11.01.2019, 13:10
Қараулар: 121
Аңшылар әулетінде

Аңшылар әулетінде

Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Атқа міну мәдениеті» атты тармағында «Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы XIX ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз» деп жазғаны мәлім.

Атқа міну мәдениеті аясында қолөнердің дамуын, атап айтқанда, ер-тұрман, жүген, қамшы, өмілдірік, құйысқан секілді ат құралдарын жасау технологиясының да өзінің шарықтау шыңына дейін жетілгенін айтылған әңгіменің бір қыры ретінде қарастыруға болады. Көшпенділердің қолынан шыққан мұндай қолөнер бұйымдары біріншіден, экологиялық тұрғыдан таза, екіншіден, табиғи болғандықтан аса сапалы, үшіншіден, қолданысқа өте ыңғайлы, төртіншіден, жоғары сән-салтанатқа ие болып келеді. Мұның бәрінің тасасында ата-бабаларымыздың асқан шеберлігі, жоғары эстетикалық талғамы, ой тереңдігі, айрықша табиғи дарыны жататыны түсінікті. Кейде біз жер жүзіне ұлы мәдениетті таратқан осындай халықтың өкіліміз деп қанша жерден кеуде соққанымызбен, ол деректердің тарихта хатталып тұрғанына қарамастан, бүгінгі ұрпақ өкілдері арасында ата-бабаларымыз меңгерген, тіршілікке қажетті қарапайым әрі ғажайып технологияны білетіндер некен-саяқ, тіпті мұндай жандардың көздері жойылып бара жатқаны ащы да болса шындық. Бәлки, қазақ халқы табиғи дарындылық жағынан әлі күнге дейін ешбір ұлтқа дес бере қоймағанымен, жұртымыздың жаңа заманға сай өркениет, жаңа технология тұрғысынан әлем елдері қатарында көш бастай алмай тұрғанының бір сыры осында жатса керек. Осы тұрғыдан келгенде ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы  даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын дүркін-дүркін жариялап, ұлтымыз үшін әбден көмескілене бастаған бұрынғы бай мәдениетіміз бен тарихи санамызды оятып, оны бүгінгі заманға бейімдеуге айрықша мән беруінің астарында қаншалықты маңызды дүние жатқанын бағамдауға болатын шығар. Тәуелсіздігі енді тұрақтана бастаған, кезінде  ғасырлар бойғы отарлық езгі жағдайында мәдениеті мансұқталып, тарихы қолдан бұрмаланған елдің ішінде жоғарыда айтылғандай некен-саяқ болса да, бабалардың бай дәстүрлерін бүгінге дейін жалғап келе жатқан жандардың кездесетіні көңілге қуаныш ұялатады.

Сырым ауданы Бұлдырты ауылдық округінің тұрғыны Қуандық Құсекен – бұрынғы сал-серілердің сарқытындай ерекше жан. Қуандық тазы жүгіртіп, атпен аң аулайды. Шаруаға да епті жігіт олжаға ілінген түлкі, қарсақ, қасқырдың терісін илеп, кәдеге асырады. Ірі қара терісінен қайыс жасайды, өз қолымен таспа тіліп, қамшының жыланбауыр алты өрме, домалақ алты өрме, екі қырлы алты өрме, сегіз, он, он екі өрім түрлерін, ерекше сәнді әрі сапалы етіп жүген, шідердің түр-түрін жасайды. Бір қызығы, кейіпкеріміз қолынан шыққан бұйымдарын ешкімге саудалап көрген емес. Талай түлкінің сәнді етіп иленген терісі мен көздің жауын алатын кереметтей қамшылар араласатын дос-жаран, сыйлас жандарға тарту ретінде таратылған. Тіпті жаздың күнінде бие байлап, бір өзі екі сағат сайын сауғанда жиналған саба-саба қымыздың қызығын Қуандық ағамыздың ағайындары мен көрші-көлемдері тегін көреді екен. Әрине, мұндай жандар алақан жайып, ешкімнен қолдау-көмек сұрамайтыны бесенеден белгілі ғой. Әйткенмен, кәсіптің ерекше түрлері қолынан келетін осындай сирек кездесетін жандарға шағын және орта бизнесті қолдау аясында шағын цехтар салып беріп, мемлекет тарапынан нақты қолдау жасалатын болса, қай-қай тарап та қаншама рухани әрі материалдық пайдаға кенелер еді деген ой келеді.

Аталмыш ауылдық округтегі журналистік сапарымызда кейіпкеріміздің шаңырағында болып, онымен жақынырақ танысудың сәті түскен еді. Қазақы дастарқан басында Қуандықтың ағасы Жүсіп аңшымен де дәмдес болдық. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Орал өңірі» газетінде Сырым аудандық газетінің редакторы Махмет Қажиахметовтың «Жүрек жұтқан Жүсіп аңшы» атты мақаласы жарық көргені көзі қарақты оқырманның есінде болар. «Аға тұрып, іні сөйлегеннен без» демей ме, Жүсіп аңшы сөз бастап, біздің сұрауымызбен ата-тегі, аңшылықтағы хикаялары туралы көсіле әңгімеледі.

– Әкем Бисенғали аңшы болған кісі, 1920 жылы туған, – деп бастады әңгімесін Жүсіп аңшы. – Соғысқа аттанбас бұрын әкемнің Лашын деген қаншық тазысы болған екен. Сол кезде жақын маңдағы бірінші фермада Қаршыға деген аңшы тұрыпты. Қаршығаның қос арлан тазысы бар екен. Әкем ол уақытта Мағаз деген жерде қой баққан. Сонда ылғи қырдың басында жататын бір шек қоян болыпты. Сол қоян Қаршыға аңшының көкқасқа тазыларына қанша қуса да алдырмай жүреді екен. Ол кезде ат та жоқ. Бір қар жауғанда әкем қашарға мініп шығып, әлгі қоянды жатқан жерінен үркітеді. Лашын қоянды қуып барып, бір сайдың тұсынан ұстап, алып келген. Сол жолы аңға Қаршыға да шыққан екен. Әкеме келіп, «Тазыңды маған сатшайшы» депті. Әкем сатпаған. Содан 1941 жылы әкем соғысқа аттанады. Соғысқа соңына дейін қатысып, Берлинді алып, елге оралардан екі ай бұрын Лашынды ұрлап кетіпті. Әкем соғыста жараланып, госпитальда жатқанда, тамыр ұстап айтатын бір татар болыпты. Хат-хабар алмасатын мүмкіндік жоқ кезде солдаттарға елінде не жағдай болып жатқанын тап басып айтып берген екен. Сол татар әкемнің қолын ұстап, елде анаң бар, жылап-жылап көзі кетіп қалған. Әкең бар, соғыста бір ағаң, үйде жалғыз інің, қарындасың бар екен депті. Айтуы қате болмаса да, әкем татарға толық илана қоймаса керек. Сол кезде «Тазың бар екен. Үйіңнің есігінің алдында ұзынынан созылып жатыр» дегенде, әкемнің татарға таңданбасқа лажы қалмапты.

Мен 1957 жылы дүниеге келгенмін. Тура мен дүниеге келетін жылы әкем шолақ жирен атымен қасқыр алған. Әуелі қасқырды мылтықпен атпақ болыпты. Бірақ қару от алмаған. Содан қолына іліккен бір темірді алып, қуып жетіп, қасқырды соққан. Қасқыр құлай қоймай, қамыстың ішіне кіреді. Сол кезде әкем аттан секіріп, қасқырдың үстіне қона кетеді. Анау-мынау емес, нән қасқыр екен. Үстінде отырған күйі шаппа пышағымен бауыздап алыпты. Содан әкемнің астындағы шолақ ат «Қасқыр соққан жирен» атанып кетеді. Жаңағы қасқырдың терісін Жымпитыға апарып, бір қапшық ұн, қосауыз мылтық алған. Әкем жарықтық, осы оқиғаны «бір байып қалып едік» деп айтып отыратын. Сол қосауызды мен күні кешеге дейін қолданып келдім. Өзімнің Жұлдыз деген атым болды. Жұлдызды мініп жүріп бірталай қасқырды алып едім.

1979 жылы мамыр айында салт атпен шығып, даланы он күндей кездім. Іргелес Ханкөл, Қараағаштан бастап, Егіндікөл ауылының қасындағы Аққұмға дейін бардым.

Құмның Сегізсай бетінен түсіп, Жәшитал тұсынан шықтым. Осы жерде қасқырлардың олай да бұлай жүрген іздері байқалды. Ақыры шағылдың Қаратал бетіне салынған апанға жолықтым. Қасқырдың тоғыз күшігі жатыр екен. Бауырларын көтерген. Мен жақындағанда ырылдап, өздерінше айбат шегеді. Бәрін тірілей Бұлдыртыға алып келдім. Бірақ өсіргенім жоқ. Терілерін сыпырып, азғантай ақшаға тапсырып жібердім. Жәшиталдан әрі асып, елсіз жатқан сор, жарқабақты жерлерді де араладым. Ақтөбе бетінің таулы сілемдерін де көрдім. Он күнде азығым таусылды. Алып шыққан наным да қатып қалды.

Қасқырды атпен қуып жетіп, соғып та, мылтықпен атып та алдым. Бірде ауылдасымның атын мініп, жылқы іздеуге шықтым. Қасымда екі тазым бар еді. Тазылар бір қасқырды қуып келіп, талдың арасына тықты. Қасқыр болдырып, тұрмай жатып алды. Қолымда қару жоқ еді, үзеңгіні шешіп алдым. Сөйтіп, жатқан қасқырдың арт жағынан айналып шығып, үзеңгімен соғып алғаным бар. Қоян, түлкі терілерін үкіметке арнайы жоспар бойынша тапсырып тұрдым. Ол уақытта біздің ауылда аңшы көп емес. Ептеп аңға шығып тұратын бір ғана неміс болды. Бір орыс қақпан құратын. Мен түлкі терісін тапсырғанда оқ-дәрі алатынмын.

Қар жауған кездері таңғы сағат бестердің шамасында ауылдан шығып кетемін. Менен өзге ешкім мұндай уақытта ауылдан шықпайтын. Қасқырды қуғанда көбіне тазылар қаңғып қалады. Ізден айырылмай, атпен шоқытып, шауып отырамын. Сөйтіп бірталай қасқырды алдым, талай қызық болған. Аңшылықта әр түрлі жағдайлар кездеседі. Бірде қасқыр алам деп жүріп, Қарақұс деген жарғаққұлақ тазымды атып алғаным бар. Тазым өлген жоқ, бірақ обал жасадым. Ойылып біткен тұмсығы өне бойы пышылдаумен жүріп еді.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Тыныштыбай дейтін жерде құлындарды қасқыр жеп кете берді. Содан бір күні қасыма жылқышының балаларын ілестіріп, қасқырға шықтым. Қасыма алып шыққан серіктерімнің бірі Ханкөлге жетпей «шаршадым» деп үйіне кетіп қалды. Ханкөлден асқасын екіншісі де кетті. Ханкөлден асып, Мақпал тоғайының бер жағындағы Алпыстың шағылымен жалғыз келе жатыр едім, жеті-сегіз қасқырдың үстінен түстім. Күздігүні жылқыны қырып жүрген қасқырлар ғой. Мылтықпен екеуін атып үлгердім. Екеуі де домалап түсіп, атқан жерімде қалды. Қалғандары зым-зия бой тасалап үлгерді. Ізге түсіп келе жатыр едім, иттерімнің үрген дауысы естілді. Иттер менен екі шақырымдай ұзап кеткен екен. Шағылды жерде өскен тобылғының арасында үш ит бір қасқырды жібермей үріп жүр. Жеткен бойда аттан секіріп түсіп, қасқырды сирағынан алдым да, қойша жығып, ноқтамен аяғынан, басынан айналдырып байлап тастадым. Бір ерекшелігі – қасқыр борсыққа ұқсап қайта-қайта тістелеп жабыса бермейді. «Арс» етіп бір қабады. Сосын тісін ақсита береді. Ал борсықты олайша байлау мүмкін емес. Борсық демекші, осыдан бес-алты жыл бұрын аудан орталығына бару үшін салт атпен шықтым. Жаздың күні, түн ортасы ауған шақта атқа қонып едім, орта жолдан аса бергенімде ұйқы басты. Күн әлі жарғая қойған жоқ еді. Атымды шідерлеп, бұрынғылардың әдетімен өзімді қамшы, жүген, арқанмен айналдыра қоршап, жата кеттім. Көзім ілініп кеткен екен, шиқылдаған дыбыстан оянып кеттім. Аяқ жағымнан арқан қоршауға дейін тақалып, бір борсық келіп тұр екен. Екі жүз метрдей жерде атым маған қарап осқырынып, үркіп тұр. Борсықтан үрікпеуші еді. Бір қызығы, иттерім ештеңеге елең етпейді, анадай жерде қаннен қаперсіз жатыр. Әлгі борсық бұрылып алды да, доп секілді домаланып жылыстай берді. Тіпті аяқтары көрінбейді. Иттеріме белгі беріп едім, алақтап кері қарай шауып кетті. Негізі аңға түскен ит борсықтың ізімен кетуі керек еді. Өзім жүгіріп, бағыттап айтақтап едім, иттерім қайтадан басқа бағытқа шапты да тұрды. Аң-таң болып аттың қасына бардым. Ат әлі үркіп тұр. Сол кезде барып, басыма «Көргенім пері емес пе?..» деген ой түсіп, ұйқым шайдай ашылды. Жарық түсе бастаған. Айналаға бажайлап қарасам, ескі орынға жатып қалған екенмін. Сол сапарда Жымпитыға таяғанда бір борсықты соғып алдым. Енді борсықпен ауылдың ішіне кіруге ыңғайсызданып келе жатыр едім, шеткі үйлердің тұсына жете бергенімде алдымнан бір әйел адам кезігіп, «Мынауыңыз борсық па?» деп сұрады. «Керек пе?» деп едім, емге қажет болды ма екен, «Иә» деді. Қуанып тастай салдым. Әлгі келіншек те риза болып, «Ауылыңызға кетіп бара жатқанда соғып шай ішіп кетерсіз» деді. Мен «Дым да керек емес» деп шаруаларыммен жүре бердім, келіншек алғысын жаудырып қала берді, – дейді Жүсіп аңшы.

Бұлдыртыға түс әлетінде табан тіреген біз Жүсекеңнің қызықты әңгімелеріне елітіп отырғанымызда, қара күздің қысқа күні қалайша кешкіріп қалғанын аңғармай қалыппыз. Осы кезде отырған бөлмемізге қапшық толы қолөнер бұйымдарын көтеріп, кейіпкеріміз Қуандық ағай енді. Асқан шеберлікпен тұтастыра тоқылған шыбыртқы, қамшы, қайыс шідер, иленген түлкі, қарсақ терілерін самсатып жайып салды. Шағын бойлы, бір қарағанда мінезі тұйық, сабырлы көрінетін, ақкөңіл, сөйлесе қалғанда өжеттігі мен қызуқандылығы аңғарылып қалатын Қуақаңды сұрақтың астына алып, тері илеу технологиясының қыр-сырына қанығуға тырыстық.

– Күзде күн суытып, ауа райы бұзыла бастағанда, аң біткеннің түктері қалыңдап, әдемілене бастайды. Алғашқы түскен қарға аунаған соң тіптен құлпырып шыға келеді. Сол уақыттарда тазымен аң аулаймыз. Әкемізден алты ұл, төрт қыз тарадық. Мен кенжесімін. Ұлдардан Жүсіп ағам екеуміз ауылда, қалған төрт ағам қалада тұрады. Алтаумызда да қанға сіңген әдет – дала десе, аңшылық десе, ішкен асымызды жерге қоямыз. Әулетіміз ертеден тазы ұстап, ауланған аңның терісін илеген. Біз де бала күнімізден соны көріп өстік. Тазымен алған аңның терісі бүтін болады. Әуелі теріні жармай, домалатып, тырнақтарымен бірге сыпырып алып, тұздап тастау керек. Тұзды неғұрлым молырақ салған жөн. Өйткені тұзға піскен тері жұмсақ, сапасы мықты болады. Тұзы аз болса, тері қатып кетеді. Бұрынырақта қыстың басында тұздалған тері бүктелген күйі жазғытұрғы айран мезгіліне дейін тұзы сіңіп жатқан. Тұз сіңген соң теріні айранға (қаймағынан айырған сүттің) салады. Теріні үштөрт күнде бір қозғап қойып, айранда 15-20 (үй жануары, ірі қара терісі болса, айлап, ұзағырақ қоюға болады. Айранда тым ұзақ сақталса, түгі түскіш болады) күндей ұстау керек. Қозғаудағы мақсат – терінің бойына айранды жақсылап сіңіру. Айраннан алынған теріні жақсылап жуып, түгін ішіне қарата айналдырып, тартылып кетпеуі үшін ағашқа керіп, ішкі бетін баптауға көшеді. Баптағанда майын қырып, бормен немесе қарапайым таспен ысқылайды. Бұл теріні жұмсартып, ағартып, жеңілдету үшін жасалады. Қазіргі таңда илеушілердің көбі теріні айранға салмайды, оның орнына сірке суы-мен (уксус) илейді. Айранмен илеу үшін көп уақыт жұмсалады. Ал сірке суымен аз уақыттың ішінде илеп шығуға болады. Мысалы, бүгін ауланған аңның терісін үш күндей тұзға қойып, төртінші тәулікте сірке суына салып, бесінші күні ыдыс-аяқ жуатын сұйықтықпен (Fairy) немесе шампуньмен жуып, илеп тастауға болады. Нәтижесінде тері тап-таза болып шыға келеді. Бірақ айранмен иленген терінің сапасы жоғары болатынын естен шығармау керек. Сірке суымен иленген терінің түктері сипаған сайын сиреп, түсе береді екен.

Осыған дейін ірі қара терісін илеп, қайыс қылып, таспа тіліп, одан қамшы өріп, жүген, шідер жасап жүрмін. Бірақ түйе мен жылқы терісін илеп көрмеппін. Бүгінгі таңда түйе терісін әкеліп, тұздап қойып отырмын. Мойын терісін кесіп алып, бөлек тұздадым. Мойын тері қалың болғандықтан, ер-тоқымға көпшік орнына салатындай етіп илегім келеді. Ертеде бұлай жасады ма, жоқ па, білмеймін. Өйткені бұл бағытта мені үйретіп, тәлім беріп отыратын адам жоқ. Сондықтан өз білгенімше жасап көрмекпін, – дейді Қуандық ағай.

Қуандық Бисенғалиұлының өрімшілік қасиеті, ит жүгіртіп, саят құруы өз алдына бөлек үлкен тақырып. Ал төргі бөлмеде тұрған домбыра мен гитара үй иесінің өнерден де құр алақан жан емес екенін аңғартып тұрғандай. Кейіпкеріміз әңгіме арасында қолына гитарасын алды.

Киік қуған, аң аулап, тұлпар мінген,

Кәусарына қандырған мөлдір сумен.

Сағынышты, бақытты, жастық шағым,

Бейбіт аспан астында атқан таңы-ы-ы-ым!.. – Қуандық ағайдың тұнық дауысты шырқауында осы бір әсем ән әуелей берді…

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»