14.01.2019, 22:07
Қараулар: 130
Ұлттық компания ұлттың есебінен байығысы келе ме?

Ұлттық компания ұлттың есебінен байығысы келе ме?

Елбасы қазақстандықтарға  арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Мен әрбір Жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін», – деп баса айтқан болатын. Расында, Мемлекет басшысы «Ел-жұрттың жағдайына қараңдар, табысы мен тұрмыс сапасын арттыруымыз керек» деп отырғанда, кейбір алпауыт ұлттық компаниялардың тірлігі халықтың табысы төмен, кірісі мардымсыз бөлігі есебінен байығысы  келетіндей  көрінеді…

Еліміздің кең байтақ даласын шиырлап жатқан теміржол арқылы жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ға және оның құрамындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға қатысты осындай ой түюге мәжбүрміз. Өйткені коммерциялық бағыттарға бағаны өзі белгілейтін ерекше құқыққа ие соңғы  компания 2018 жылдың 11 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық ішкі бағытына бағаны реттеудің икемді жүйесін енгізді. Жаңа жүйені қысқа әрі нақты сөзбен түсіндірсек былай: билетті 45 күн бұрын алсаңыз, қалтаңызға салмақ түспейді. Ал алдын ала қам жасамасаңыз, онда өз обалыңыз өзіңізге, қалтаңыздағы айлық табысыңыздың өзі жетпей қалуы кәдік. Теміржолшылар теміржол билетінің бағасы биыл өспеді дегенмен,  әлгіндей икемді жүйені енгізу арқылы табысын еселеп отырғаны айдай анық.

Іс жүзінде теміржол арқылы қатынайтын халықтың басым бөлігі мемлекеттің қамқорлығындағы табысы аз, әл-ауқаты төмен отбасылардың бала-шағасы, студенттер, зейнеткерлер, жұмысшылар емес пе? Сессиясының қай күні бітетінін білмейтін студент пойызға билетті қалай күні бұрын алмақ? Немесе аз-мұз зейнетақымен отырған кемпір-шал, «тапқаны қапқанына» жетпейтін көп балалы отбасылар, қарапайым жұмысшылар әлдеқандай жазатайым жағдайда, қайтыс болған туысына топырақ салуға қалайша күні бұрын билет алмақ? Осыдан-ақ «ҚТЖ» ұлттық компаниясы басшылығының қарапайым халық жағдайынан мақұрым екенін шамалауға болар… Сондықтан ел сенген, қалың бұқараның талап-тілегін ескере отырып, заң-закондарды қабылдауға қатысатын ҚР Парламенті депутаттарының құлағына «алтын сырға»  демеске  лаж  жоқ.

 

«Тальго»  – Астана, Қарағанды  айналады

Еліміздің батыс қақпасы саналатын Орал қаласынан Алматыға жүретін №49/50 «Тальго» пойызы коммерциялық санаттағы көлік екен. Биылғы жылдың 3 қаңтарына дейін Алматы қаласына әдеттегідей Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз қалаларының үстімен өтетін жер тарпыған «тұлпар» енді Астана арқылы қатынайды. Жаңа жылдағы «тосынсый» облыс тұрғындарының көңілінен шыға қоймады. Өзгеріске  қатысты газет редакциясына шағымдана келген немесе қоңырау шалған ел-жұрт аз  болмады.

– «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның басшылығы №49/50 пойызының маршрутын Астана арқылы жүретін етіп өзгертті. Өйткені оның бұрынғы бағыты бойынша Орал қаласынан Алматыға «Саратов — Алматы» №7/8 пойызы (халық арасында жүрдек пойыз аталған бұрындары Мәскеуге қатынаған пойыз) күнаралатып (араға бір күн салып) жүреді. Екінші пойыз №379/380 пойызы Орал – Алматы бағытына әр аптаның дүйсенбі, жұма күндері қатынайды. Жолаушылардың көпшілігі билетті «Тальгоға» емес, жүрдек пойызға алады. Бұл екі пойыз оңтүстік астанаға бір күнде жүретін. Ал «Тальгоны» Астана арқылы жүргізгенде ұтарымыз  көп. Өйткені пойыз Астанаға,  одан әрі Қарағандыға соғып, содан кейін Алматы қаласына келеді. Бұл өз кезегінде өңірлердің тұрғындарын теміржол қатынасымен қамтуға мүмкіндік береді, — деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Орал учаскесінің басшысы Думан Қарағойшин.  Оның айтуынша, еліміздің ішкі бағыттарындағы пойыздардың билет бағасын реттеудің икемді жүйесін енгізу Қазақстан ашқан жаңалық емес. «Бұл — көптеген әуе және жер үсті тасымалдаушылар жұмысында кеңінен қолданылатын әлемдік тәжірибе. Егер жолаушы билетті кез келген бағытқа 45 күн бұрын сатып алатын болса, ол 25% жеңілдікпен алады. Яғни әдеттегі жай пойыздың билетінің бағасынан да төмен болады. Шамамен 15-17 мың теңге шамасында болады. Пойыз жүретін күн жақындаған сайын оның бағасы өсе түседі, бірақ та 25%-дан аспайды. №8 жүрдек пойызы Алматыға 51 сағатта жетсе, «Тальго» пойызы 38 сағатта барады», — деді Думан Кенжебайұлы. Оның айтуынша, мысалға, пойыздың жүруіне  үш күн қалғанда  билет 20 мың теңге тұруы мүмкін, ал пойыз жүретін мезгілге таман 15 мың теңге тұруы ықтимал екенін жасырмайды.

Әрине, соңғы жылдары пойыз қатынасындағы жағымды жаңалықтар аз болмады. Бастысы, Оралдан Алматыға, Астанаға «Тальго» пойыздары жүре бастады. Сондай-ақ қазақстандық жолаушылар пойыздары Ресей Федерациясы аумағында тоқтаусыз жүрген жағдайда Жайсаң – Илецк – Шыңғырлау шекара маңы учаскесінде шекаралық тексерудің барлық түрінен құтылды. Солай бола тұрғанмен, «Тальго» пойызына жолақының соншалықты удай қымбат  болатыны  түсініксіз.

 

Пойыздың  бағасы  «ұшынып»  тұр

Орал вокзалының бастығы Қайырболат Ғайнеден де соңғы кездері жолаушылардың «Тальго» пойызын Қызылордаға, Шымкентке неге соқпайтынын сұрап, жиі келетіндерін айтады.  Оларға айтатын  жауабы  дайын.

– «Жолаушылар тасымалы» компаниясы мұндай шешімді экономикалық жағынан тиімді болған соң таңдаған деп түсіндіріп жібереміз. «Тальгоны» Алматыға оңтүстік облыстар арқылы бармайды демесеңіз, жолаушы уақыттан көп ұтылмайды. Өйткені бұрын бұл пойыз Алматыға 39 сағатта жетсе, қазір Астана арқылы жүргенде 40 сағат 26 минутта барады. Сондағы уақыт айырмашылығы 1 сағат 26 минут болып шығады. Ақыры Алматыға барады екенсіз, қай жағымен барсаңыз да, уақыттан ұтылмайсыз деймін, – дейді Қайырболат  Ғайнеден.

Алматыға қатынайтын «Тальгодан» өзге пойыздардың да жолақысы «ұшынып» тұр. Әрине, №380 жай пойыздың жолақысы «Тальгоның» жолақысына қарағанда тұрақты әрі арзандау. Ол пойыз Оралдан Алматыға дейін 61 сағат жүреді, ал билет құны плацкартқа 9 мың 800 теңге, купеге 15 мың 900 теңге. №8 жүрдек пойызымен Алматыға бару үшін  плацкартқа 10 мың 900 теңгеге, купеге 16 мың теңгеге шығынданасыз. Бұл – жол жүруге алдын ала қам жасаған жағдайдағы билет бағасы. Жүрдек пойызбен 61 емес, 51 сағатта ару қалаға жетесіз. Бірақ халық арасында «есек» деп аталып кеткен шабандау пойыздың жолақысының неге жүрдек пойыздың жолақысына жетеғабыл екенін ешкім де түсіндіре алмайды. Билет бағасы өскенімен, пойыздардағы вагондар қолайсыз, суық, ескі-құсқы әрі сервистік қызмет көрсету жағы көңіл көншітпейді.

Орал теміржол вокзалындағы кассаларда 45 күн бұрын Алматыға «Тальго» пойызына билет 16 мың 900 теңге тұрады. Ал екі күн қалғанда сатылғанда (мереке күндері емес, жай күндері) 27-40, 50 мың теңге шамасында болады. Кассирлердің айтуынша, жай күндері билет бағасы соншалықты өспейді. Жаңа жыл, мереке, жаздың күндері билеттің бағасы геометриялық прогрессия бойынша аспандайды. Екі күн бұрын, мысалға, 8 қаңтар күні  10 қаңтарға Алматыға осы пойызға билет алсақ, 33 мың теңгеге шығады. Әдеттегі баға екі есе өсіп  тұр. Әрине, жолға шығатын болған соң, 45 күн бұрын билет алған ұтады. Пойыз – жолаушылардың жиі жүгінетін қолайлы қатынас көлігі. Мемлекеттің меншігіндегі теміржол, қызмет көрсетуші компаниялардың акциялары да – мемлекеттік, ал билеттің бағасы неге коммерциялық  болады? Ақшасы барлар «есек»  пойызға мініп, митыңдап жүрмей, ұшақпен жүреді. Пойызбен  негізінен қарапайым халық, яғни ел-жұрттың әлеуметтік әлсіз топтарының өкілдері, студенттер, зейнеткерлер, қарапайым жұмысшылар қатынайды. Әлде пойыз жолақысы қымбат деп бара-бара баяғы замандағыдай ат-арбамен жүреміз бе? Қайтпек керек?  Алдағы 2020 жылы «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның акцияларын ІРО-ға шығару, жекешелендіру жоспарлануда. Ол кезде жолақының қандай болмағын ешкім дөп басып айта алмайды. Қазіргі ұлттық деген компанияның  ісі  мынадай…

 

Әрі  қарай  ұзартса…

Күллі түркі жұртының бесігі атанған Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін иеленді. Көне шаһарға тәу етіп баратын қазақтың киелі  орыны көптеп саналады. Сондықтан Оралдан оң-түстікке, көне Түркістанға, әрісі Шымқалаға тікелей қатынайтын пойыз шығарылса, жөн болар еді. Сондықтан біз пікірлескен тұрғындардың көпшілігі  Орал – Ақтөбе пойызы әрі қарай ұзартылса екен деген өтініш білдірді. Соған орай Алматыға қатынайтын пойыздардағы жолаушылар тасқыны сәл саябырсыр еді. Бүгінде Оралда Шынар (Чинарево) кен орнында, Ақсайда, Қарашығанақ кен орнында жұмыс істейтін оңтүстіктіктер баршылық. Одан басқа елімізде Елбасының  тікелей тапсырмасымен «Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы бойынша республиканың оңтүстік өңірлерінен Оралда ЖОО-ларда, колледждерде мыңға жуық студент білім алуда. Оқу орындарын бітіріп, осы жаққа тұрақтап, қызметке қалып жатқандарын айтпай-ақ қоялық.

Жаңағыдай Орал – Ақтөбе пойызының маршрутын Шымкентке дейін ұзарту мүмкін болса, білім іздеп келген жастардың да туған жерлеріне барып-келулері жеңілдер еді. Сондай-ақ жазға салым оңтүстік өңірлерге сауықтыру шипажайларына баратын жандарға да пойызбен қатынау қиынға түспес еді.  Мұндай ұсынысты  жергілікті атқарушы билік құрылымдары таразылап, елепескерер деген ойдамыз.

 

Комиссиясы  да  удай…

Кейде жолаушылар әр түрлі себептермен жол шықпай, билеттерін кассаға кері тапсыруға мәжбүр болып жатады. Ондайда жолға шықпағаны үшін билет ақшасын кері алу үшін 1000 теңге төлейсіз. Мысалға, өткенде Оралға қонаққа келген ақтөбелік құрбыма Ақтөбеге кері қайтуға 2 мың теңгеге билет алып қойып, әлдебір себеппен бармайтын болды. Ол билетін алып, кассаға келсе, 2 мың теңгенің орнына  бір мың теңге қайтарыпты. «Неге комиссиясы 50 пайыз? Мен бір күн бұрын қайырдым ғой, ештеңесін жеп қойған жоқпын», – деп аң-таң болады ол.

Білуімізше, бұл тек оның басындағы жағдай емес. «Бір күн ауру, бір күн сау» демекші, қарттық жеңген зейнеткерлер мен көп балалы отбасылар, оңтүстіктен келіп Оралда оқып жүрген студенттер, жұмысшы жастар басында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Шынында, теміржол вокзалындағы кассалардағы билет сатушылар да мұндай айқай-шудан зәрезап болған. «Кейде сол ақшаны садақаңа пайдалан» деп қарғап кететіндері де кездеседі. Сондықтан бұл мәселені ел-жұртқа  қолайлы  етіп  шешу  қажет.

Көпшілік билетті кері қайтарғаны үшін комиссия ұстамасын демейді, тек оның мөлшерін төмендету қажеттігін ұсынады. «Бір мың теңге айына 100 мың теңгеден жоғары табыс табатындар үшін аса көп ақша болмас. Ал зейнеткерлер үшін  ол – едәуір ақша. Менің  зейнетақым 60 мың теңге шамасында. Сондықтан 1000 теңге емес, 700, 300 теңгеге дейін төмендетсе дейміз. Елдің бәрі кәсіпкер не ақшасы көп мұнайшы емес қой» , – дейді оралдық зейнеткер Күлән Батырова.    «Кассаға келіп билет алатындар негізінен қарапайым адамдар, кәсіпкерлер, көзі ашық, қызметтегілер электронды билет алады. Сондықтан көбіне халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз бөлігінің өкілдерімен жұмыс істейміз. Студенттер алдын ала билет алып қояды, содан сессиясы басталмай не емтихандары кейінге ысырылып, күні бұрын алған билеттерін амалсыз кері тапсыруға мәжбүр болады», – деген бір билет сатушы әйел «Оралдағы ЖОО, орта оқу орындарының басшыларына сессияның, емтиханның басталар уақытын өзгертпеңіздерші, студент жастарға қиын болады деп айтқым келеді» деп қалды. Расында, комиссияны төмендету — әлеуметтің басындағы түйткілді мәселе. Бірақ оның шешімін табу «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға еш қиындық тудырмасы  анық.

 

Зафура МАМУТ,

Ж. Досмұхамедов атындағы  Орал  педагогикалық колледжінің  3-курс  студенті:

– Оңтүстік облыстардан келіп Оралда оқып жүрген студенттерге мерекелерде, каникулда үйге қайту қиямет қайым десек, асыра айтпағандық болар. Оның үстіне алдын ала пойызға билет алатын қай күні сабақ, емтихан бітетінін болжап біле алмайсыз. Мысалға, жаңа жылды отбасыммен қарсы алғым келіп, 30 желтоқсан күні «Тальго» пойызына билетке ақшам жетпеді. Қазалы стансасына дейін жолақы 13 мың теңге тұрады екен. Содан ертеңіне  жай пойызға (№380) плацкартқа 5 мың теңге төлеп, даладағы әр бағанға бір тоқтап, ауылға тоңып-шашырап әрең жеттік. Пойыздың билеттері қымбат, студенттердің қалтасы көтермейді. Әншейінде жастар еліміздің болашағы дегенді жиі естиміз. Бірақ теміржол қатынасында студент жастарға бірде-бір жеңілдік қарастырылмайтыны түсініксіз. Ұлттық компания ұлттың  болашағын  қашан  ойлар  екен?!

 

Ернар  ХАЙДАРОВ,

Зеленов  ауданының  тұрғыны,  кәсіпкер:

– Биыл «Тальго» бірінші рет Алматыға Астана жағымен жүрді. Мен осы бірінші маршруттағы пойыздың жолаушысы болдым. Кең жерге үйренген қазақпыз ғой, мына пойыздың іші қуықтай, әдепкіде басымызды ұрып алардай ыңғайсыз күй кештік. Бірақ купенің іші таза, әрі жылы болды. Жолақысы қарапайым тұрғындарға қымбаттау. Осы біздің ұлттық теміржол пойызының жолақысы неге соншалықты қымбат болатыны, кей жағдайда  ұшақпен  пара-пар  болатыны түсініксіз.

Енді Алматыдан қайтарда пойызға билет болмай, достарым №379 жай пойызға билет алып берген. Вагонның іші мұздай салқын, тазалық мүлдем сақталмайды екен. Пойыздың кешігіп жатқанынан бейхабар едім, жолда қалып қоя жаздадым.  Шымкентке жеткенде сыртқа шығып таза ауа жұтып, бір досыммен кездесіп, әңгімелесіп тұрғаным сол еді, «шабан» деген пойызым жүріп кетті. Жеңіл көлікпен артынан қуып, Арыс стансасында әрең міндім. Жолаушы көп, берекеті жоқ пойыз. Жалпы, еліміздегі пойыздардың сервистік қызметі көңілге қонбайды. Бір сөзбен айтсам, теміржолдағы  сервистік  қызмет  жолақының  ақшасын  ақтамайды.

 

Сәуле  ІЗБАСАР,

Орал  қаласының  тұрғыны,  зейнеткер:

– Өткен жылы күзде Алматыдағы ұлымның отбасында бір жағдай болып, ойламаған жерден жолға шығуыма тура келді. Көптен пойызға мінбеп едім, пойыздың билетінің бағасы удай, купеге  37 мың теңгеге алдым. Ақшам көптіктен емес, амалсыздан, баруға тура келгендіктен пойызға аяқ артып, жолға шықтым. Енді, міне, жаңа жылдан кейін немеремнің туған күніне бармақшы болып жиналып отырмын. Жолға билетті 40 күн бұрын №380 жай пойызға алдым. Қайтуға екі күн салып қайыра барып алдым, өйткені қайтарға билет сату басталған жоқ деді. «Тальгосының» және «Саратов-Алматы» бағытындағы пойыздардың билеті «ұшынып» тұр. Бір зейнетақымен «шықпа жаным, шықпа» деп отырған зейнеткерлерге пойыздың жолақысы қымбат. Шүкір, зейнетақымыз бар, аз ба, көп пе, бірақ қазір коммуналдық қызметтер, жалпы азық-түлік түрлерінің бағасы арзан емес. Сондықтан мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға мұқтаж әлеуметке пойыз жолақысына  қатысты  жеңілдіктер  жасалса  дейміз.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар