11.01.2019, 13:12
Қараулар: 163
БИОҚОСПА туралы не білеміз?

БИОҚОСПА туралы не білеміз?

Ел  аузында  «БАД»  аталып  кеткен  биологиялық белсенді  қоспалардың жарнамасы  артып  келеді. Оны  тұтынып,  пайдасын  көріп  жүргендер  де, қыруар  қаржыға  тапсырыс  беріп,  нәтижесінде дертіне  дерт  жамағандар да  бар.  Осы  орайда биологиялық  белсенді қоспалардың  түрлері,  пайдасы  мен  зияны  туралы тарқатпақпыз.

Сала мамандарының пікіріне тоқталсақ, биологиялық белсенді қоспалар ағзадағы жетіспейтін дәрумендер мен минералдардың мөлшерін толықтыру үшін қолданылады. Алайда кейбір жайттарды ескерген жөн.

– Адамның  күнделікті тағамдық рационы бойынша бір күнде 600-дей нутриент тұтынуы қажеттігі ғылыми дәлелденген. Бірақ үйлесімді тағамдық рационды көп адам толық қамтамасыз ете бермейді. Сауатты тамақтану режімімізді бұзып, түстігімізде жылдам дайындалатын фастфуд өнімдерін тұтынып жүргендеріміз баршылық. Ағзаға жеткілікті мөлшерде дәрумендер мен минералдар, амин қышқылдары түспегеннен кейін денсаулығымыз сыр бере бастайды. Осы кезде биологиялық белсенді қоспаларды қолдануға болады. Өйткені олар минералдан, өсімдіктер мен теңіз өнімде-рінен алынған табиғи тағамдық және биологиялық белсенді шикізаттардың қосындысы. Биологиялық белсенді қосымша, негізінен, екіге бөлінеді. Оның біріншісі – дәрілік заттарға теңестірілген парафармацевтик деп аталса, екіншісі, тек таза биоқосымшадан тұратын, тағамға, дәрі-дәрмекке қосымша ішілетін нутрицевтиктер. Бұлар дәрілік препарат түріне жатпайды. Тағамдық және дәрілік өсімдіктердің концентраты болғандықтан, ағзаның жалпы жағдайын жақсартып, иммунитетті көтереді және адамның сергек сезінуіне жәрдемдеседі. Сондай-ақ күнделікті дәм-тағамның құнарлылығын (калориясын) төмендету арқылы дене салмағын реттеу мақсатында да қолдануға болады. Себебі, кейбір биологиялық белсенді қоспалар тәбетті төмен-дету қасиетіне ие. Созылмалы аурулар кезінде зат алмасу үдерісін жақсартып, ағзадан улы токсиндерді шығарады. Ескерте кететін мәселе, биологиялық қоспаларды себепсіз тұтынуға болмайды.

Әсіресе, дәрі ретінде емделу үшін пайдаланбау керек. Сонымен қатар биоқоспамен қатар дәрі-дәрмекті рецептісіз пайдаланбаған жөн.

Себебі, ағза сол дәріге үйреніп алады да, кейін қатты сырқаттанған кезде дәрі өз әсерін бере алмайды. Мәселен, біраз адам тұмауратқанда антибиотикті дәрігердің нұсқауынсыз қабылдайтыны жасырын емес. Мұндай жағдай жиі қайталанса, дәрінің күшін ағза қабылдамайтын қиын жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті  биоқоспаны, сондай-ақ дәріні оңды-солды іше беруге тыйым салады. Өйткені дәрі-дәрмек атаулының пайдасымен қоса, зияны  да барлығы мәлім. Белсенді қоспа ағзаның бір мүшесіне жақсы әсер еткенімен, келесісіне зиянын тигізуі ықтимал, –  дейді облыстық көпбейінді аурухананың гастроэнтеролог  дәрігері  Гүлнәр Мұқанова.

Биологиялық белсенді қоспа-лар дәріханалар мен желілік маркетингтік жүйе арқылы сатылымда баршылық. Оны тұрғындар дәрігердің нұсқауынсыз пайдаланып жүргені мәлім. Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылының тұрғыны, зейнеткер Бақыт Әлесова қыруар қаржы жұмсап, нақтырақ айтсақ, 122 мың теңгеге биогель сатып алған.

– Адам денсаулықтың қадірін сырқаттанғанда бір-ақ сезеді екен.

Асқазаным ауырып, буындарым сырқырап, қан қысымым жиі мазалай берген соң, бұқаралық ақпарат құралдарында  жарнамасы жер жаратын өнімге тапсырыс бердім. Ұлымның да бүйрегі мен бел омыртқасы ауыратын. Био-гельдің нұсқамасында теңіз балдырларынан жасалған 100% табиғи өнім екендігі жазылған. Ас қорытуды жақсартады, асқазанішек жолдарының қызметін қалыпқа келтіреді және қан құрамындағы қанттың, холестериннің мөлшерін реттейді, сондай-ақ бауырөт жолдары ауруларының алдын алады делінген. Ұлым екеуміз күніне аш қарынға екі айға жуық биогельді іштік. Тұтынып жүргенде денсаулығымыз жақсарғандай болды. Қан қысымым көтерілмеді. Бірақ құтыдағы өнім қалай таусылды, солай дендеген дертіміз кері мазалай бастады. 40 мың теңге зейнетақыға қарап отырған зейнеткерлерге екі ай сайын 100 мың  теңгенің өнімін тұтына беру қалтаға зор салмақ салады. Қазір асқазаным мен бүйрегімді дәрігер-ге қаратып жүрмін, – дейді кейіпкеріміз.

Гүлжауар Махамбетқызы есімді қала тұрғыны қоспаның арықтататын түрін тұтынып жүргеніне екі  жылдан асыпты.

– 2016 жылы қызымды босанғаннан кейін көп салмақ қосып алдым. Айтсам, сенбессіз, сол кездегі салмағым 120 килограмм болатын. Тіпті айнаға да қарағым келмейтін. Бала емізетіндіктен, диета да ұстай алмадым. Үйдің тірлігінен қол босамай, спортпен шұғылдануға  мүмкіндігім болмады. Содан өзім құралпы қыз-келіншектерден арықтаудың жолын сұрастыра бастадым. Желілік маркетинг арқылы  әлдебір фирманың арықтататын өнімін алдым. Бағасы 35 мың теңге болды. Тамақтанардың алдында бір стақан коктейлін ішіп жүрдім. Нәтижесінде алты-жеті айда 62 килограмға дейін салмақ тастадым.  Қан қысымым қалпына келіп, бүйрек дертінен айықтым. Бір ескеретін жағдай, арықтататын қоспа-ларды тұтынған кезде міндетті түрде спортпен шұғылдану керек.

Өйткені қимыл-қозғалыссыз арықтағаннан кейін терің салбырап кетеді екен. Сондай-ақ биологиялық қоспаны ішуді  доғарған кезде кері салмақ қосуың мүмкін, –  дейді ол.

Биологиялық белсенді қоспа-лардың қауіпсіздік жағдайына тоқтала кетсек, қоспалар ҚР «Тех-никалық реттеулер туралы» заңы мен «Тағамдық биологиялық белсенді қоспалардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар және санитарлық ережелер мен нормалар» секілді нормативтік құжаттармен реттеледі. Ал мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу қызметін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпиде-миологиялық қадағалау комитеті атқарады. Қазақстандықтарға ұсы-нылатын қоспаларды тіркеу, негізінен, екі кезеңнен тұрады екен. Бірінші кезеңде өндіруші туралы мәліметке сараптама жүргізіледі. Мұнда өнімдердің нормативтік құжаттарға сәйкестігі, дайындау түрі, сынақ нәтижесі зерттеледі.

Екінші кезеңде жануарларға тәжірибе жүргізу арқылы санитарлық-гигиеналық жағдайы, яғни ингредиенттік құрамының сәйкестігі, физикалық-химиялық көрсеткіштері, ауыр металл тұздарының, радионуклидтердің, пестицидтердің, микотоксиндердің кездесуі зерттеледі екен. Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Гүлбақыт Наурызәлина кейбір биологиялық белсенді қоспалар денсаулыққа өте қауіпті екенін айтқан болатын. Солардың бірі – «Королев Фарм» ААҚ өндірген «Редуксин Лайт» қоспасы. Оның елімізге тасымалдау туралы №RU.77.99.11.003.Е.016191.11.12 мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің күші жойылған. Бұл қоспа ресми түрде 2013 жылдың қаңтар-наурыз айларының аралығында ғана өндірілген. «Егер аталған өнімнің контрафактілік жолмен тасымалданғаны немесе сауда орындарында сату фактілері анықталған жағдайда тұрғындар аталмыш департаментке (БҚО, Орал қаласы, Д. Нұрпейісова көшесі, 19. Байланыс тел.: 8 (7112) 51-27-66) немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқандары жөн», – дейді маман.

Сұраныстың көп болуына байланысты желілік маркетинг жүйесі арқылы сатылатын бұл қоспалардың түрлері де артқан. Соған сәйкес әр тұтынушы жоғарыда айтылған жанама әсерлерін ескере отырып, мемлекеттік тіркеуден өтіп-өтпегенін анықтағаннан кейін тұтынғандары абзал.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар