14.01.2019, 21:05
Қараулар: 140
Тоқал (әңгіме)

Тоқал (әңгіме)

– Мен тоқал алам.

Бұрын жиырма жыл жұбайлық өмірде оңды-солды жүрісі байқалмаған, барын да, нарын да балалары мен отбасына, кәсібіне арнап жүрген Асқар айды аспаннан бір-ақ шығарды. Айдың-күннің аманында естіген бұл сөзі  Жайнаның төбесіне жай түскендей әсер етті. Ақшыл жүзі қуқыл тартып, қиылған қасы жиырылып, қабағы түйіліп кетті. Аузындағы шайнаулы асы тамағынан өтпей, кептелді де қалды. Іші әлем-тапырық. Көкірегінде қызған темір жатқандай, алай-дүлей өртенді. Қаны басына шапты. Күйеуіне өмірінде мұндай ызасы келмес. Ашуға  булыққаннан қасық ұстаған қолы, үстел астындағы тәпішке киген аяғы  дір-дір етті.

– Мен саған, отбасымызға жиырма жылымды арнап келемін. Не жетпейді саған? Айтшы, қане? Сен дегенде аянып қалған емеспін. Киімің жуулы, үтіктеулі. Төсегің салулы. Үйің тап-тұйнақтай. Ең дәмдіні, жылы-жұмсақты сенің аузыңа тосам. Бала тәрбиесінде де саған жұмыстан шаршап келді ғой деп салмақ салмаймын. Ата-анаңа да қатулы қабақ танытып көрген емеспін. Иә, рас, бұрынғы бабаларымыз төрт-бес әйелден  алды, бірақ дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Атамыз да, әкеміз де тоқал алмай-ақ, кемі он баланың әкесі атанды ғой. Кемпірлерімен қауқылдасып, алтын тойға қол ұстасып жетті емес пе? Сені біреумен бөлісер шамам жоқ. Сүттей ұйып отырған шаңырақтың төбесін ортасына түсіруге дәті барған қандай сайқал ол? Ардан безген қаншық! Шашын жұлып, қолына беріп, бет-аузының бәрін қан-жоса ғып тырнап тастаймын! Аямаймын, быт-шытын шығарамын!

Көзіне көк шыбын үймелетемін. Көрсетейін оған менің күйеуіме тоқал болғанды! – деп Жайна айқайлап жылап, үй ішінде шу шығарғысы келгенімен, үндемеді. Ішін қызғаныштың қызыл иті тырналап жатса да, сабырлылық, байсалдылық танытты. Азаматын сыйлайтын салиқалы әйел ретінде өзін-өзі қолға алды. Қырықтың бесеуіне келіп, қылық шығарған Асқарды барынша түсінуге тырысты. Еркек те бала сияқты ғой, кәсібі өрге домалаған соң, дәулеттің буына мастанған шығар, ақылға келер, райынан қайтар деп түйді. Мұндай әңгіме арада болмағандай жүре берді.

Арада апта өтіп, Асқар сол тағы да тоқал туралы әңгімені қозғады.

–  Тоқал аламын. Бұл әзіл емес, Жайна.

Жайнаның бірінші сөзі:

 –  Кім ол?

–  Әсем. Сенің ауылдасың.

Әсем Жайнадан он бес жастай кіші араласып жүретін ауылдас сіңлісі еді. Сұлу, ұзынша бойлы, жиырма бестер шамасында. Байлықты, ақша шашқанды жақсы көретінін байқаған. «Ие, тоқалға жарыпсың», – деді іштей.

– Әйелі жаман адам ғана тоқал алмайды ғой. Екі қыз, бір ұлымыз бар. Ұлыма ұл қосылғанын қалаймын. Ұлдарым ұрпағымды өрбітсін деймін. Кәсібімізді сен басқарасың. Әсем екеуіңе ақшаны да, уақытты теңдей бөлемін.

Жайна өкпесінде жер өртеніп жатқандай күй кешсе де, келісті. Күйеуін түсінуге тырысып, «Көп әйел алу шариғатта бар ғой», – деп өзін-өзі жұбатты. Балалар  да әкенің үзілді-кесілді кесіміне қарсы шығуға жүздері шайлықты.

Асқар Әсеммен отауларын бөлек тікті. Уәде еткеніндей отбасылық кәсіптің тізгіні Жайнаға тиді. Жас әйелдің буына мастанған Асқар Жайнаның үйіне аптасына екі, кейде бір рет қана бас сұғады. Бірте-бірте бірнеше апталап та келмеуге айналды. «Не қажет? Нендей көмек керек?» деп сұрап кетеді.

Жайна қашанғы сүлесоқ күйде жүре бермек? Өзін-өзі қолға алуға тырысты. Кәсіптің шашауын шығармай, уысында ұстады. Дәулет өзіне тиесілі болғандықтан, шашын сәндеп, бетін әрлеп, жарасымды киінді. Бірақ шаңырақ бұрынғыдай шуақ шашпайтындай. Жақын досы, сырласы, ағасы, серігі, отағасы, тірегі, қорғанышы саналатын Асқар жанынан табылмағасын, ішкі дүниесі қаңырады да тұрды.

Уақыт сынаптай сырғып, Әсем тоғыз ай, тоғыз күнде өмірге сәби әкелді. Асқар күткендей атұстар болмады. Бірақ бұл жаңалыққа Асқар аса бір ренжи қоймады. Келесі перзенті ұл болатынына сенді. Қызының есімін Еңлік деп қойды.

Перзентханадан шыққан соң, Әсем шақалақты емізуден ат-тонын ала қашты.

– Қойшы, емізбеймін. Сәби суалған кезде омырауым салбырап кетеді. Мынадай әдемі тырнақтарымды да қия алмаймын, – деп азар да безер болды.

–  Бұл қай сөзің? Баланы емізесің!

– Жан, түсінші, менің олпы-солпы, салпыетек әйел болғанымды қаламайтын шығарсың. Ал, Еңліктай ана сүтінсіз де өседі ғой, – деді еркелей сызылып.

Асқар қарсы болғанымен, сөзінен қайтпаған жас әйелі мен нәрестеге күтуші жалдап, емізікпен сүт ішкізетін болды.

Әсем кішкентайын күтушіге қалдырып, құрбыларымен мейрамхана кезіп, сұлулық салондарының табалдырығын тоздырумен болды. «Босанған соң толып кетемін» деп фитнес залынан шықпады. Қысқасы, үйде тұрмайтынды шығарды.

Асқар үйге қашан оралса да, Әсем жоқ боп шығады. Мұндай күйікке ер  басымен шыдай білді. Үндемей жүрді. Бір күні Әсем:

–  Асқар, біз әрі қарай бірге тұра алмайтын сияқтымыз. Мен сенен кетемін.

Асқар бұл сөзді естігенде, көңілі түсіп кетті. Қабырғасы қайысып, еңгезердей еңсесі езілгендей болды. Кезінде Жайнаға айтқан сөздері  есіне түсті.

–  Не айтып тұрсың? Неге? Баланы емізбеймін дедің, жарайды, көндік. Жағдайыңды жасадық. Барам деген жеріңе барасың, келгің келген уақытта ғана келесің. Не жетпейді?

– Неге дегенде, енді өзің де түсініп жүрген шығарсың. Себебі – жас арамыз алшақ. Көп нәрсеге көзқарасымыз екі түрлі.

– Жетер! Тоқтат! Үндемеген сайын құтырайын деген екенсің! Кет! Жоғал көзіме көрінбей!

–  Не ғой, Асқар, Еңлікті сен алып қалшы. Сенде қалсын. Әкесісің ғой.

–  Сен анасы емеспісің?

– Білесің бе, менің қазір баламен алысып, сүйрелеп жүретін жағдайым жоқ.

– Құры! Анадан садаға кет! Еңлікті енді көрем деп ойлама! – деді Асқар қатты ызаға булығып.

Буынып-түйініп, Әсем кетті. Жасқа толуға жақындап қалған Еңлігін құшақтаған күйі Асқар балаша еңкілдеп кеп жылады. Жылаған сайын безбүйрек анасы тастап кете барған қызын құша түсті.

Күтуші келіп, «Еңлікті тамақтандыратын кез болды» деп, қолынан алғанға дейін кішкентайды бауырына басып отыра берді.

Сол түні Асқар көз ілмеді. Ғұмырын көз алдынан кино көргендей өткізді. Отбасы ошағының жылуына жетер ештеңе жоқ екенін ұғынды. Ержетіп, бойжетіп қалған ұлын, қыздарын сағынды. Олардың алдында әкелік парызымды өтей алмадым-ау деген өкініш өзегін өртеді. Жайна мен Әсемнің айырмашылығы жер мен көктей екенін түсінді. Нағыз отанасы Жайнадай болу керектігін түйді.

Есіктің қоңырауы үздіксіз безілдеп қоймады. Төргі бөлмеден үстіне халатын іле салған Жайна шықты. «Апырай, ә, таңғы сағат жетіде бұ қайсысы? Тыныштық болғай, әйтеуір», – деп есікті ашса, ар жағында бір қолында Еңлігі, бір қолында жолдорбасы бар Асқар тұр.

–  Кешіре алсаң, кешір… Біз енді сенен ешқайда кетпейміз…

Шынар   МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым аудандық «Сырым елі»  газетінің аға тілшісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар