«СЫБАҒАНЫҢ» талаптары өзгерді

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиелеудің шарттары  жеңілдеп,  шаруалар  асыл  тұқымды ірі  қара  малды  ғана  емес, сонымен  қатар тауарлық (тұқымды емес) малды да кепілдікке қоя алады. Бұрын тек несиелік қаражатқа сатып алынатын мал мен жабдықтар  ғана  кепілзат  бола  алатын.  Бұл  туралы  «Ауыл шаруашылығын  қаржылай  қолдау  қоры»  АҚ-ның  баспасөз қызметі  мәлім  етті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы отандық мал басын көбейту, малдың сапалық сипаттамаларының жақсарту мен қазақстандық ет экспортын арттыруды көздейді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ  осы бағдарлама аясында шаруашылықтарды несиелендіреді. Несиелер импортталған ірі қараның аналық мал басын сатып алуға, ұсақ мүйізді мал мен негізгі құралдарды сатып  алуға  беріледі.

– «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржы алған шаруашылықтар сатып алынған активтерді – малды, техниканы, жабдықтарды кепілдік ретінде қоя алады. Бұрын тек асыл тұқымды мал қабылданған болса, бүгінгі күні несиелеу ережелеріне өзгерістер енгізіліп, кепілдікке 50%-ға дейін  тауарлы ірі қара мал салынады. Бұл өзгеріс қарыз алушылардың кепілдік жүктемесін төмендету үшін жасалынған, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» басқарма төрағасының орынбасары Думан Оспанов.

2018 жылы жеңілдетілген несиелеудің артықшылықтарын алғашқы болып көргендердің ішінде батысқазақстандық «Арғымақ» шаруа қожалығы бар. Тасқала ауданындағы бұл шаруашылық  60 симментал малды Ресейдің Тамбов облысынан әкелді. Бұған дейін шаруа қожалығында 100 жылқы және еділбай тұқымды 700-ге тарта қойы болатын. Бірақ шаруа басшысы тиімді мал шаруашылығын дамыту үшін Ресейден 1,5 жастағы ұрықтандырылған қашарларды алып келіп, жазға салым алғашқы төл алуды көздеп отыр. Одан басқа Ақжайық ауданындағы «Алмаз» шаруа қожалығы Қостанай облысындағы оператордан 15 ангус тұқымды сиырын сатып алып, өсіруде. Шыңғырлау ауданындағы «Мақсат» шаруашылығы Мордовиядан ангус тұқымды 30 сиыр әкелді. Ал «Стройсервис» ЖШС Ресейдің Пермь облысынан герефорд тұ-қымды 48 бас ірі қара мал сатып алды.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» БҚО филиалының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 шаруа адамы 1 млрд. 215 млн. теңгеге жеңілдетілген несие рәсімдеп, несиелік қаржыға 2335 ірі қара сатып алған.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»