14.01.2019, 20:44
Қараулар: 118
30 минутта ашылған ұрлық

30 минутта ашылған ұрлық

Өткен жылдың соңғы күндерінің бірінде, нақтырақ айтсақ, 2018 жылғы 30 желтоқсанда, түнгі сағат 23.51-дің шамасында Орал қаласы полиция басқармасындағы кезекші бөлімнің жедел кезекшісіне қала ішіндегі екі қабатты үйге ұры түсіп, үйдің астан-кестеңі шыққаны, әр бөлменің қопарылып, шкафтардың төңкеріліп жатқаны туралы суыт хабар түседі.

Пәтер ұрлығы тіркелген оқиға орнына  басқарманың тәуліктің кезекшілікке түскен жедел тергеу тобы сол мезетте барды. Көзі шарасынан шыға жаздап, ашуға булыққан үй иесі, 1969 жылғы Айсәуле есімді азаматша полиция қызметкерлерін көріп қуанып кетті. Расында да, айналасы түрлі-түсті қаңылтыр қақпамен қоршалған, коттедждің барлық терезесіне темір тордан қоршау мықтап дәнекерленіп бекітілген, екі қабатты үй екен. Үйдің іші де, сырты да заманауи жабдықталған, әр бөлме жарқырап тұр. Бөлмелерді шапшаң аралап, ақша іздеген болса керек. Тартпалар мен суырмалары ашылып, киімдер мен жер төсеніштері, едендегі кілемдер жылжыған. Үй иесі Айсәуленің айтуынша, үйден 8,5 мың ресей рублі ұрланған. Пәтер ұрлығының ізін суытпай ұрының соңына түскен жедел уәкіл мен тергеуші үй сыртын айналып, кіріп-шыққан бағытын бажайлап жүр. Ал, криминалист осы тұспен жүруі мүмкін деген алғашқы аяқ киім іздері мен саусақ іздерін, терезе жақтауларын мұқият қарады. Алдыңғы тұстағы бір терезенің сыртқы темір қоршауын бұзып ашып, үйге кіргенін анықтаған да криминалист еді.

Бұл күні басқарманың жедел криминалистикалық бөлімінің криминалисі, полиция аға лейтенанты Мәди Тастілеуов іздерді анықтау мақсатында көп еңбектенді. Екінші қабатқа көтерілгенде баспаның жақтауларын ұстағандағы алақан мен саусақ іздерін, терезе жақтауларына түскен саусақ іздерін, аяқ киім іздерін анықтады. Түн жарымында орын алған пәтер ұрлығы туралы бейнежазба жазылып, бірнеше айғақтар жинақталды. Содан басқармадағы қызмет кабинетіне келген криминалист Мәди Тастілеуов іздерді өз саласы бойынша анықтап, зерделеді. Жарты сағат ішінде барлық ізді базаға енгізген полиция қызметкері бұл саусақ пен алақан және аяқ киім іздерінің кімге тиесілі екенін тапты. Ол бұған дейін де, заң алдында жауапкершілікке тартылған 1995 жылы туған, Орал қаласының тумасы болып шықты. Күдікті деп танылған азаматты жедел уәкілдер түнімен іздеп тауып, басқармаға жеткізіп, жауап алғанда ол пәтер тонағанын мойындады. Ұрлыққа қандай дайындықпен барғанын, үйде кісі болмайтын уақытты аңдып жүргенін, әдейі көз байланар мезгілді күтіп жүріп, тонағанын баяндап берген.

Бүгінгі күні Орал қаласының полиция басқармасы пәтер тонаған күдіктінің үстінен ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Осылайша, Жаңа жыл қарсаңындағы пәтер ұрлығын криминалист, полиция аға лейтенанты Мәди Тастілеуов кәсіби шеберлігі мен жеделділігінің арқасында жарты сағатта ашты.

Гүламан   ЕСМАҒҰЛОВА,

Орал   қалалық   полиция   басқармасының   қызметкері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар