14.01.2019, 22:05
Қараулар: 98
Қалың қардың әбігері

Қалың қардың әбігері

Қараша айында «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы болжам бойынша еліміздегі биылғы қыс мезгілінің  суық әрі қарлы болатынын айтқан еді. Қардың басым бөлігі ақпан мен наурыз айында түсетінін де ескертті. Алайда  қар  ерте  түсті.

 

Жақсыбайда  жағдай  қиын  болды

«Қыстың қамын жазда ойла» дейтін  қағиданың қаншалықты маңызды екенін қаңтардың бесі күні соққан бұрқасын еске салғандай.  Айналаны әп-сәтте-ақ қалың қарға ораған боран желтоқсанда жауған қарды «шаң қаптырып» кетті. Әсіресе, боранның салған әлегі БАҚ-та хабарланып, әлеуметтік желілерде жарияланды. Шалғайда тұратын ағайынның «Қар құрсауында қараусыз да қауқарсыз қалдық» деген өкпе-реніші де естілмей қалған жоқ.

Ақ түтек боран ауылдағы ағайынға кәдімгідей-ақ кәрін төкті. Оңтүстіктегі аудандарда қалың жауған қар жолдарды жауып, ауылдар арасындағы қатынас қиындады. Облыс және аудан орталығына баратын тұрғындар жолдарынан қалып, тылсым табиғаттың зардабын тартып-ақ бақты.  Солардың бірі – Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылы. Ауыл тұрғындарының  айтуынша, олар   бір аптадай қар құрсауында қалған.  Бұл ауылдан жол  екі  бағытқа шығады. Біріншісі, аудан орталығына  қарай  болса, екіншісі, Қазталов  ауданы  аумағы  арқылы Орал  бағытына. Өткен жылдың  желтоқсанының  соңынан  бастап  6 қаңтарға  дейін қос  бағытқа  қарай  жолға  шығу  мүмкін  болмады. Ол ол ма, ауылдағы  дүкендерде  азық-түлік  қоры  сарқыла  бастады.  Округ әкімі  Алмат Қаратаевтың айтуынша,  бұрқасыннан соң, ауылдағыларға малдың жем-шөбін тасу қиындық тудырған. Электр желілерінің үзілуіне байланысты жарық өшіп, соның кесірінен ауыз сумен қамту да оңай болмады. Жақсыбайлықтардың бұл тығырықтан шығуына ауыл тұрғыны Ғибатолла Мекетаев өзінің ескі шынжыр табан тракторымен, Сағындық Насенов пен шекара бекетінің қызметкерлері қар көлігімен өз үлестерін қосқан. Сөйтіп,  Оралға  қарай  жол ашылды.   Ал  аудан  орталығымен  байланыс  енді  қалыпқа  келуде.

 

Қар  тазалайтын көлік  жетіспейді

«Қазгидромет» РМК БҚО бойынша филиалы гидрометеорологиялық бақылау бөлімінің басшысы Тілеген  Шапановтың айтуынша, желтоқсан айында, әсіресе, Жәнібек, Чапаев, Орда мен Жалпақтал ауылдарында  жауыншашын көп жылдық мәліметпен салыстырып қарағанда қалыпты мөлшерден артық жауған. Мәселен, Жәнібекте өткен айда жауған жауын-шашынның мөлшері 70 миллиметр. Күні бүгінге дейін ондағы негізгі норма 24 миллиметр деп есептеліп келген екен.

Яғни бұл аудандағы жауын-шашын мөлшері екі жарым есе көп деген сөз. Ал Чапаевта көп жылдан бері орташа жауын-шашын мөлшері 26 мм деп есептелген болса, желтоқсанда бұл көрсеткіш 54 миллиметрден бір шыққан. Осы көрсеткіштерге сәйкес, түскен қардың қалыңдығы да осал емес. Айталық, Жәнібекте көп жылдан бері қардың орташа биіктігі 5 сантиметр деп есептеліп келсе, 30 желтоқсандағы мәлімет бойынша ондағы қардың биіктігі 35 см болып отыр. Январцевта  биіктігі 37 (нормасы 19 см), Бөкей ордасында 26 (7), Чапаевта 23 (8), Шыңғырлауда 24 (11) сантиметр қар түскен. Облыстың өзге аймақтарында бұл көрсеткіш сәл-пәл ғана жоғарылаған екен. Бұл жағдай қар тазалаудың әр аудан-ауылдағы күн тәртібінде күйіп тұрған мәселе екенін көрсетсе керек.

Омбы қарды бұзып-жарып, жол тазалайтын мекемелердің жұмысы да дәл осы шақта қызды. Өңірдегі республикалық және халықаралық маңыздағы жолдарды күтіп ұстаумен айналысатын «ҚазАвтоЖол» ЖШС-ның облыстық филиалына сын сағаты туғандай. Аталған мекеменің бас маманы Руслан Мугиевтің сөзінше, аутокөлік жолын қыс мезгілінде күтіп ұстау үшін 49 техника шығарылған. Сонымен қатар бұл көліктерге қосымша тағы да 9 техниканы жалға алу  жоспарланып отыр.

– Қаңтардың 5-і күні боран мен қатты желге байланысты сағат күндізгі 11.00-ден алтысы күні сағат 14.00-ге дейін облыстағы барлық бағыттағы аутокөлік жолы жабылған болатын. Бұл күні өңірдің барлық аймағында боран тұрды. Әсіресе, оңтүстік аудандардағы Орал – Тасқала – РФ шекарасы, Орал – Атырау, Чапаев – Жалпақтал – Қазталов, Қазталов – Жәнібек және Өнеге – Бисен – Сайқын жолдарында биіктігі екі метрге дейін қар түсті. Мекеменің техникалары барлық аймаққа жұмылдырылған болатын. Бізде техниканың ескі болуына және жұмыс көлемінің көптігіне байланысты қажетті қар тазалайтын көліктердің жетіспеушілігі сезіледі. Сондай-ақ олар күн сайынғы жұмыстардан тез тозып, пайдалану кезінде істен шығып жатады. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізген соң, жол тазалайтын қосымша техникаларды жалға алуды көздеп отырмыз, – дейді Руслан Мугиев.

БҚО жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының аутомобиль жолдарын пайдалану бөлімінің бас маманы  Данияр Өтегеновтың айтуынша, 1 724 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар  аутожолдарды қысқы  уақытта күтіп ұстау жұмыстарына тоғыз мекеме жұмылдырылған. Олардың қарауында 73 бірлік қар тазалағыш техника бар. Алайда  ел арасында жолдардың уақтылы тазаланбайтыны жиі айтылатыны жасырын емес. Себебін «техниканың жетіспеушілігінен»  деп  топшылайды…

 

Тағы  да  боран  болуы  ықтимал

Шындығында, ұшқан құс пен батқан күнге қарап-ақ  ауа райын «қас-қабағынан» танитын ағайын «Қазгидрометтің» де болжамына құлақ түреді. Синоптиктердің айтуынша,  қаңтардың алдағы күндерінде ауаның орташа айлық температурасы минус 7-160С  шамасында болмақ. Екінші онкүндіктің екінші жартысында ауа температурасы түнде 20-25, кей жердерде -15 градусқа дейін, күндіз 15-20, кей жерлерде 10 градусқа дейін төмендейді. Қаңтардың  жиырмасынан асқанда  ауаның температурасы түнде 20-25,  кей жерлерде 15-20 градус суық, күндіз де кей жерлерде 18 градус аяз болмақ. Онкүндіктің соңында кей жерлерде күндіз және түнде 25-30 градусқа дейін күн суытады деп күтілуде. Сонымен қатар екінші онкүндіктің  бірінші жартысында  және онкүндіктің соңына қарай кей жерлерде  боран соғатыны болжанып отыр. Екінші онкүндіктің бірінші жартысында  кей жерлерде батыстан  соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с болса, үшінші онкүндіктің екінші жартысында кей жерлерде оңтүстік-шығыстан соғатын жел 15-20 м/с дейін күшейеді.

Болжамға сүйенсек, ауа райы әлі де құбылмақ. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары  жолдардың жабылып,  бұрқасын болатыны жөніндегі хабарламаға тұрғындардың құлақ асуы қажеттігін баса айтады. Төтеншеліктер жыл басынан бері жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп, 94 көлікті қар құрса-уынан шығарып, 173 адамды ақ түтектен құтқарған екен.

P.S. Қаңтардың 12-сі  күні облысымызда ауа райы күрт бұзылып, жел күшейіп, бұрқасындатып, тұман түсті. Қармен «қабаттасып»  жаңбыр да жауып, жер көктайғаққа айналды. Ауа райының  қолайсыздығына байланысты облыстағы бірнеше жол жабылып, алдын ала ескертулер жолданды. БҚО ТЖД  қызметкерлері 12-13 қаңтарда жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп, қар құрсауынан он аутокөлік пен 36 жолаушыны шығарды. Осы қолайсыз ауа райына байланысты  жексенбі күні облыс әкімдігінде шұғыл жиын өтті.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов  барлық әлеуметтік нысанға баратын жолдардың мұздан тазартылып, тұрғындар үшін жағдай жасалу қажеттігін айтты.

Аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы елді мекендердегі жолдарды тазарту, жарық, газ беру мәселелерінің жай-жапсарын баяндады. Жиын барысында Алтай Сейдірұлы техника жетпейді деп уәж айтқан «ҚазАвтоЖол» ЖШС-ның басшысын сынға алды. Өйткені барлық техниканың сақадай сай болуы бұдан бұрын да ескертілген. Елді мекендер мен қыстақтарға апаратын жолдардың уақтылы тазартылуын тапсырған өңір басшысы тебін малдың шем-шөбінің назардан тыс қалмауын да ескертті.

 

Ерлік  ХАЙРУШЕВ,

Жәнібек  ауданының  тұрғыны, такси  жүргізушісі:

– Биыл қар ерте түсіп, желтоқсанда-ақ айналаны қалың қар басып қалды. Мен жолаушыларды алып, желтоқсанның 27-сі күні облыс орталығына шыққан едім. 14 шақырым жерді тоғыз сағат күрекпен аршып, Қазталов ауданының Нұрсай ауылына қонаға әрең жеттік. Оралға 35 сағат жүріп барған екенбіз. Ауданымыздағы  Қамысты, Борсы, Жақсыбай, Талов деген шалғай елді мекендер ғой. Қыста жүріп-тұру қиын. Техника жетіспегеннен шығар, жолдар уақытында ашылмай жатыр.  Жиырма шақты жылдан бері Орал мен аудан арасында жолаушыларды тасымалдап келемін. Жердің лайсаңында да, қыстың боранында да жол азабын көріп келеміз. Биыл қар ерекше мол түсті. Айтарлықтай  қиындық  көрдік…

 

Сайфетдин ҚОЖАНБАЕВ, зейнеткер, Бөкей ордасы ауданының тұрғыны:

– Бұрқыраған бораннан кейін ауылдағы ағайын бір аптадай қиындық көрді. Шалғайдағы ауылдарға жол қатынасы әлі де шамалы. Кей жерлерге тікелей жол жоқ, айналма жолмен қатынауға тура келуде. 1986, 1987, 1993 және 1997 жылдары қар көп жауған еді. 2013 жылы жауған қар бір ай тұрмай еріп кетті. Биыл қар жылдағыдан қалың түсті. Мен қырық жылға жуық механизатор болып еңбек еттім. Ол кезде мұндай науқан кезінде үкімет тарапынан қолдау көрсетілетін. Қазір техниканың көбі жеке шаруалардың қолында. Тракторлардың көбісі ескірген. Қысқы мезгілге арналған техникалар жеткіліксіз бе, жолдарды тазалауда кідіріс бар. Ауданымыз қар тазалауға қажетті техникалармен қамтылуы керек

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.