14.01.2019, 20:46
Қараулар: 127
357 млрд. теңге инвестиция тартылды

357 млрд. теңге инвестиция тартылды

Өткен жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша облыстағы өңдеуші өнеркәсіпте өндіріс көлемі 9,4%-ға артып, 180 млрд. теңгені құраған. Мұндай көрсеткішке металлургия өнеркәсібінде өндіріс көлемінің 1,2 есеге, дайын металл бұйымдарын өндіру 1,6 есеге, резеңке және пластмасса бұйымдарын 1,5 есеге, машина жасау саласында өндіріс көлемін 12,3%-ға, азық-түлік өнімдері өндірісін 17%-ға ұлғайту есебінен қол жеткізілген.

Бұл туралы жұма күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексовтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 22-сессиясында айтылды.

Сессияда облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Жалмағанбетовтың «Қазақстан Республикасында индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамыту туралы» мемлекеттік бағдарламалардың өңірде орындалуы туралы есебі тыңдалды.

Спикердің мәлімдеуінше, өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестициялар көлемі 357 млрд. теңгені құрап, бұрнағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға өскен. Соның ішінде инвестициялар көлемі өнеркәсіп саласында 240 млрд. теңге болса, өңдеу өнеркәсібі саласында 14 млрд. теңге құраған.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың 67 пайызы тау кен саласына тиесілі болса, көлік саласы 13%, жылжымайтын мүлік 11%, өңдеу өнеркәсібі 4% құрайды. Соңғы үш жылда өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялардың өсімі байқалған. Сыртқы инвестициялар көлемі 224 млрд. теңгені құрапты. Негізгі капиталға сыртқы инвестициялардың үлесі 63%-ға дейінгі көрсеткішті құраған. Бұл көрсеткіш бойынша республика деңгейінде Батыс Қазақстан облысы бірінші орынға ие. Сондайақ өткен жылы облыстағы инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялар тарту бойынша кеңес қызметінің алты отырысы өткізіліп, 885 адамды жұмыспен қамтитын 40 млрд. теңгенің 12 жобасы қолдау тапқан.

Басқарма басшысы өз баяндамасында өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламалары, аймақтың индустриалдық дамуы бағытындағы атқарылған істер мен алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті.

Сонымен қатар сессияда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің шекті мөлшерін белгілеу бойынша ұсыныстар енгізу және облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау туралы мәселелер қаралды.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар