14.01.2019, 20:55
Қараулар: 136
Қабан жылында қарайған қабанның обалына қалған кімдер?..

Қабан жылында қарайған қабанның обалына қалған кімдер?..

Қаңтардың 10-ынан 11-іне қараған түнде Жаңақала ауданының аумағынан заңсыз атылған қабандардың төшкелері табылған.

Бұл жайында БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Зәкәрия Төреәлиев мәлімдеді.

– Оқиға болған кезде біз Жаңақала ауданының аумағында іссапарда болған едік. «Охотзоопром» инспекторлары Жаңақазан ауылынан үш шақырымдай қашықтықта кетіп бара жатқан екі көлікті көріп, алдыңғы «Mitsubishi» ныспылы мәши-нені тоқтатқан. Осы сәтте қашығырақ келе жатқан екінші көлік бұрылып, кейін қашқан. Және жарығын сөндіріп, көзден таса болады. Тоқтаған мәшиненің ішінде төрт адам болған. Оның екеуі Орал қаласының, ал енді екеуі Жаңақазан ауылының тұрғындары екен. Учаскелік инспектор шақыртылып, ұсталған мәшинені тінткен кезде, көліктің ішінен екі ит және қос мылтық табылды. Көліктегілер аң аулап жүргендерін, екі қасқырды атып алып, 30 шақырым шамасындағы қыстаққа қалдырғандарын айтқан. Алайда олар қасқыр атуға арнайы рұқсат алмаған. Олар сөз арасында кейінгі көліктің өздерімен бірге шыққанын айтып қалғанымен, кейін «Танымаймыз, ол көлікпен байланысымыз жоқ» деді. Қашқан көліктің ізімен барған қызметкерлер ол мәшиненің бір шақырымдай жүргеннен кейін жолсызға шығып, жолдан 200 метрдей жерге жаңадан атылған алты қабанның төшкесін қалдырып, Жаңақазан ауылына кіріп кеткенін анықтады. Қабанға аңшылық маусымы 31 желтоқсанда жабылған болатын. Сондай-ақ осы сапарда Жаңақазан ауылының маңынан мүйіздері кесілген жеті киіктің төшкесі табылды. Бүгінгі таңда бұл оқиғаларға байланысты заңбұзушылар анықталған жоқ. Тергеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді  Зәкәрия  Есболатұлы.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»    

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар