аясында кіріктіріліп оқыл-мақ. Оқу жүктемесінің көлемі 20 сағат ( 5-сыныптарға бес сағат, 6-сыныптарға   жеті сағат, 7-сыныптарға сегіз сағат).

Брифинг барысында облыстың бас педагогі білім беру саласының түгел дерлік цифрландырылғанын жеткізді. 172 мектеп Kundelik.kz электронды журналына қосылған. «Нұр Отан» партиясының  жобасы  аясында былтыр 15 IT-сынып ашылса, биыл 50 IT-сынып ашылады деп жоспарлануда. Орал қаласындағы жалпы білім беретін №19 мектеп ғимаратында «Bilim Media Grouр» ЖШС-ның қолдауымен «BilimLab» ресурстық орталығы ашылған. Онда мектептің мұғалімдері мен әкімшілік құрамы жаңа технологиялар арқылы өтетін семинар-тренингтерге қатысып, біліктіліктерін арттыруда.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.