14.01.2019, 20:48
Қараулар: 54
«НАР ЖОЛЫНДА ЖҮК ҚАЛМАС»

«НАР ЖОЛЫНДА ЖҮК ҚАЛМАС»

Орал қаласында тұратын ұлағатты әулеттің қос бәйтерегі – Қаратөбе ауданында ұзақ жыл  бойы  ұстаздық жолында аянбай тер төккен қадірменді жандар. Қаратөбе аудандық білім беру бөлімін жиырма бес жылдан астам уақыт басқарған Абай Шыныбекұлы Мұхитов және өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, отбасында айнымас жары, еңбек жолында адал әріптесі болған Клара Кенжегерейқызы Көбенқұлова екеуі жақында мерейлі 70 жастарын атап өтпек.

Абай Мұхитов 1949 жылы 14 қаңтар күні Қаратөбе ауданында Қаракөл ауылдық кеңесіндегі Ақтайсай ауылындағы Қуағаш қыстағында дүниеге келген. Әкесі Шыныбек учаскелік милиция міндетін атқара жүріп, қызмет бабымен Аққозы, Үшана, Қалдығайты ауылдарында еңбек етеді. 1954 жылы отбасымен  Егіндікөл ауылына көшіп келеді. 1955 жылы осы ауылдағы жетіжылдық мектепте орыс сыныптары ашылды. Бұл тың игеру науқанына көшіріліп әкелінген диаспора өкілдеріне Кеңес өкіметінің жасаған қамқорлығы еді. Абай Шыныбекұлы оқуын мектептегі орыс сыныбынан бастады. Одан кейін отбасы Қаратөбе ауданы орталығына көшіп, 1966 жылы Мұхит атындағы орта мектепте 11-сыныпты тәмамдады. Сол жылғы жазғы емтихан кезінде әкесі ауыр науқастан қайтыс болды. Шаңырақтағы жалғыз ұлды анасы Илан Батырғалиева тәрбиелеп өсірді. Орта мектепті енді бітірген бозбаланы марқұм әкесі Шыныбектің  құрдасы, аудан прокуроры Сартай Қарақұлов хатшы ретінде жұмысқа алды.

– Прокурордың сұсынан көпшілік ығып жүретін. Мінезін қатал деп есептейтін. Бірақ оның маған деген жан жылуын, қамқорлық шуағын анық сезіндім. Маған жұмысқа ерте келуді, өзім-нің міндетіме жауапкершілікпен қарауды, құзырлы мекеме болған соң, соған сәйкес өзімді салмақты ұстауымды талап етті. Телефон шалғандарға жауап беріп, арыз-шағымды тіркеп, статистикалық мәліметтер есебін жасауды, машинкамен құжаттардың мәтінін теруді тез меңгеріп алдым. Аудандық прокуратурада жастай сіңірген еңбек дағдысы өміріме елеулі әсер етті, – дейді Абай аға бүгіндері.

Абай Мұхитов 1968-72 жылдары М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың жарытылыстану факультетінде оқып, география-биология пәндерінің мұғалімі ретінде еңбек жолын Қаратөбедегі Аққозы мектебінде бастады. Осы білім ошағында жас маман жаңашыл әдіс-тәсілімен, ізденісімен көзге түсіп, интернат меңгерушісі, директордың тәрбие және сыныптан тыс жұмыстары жөніндегі орынбасары, кейін директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Абай Шыныбекұлы 1984 жылы Қалдығайты ауылындағы орта мектептің директоры қызметіне тағайындалды. Сол жылы Қалдығайты ауылында үлгі жобадағы мектеп ғимаратының құрылысы басталды. Үгіт-насихат жұмыстары нәтижесінде мектеп құрылысын жүргізуге ауыл тұрғындары, ата-аналар мен педагогикалық ұжым бір кісідей атсалысты. Игі істің уақтылы жүзеге асуына мектеп директоры жауапкершілікпен қарап, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін анық көрсетті. Үш қабатты еңселі ғимарат бір жылға жуық мерзім ішінде салынып, қолданысқа берілді. Мектепте физика, химия, лингафон кабинеттері, киноаппарат бөлмесі, шеберхана және акт залы болды. Сөйтіп, Қалдығайты мектебінің ұжымы оқу-тәрбие жұмысын жандандыра түсуге білек сыбана кірісті. Жазғы демалыс кезінде оқушыларға кәсіптік бағдар беру, еңбек дағдысын ерте қалыптастыру бағытында өндірістік бригада жұмысын бастады. Тәлімгер тағайындалып, бригада құрамындағы жастар қауын, қарбыз, пияз, картоп, қызанақ екті. Оқу-тәрбие ісіндегі жаңашылдықты педагог мамандар тез меңгеріп, білімді шәкірттер тәрбиеледі, мектептен алтын медаль иегерлері түлеп ұшты.

Абай Мұхитовтың өміріндегі елеулі кезең – 1987 жылы ақпан айының 27-сі күні аудандық білім беру бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалуы болды. Білікті азамат білім саласын 18 жыл бойы басқарды.

1991 жылы кеңестік жүйе келмеске кетті. Мемлекеттік құрылымдарға жаңа бағыттағы саясат қалыптастыру міндеті жүктелді. Білім саласын ұлттық таныммен, халықтық педагогикамен ұштастыру бағытында іргелі шаралар жүргізіле бастады. Облыстық білім басқармасының қолдауымен Абай Шыныбекұлы Қаратөбе ауданынан мектеп басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ізденімпаз мұғалімдер құрамына енген бір топ делегацияны жасақтап, Қызылорда облысына тәжірибе алмасу бағытында барып қайтты.

– Келген соң аудандағы әр мектепте «Шаңырақ» бөлмелері ашылды. Ұлттық құндылықтарымызды танытатын жәдігерлер жинақталып, халықтық педагогиканың мазмұнын ұрпақ санасына сіңіруге тырыстық. Бұл жоба ауданымыздағы музей мектептерінің негізгі алғышарттары  іспеттес болды, – дейді Абай Шыныбекұлы.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыстың кесірі көпке оңай тимегені мәлім. Атап өтерлігі, білікті басшы сол кезеңде ұтымды шешім қабылдауды ұйғарды. Аудан әкімі Аманкелді Әділовтың қолдауымен ауылдардағы білім мекемелері жанынан қосалқы шаруашылықтар ашылды. Жаппай таратылған кеңшарлар малынан әр мектепке пай беріліп, бухгалтер ұстауға дейін рұқсат етілді. Шаруашылық қарауындағы мал есебінен мектептерге көрнекілік құралдар, қысқы отын, жанар-жағармай алынды. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, ауданда  жаңа білім ошақтары ашыла бастады. Қаратөбе ауданының орталығында 1998 жылы жаңа мектеп-гимназия ашылды. Он жылдың ішінде осы гимназиядан 11 «Алтын белгі» иегері қанаттанды. 1995 жылы Б. Қаратаев атындағы мектептің ғимараты жаңадан салынды. Абай Шыныбекұлының бастамасымен 2000 жылдардың басында Шалқар көлі жағасынан «Балдәурен» жазғы демалыс лагері ұйымдастырылды. 2001 жылы Абай Мұхитов ҚР Президентінің алғысхатын иеленді. Сәйкестік болар, 2004 жылы Елбасының біздің өңірге жасаған сапары кезінде білім саласы бойынша атқарылған іс-шаралар мен қолға алынған жобалар жөнінде баяндау Абай Шыныбекұлына жүктелді.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Мұхитов 2004 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды. 2006 жылы ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері атанды. Бір жылдан кейін Ы. Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды.

Абай Шыныбекұлын жан шуағына бөлеп, еңбек жолында да және отбасылық өмірде де мерейінің асқақ болуына тікелей қолдау көрсеткен асыл жары Клара Көбенқұлова Қаратөбе ауданындағы Қаракөл ауылында дүниеге келген. Қаратөбе орта мектебін тәмамдаған соң, осы оқу ошағында зертханашы, бастауыш сынып мұғалімі болды. 1967-71 жылдары М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да оқып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде Қаракөл орта мектебіне қызметке орналасты. 1972 жылы Абай Шыныбекұлымен шаңырақ көтеріп, төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Аққозы, Қалдығайты ауылдарындағы мектептерде, Қаратөбе мектеп-гимназиясында еңбек етті. 1996 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атанды. Атап өтерлігі, 1992 жылы Қаратөбе аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен «Ұстаз үні» газеті жарық көре бастады.

– «Ұстаз үні» сол кезде облыс бойынша мұғалімдерге арналған тұңғыш басылым болды. Құрылтайшылары аудандық білім бөлімі мен халық ағарту қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитеті еді. Педагогикалық, әдістемелік газет 1992-1997 жылдар аралығында айына бір мәрте басылып тұрды. Алғашқы екі жылында белгілі өлкетанушы, журналист, марқұм Қайыржан Хасанов редакторлық етті. Кейінгі жылдары өзім редактор болдым. Басылымда аудандағы ұстаздар тәжірибесі, түрлі конференция материалдары, бала тәрбиесіне қатысты мақалалар, мектептердің рейтингтік көрсеткіштері жарияланып отырды, – деді Клара Кенжегерейқызы. Айта кетейік, 2009 жылы қос ұстаз жөнінде «Өнегелі өмір иесі» атты кітап жарық көрген.

Абай Мұхитовтың балалары бүгінде іскер азаматтарға айналған. Абат Абайұлы – бүгінде Қазталов ауданының әкімі. Нұрболат – Зашаған кенті әкімінің орынбасары. Бек пен Нұргүл «ҚПО б. в.» компаниясындағы бөлімдерді бас-қарады. Өкінішке орай, Жанболат Абайұлы өмірден ерте озды.

Серік  СҮЛЕЙМЕН,

«Нұр  Отан»  партиясы  облыстық   филиалы  төрағасының бірінші  орынбасары:

– 1997-2003 жылдары Қаратөбе ауданы әкімі қызметін атқардым. Ол уақыт халық үшін қиын кезең болды. Аудандағы іскер азаматтар әр мектептің жанынан қосалқы шаруашылық ашып, білім ұйымдарын жабылудан сақтап қалды. Мұндай тәжірибе басқа аудандарда қолға алынған жоқ. 1998 жылы дарынды балаларды оқыту мақсатында аудан орталығынан мектеп-гимназия ашылды. Ол үшін аукционға шығарылған балабақша ғимаратын сатып алып, мұғалімдердің күшімен ғимараттың ішкі құрылысын өзгертіп, сыныптарды жасақтадық. Оған мектептер жанындағы қосалқы шаруашылықтардан түскен пайда елеулі әсер етті. Гимназиядағы оқушылар санын толықтыру үшін басқа ауылдардан дарынды балалар алдырту қажет болды. Сол кезеңде жеке кәсіпкердің қолына өткен қонақүйді кері алып, оны жөндеп, 65 балаға арналған интернат ретінде пайдалануға бердік. 2001 жылы әмбебап дүкен болған сауда орнын әкімдік меншігіне өткізіп, спортзалға айналдырдық. Ғимараттың төбесі екі метрге биіктетіліп, еден асты бір метрге тереңдетілді. Үлкен-кіші келіп, қысы-жазы спортпен айналысуына жағдай жасалды. Ауылдағы мектептер кеңшарларға қарасты жылу қазандығымен жылытылып келгені мәлім. Кеңшарлар жаппай таратылғанда, барлығы істен шықты. Содан ауылдарды өздеріміз аралап, барлық мектеп жанынан жылу қазандығы салынуына ұйытқы болдық. Мұның бәрі бюджет қаражатынсыз жасалынды. Осы қиюы келуі қиын шаруаларды жүзеге асыруда «Нар жолында жүк қалмас» дегендей, Абай Шыныбекұлы ерекше белсенділік танытып, іскерлік қабілетін көрсете  білді.

Шолпан  ҚЫДЫРНИЯЗОВА,

ақын,  ҚР-ның  еңбек  сіңірген  мәдениет  қызметкері:

–  Абай Мұхитов пен Клара Көбенқұлова – бір ауылда туып-өскен бала күнгі достарымыз. Менің жұбайым Шоқан Тінәлиев олармен бір класта оқыды. Абайдың азамат болып қалыптасуына   анасы Илан және білікті ұстаздары ерекше ықпал етті. 1993 жылға дейін Қаратөбе аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Сол кезде Абай Шыныбек-ұлымен тығыз байланыста жұмыс істедік. Әбекең адамдармен тез тіл табысады. Жауапкершілігі мол азамат. Білікті, іскер басшы болды. Қаратөбе ауданындағы Мұхит атындағы орта мектепте оқығанда байқағаным, Клара өте пысық, ұйымдастыру қабілеті жоғары болды. Кейін мамандығын мықты меңгерген мұғалім ретінде танылды. Келін ретінде енесіне деген сый-құрметі  ерекше болды. Лауазымды қызметтегі отағасына жан-жақты қолдау  көрсете  білді.

Нұртай    АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал   өңірі»    

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.