Серіктестер сеніміне селкеу түссе…

«Марасант», «Бірлік» серіктестіктері оралдықтарға жақсы таныс. Әсіресе, «Марасант» облыс орталығында біраз тұрғын үй, әлеуметтік, коммуналдық-шаруашылық бағытындағы нысандарды салды. Олардың ішінде шаһарымыздағы жаңа алаң, демалыс және мәдениет саябағы аумағындағы Шаған өзенінің арғы бетін абаттандыру жұмыстары бар. Міне, осы компанияларға біраз серіктестері наразы. Себебі, қос ЖШС олардың алдындағы берешектерін өтемеген. Мәселен, 2017 жылдың соңындағы жағдай бойынша «Марасант» ЖШС-ның кредиторлық берешегі 3,8 млрд. теңгеден, соның ішінде салықтық қарызы 153,5 млн. теңгеден астам соманы құраған.

«9,1 млн.  теңге алажағымыз  бар»

«Марасантқа» наразы жергілікті компаниялардың бірі – «Строй-комбинат» ЖШС. Тарихы өткен ғасырдың ортасынан бастау алатын бұл кәсіпорын бүгіндері темірбетон, тас өнімдері сықылды түрлі құрылыс материалдарын шығарады.

– «Марасант» компаниясымен 5-6 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. Олар басында бізге тапсырыстар беріп, құрылыс материалдарын алып жүрді. Кейін Зашаған кентінде бес үй салып, соған байланысты бізге құрылыс материалдарына тапсырыс берді. Ол кездерде ақшасын төледі. Артынан басқа нысандардың құрылысын жүргізгенде темірбетон материалдарды алып, уақтылы есептеспей, бережақ болып қалды. Содан кейін «Бірлік» ЖШС да тапсырыс берді. Бережағын өтемеген соң «Бірлікті» сотқа беріп, 16 млн. теңгемізді алып үлгердік. Ал «Марасантта» 9,1 млн. теңгеден астам алажағымыз бар. 2017 жылдан бастап «Марасант» ЖШС-ға сот шешімімен 7 жылға дейінгі мерзімге сауықтыру шарасы қолданылуда. Енді ол қаржыны ала аламыз ба, жоқ па, белгісіз. Жалпы, үміт жоқ сияқты…

Былтыр «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасында өткен бір жиында мен осы мәселені көтердім. Яғни «Марасантқа» жетекшілік жасап келген Аманжол Көнеев тиісті бережақтарын өтемей, компанияны уақытша сауықтыруға жіберіп, өзі «Бірлік» серіктестігіне басшы болып шыға келеді. Мемлекеттік құзырлы құрылымдар осыған неге мән бермейді дедім. Алайда оған тұшымды жауап болмады, – дейді «Строй-комбинат» ЖШС-ның директоры Бақытжан Нұрбаев.

«Марасант»   банкрот   бола   ма?

Жоғарыда айтылғандай, 2017 жылдан бастап «Марасантқа» сот шешімімен оңалту рәсiмi қолданылуда. БҚО ауданаралық экономикалық соттың шешімінде (№2713-17-00-2/3558, 15.12.2017 жыл) жазылғандай, оңалту шарасын қолдану туралы «Марасант» ЖШС сотқа талап-арыз берген. Оған серіктестіктің қаржылық-экономикалық ахуалының нашарлығы себепші болған. Яғни сол кездегі жағдай бойынша бұл кәсіпорынның берешегі 3,8 млрд. теңгеден астам соманы құраған, соның ішінде салықтық берешек 153,5 млн. теңгеден асып жығылады. Серіктестік өкілдері мұны корпоративтік табыс салығының өсіміне байланысты пайда болғандығымен түсіндіреді. Сол себепті «Марасанттың» бірден мұндай қаржыны төлеуге мүмкіндігі жоқ. Алдағы бір жылдың ішінде де төлей алмақ емес. Сот ше-шімінде жазылғандай, сот мәжілісінде талапкерлердің өкілдері «Марасант» ЖШС басшылығы кәсіпорынды банкрот қылуды емес, қайта оны сақтап қалуды мақсат тұтуына байланысты борышкердің оңалту рәсімі туралы арызын толықтай қолдайтындарын білдірді. Өкілетті құрылым болып табылатын БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті де бұл ұсынысқа қарсылық танытқан жоқ.

– 2018 жылдың 19 сәуірінде  сот ұйғарымымен кредиторлар  жиналысының келісімімен мақұлданған оңалту жоспары бекітілді, онда 2023 жылдың наурызында  оңалту рәсiмi аяқталатыны көрсетілген. Кредиторлар тарапынан оңалту жоспарына қарсы дауыс берген шағымдар, жоспарда көрсетілген шараларының іске асырылуы немесе орындалмай жатқандығы жөніндегі туралы негіз-демелер сотқа ұсынылды.

Кредиторлар тізіміне кірген кәсіпорынның бәріне кезекпен берешектер төленеді. Бірінші кезекте бюджетке, жалақыға берешектер өтелетін болады. Егер талапкерлердің ішінде аталмыш жоспар жөнінде білмейтіндері болса, онда бұл жоспарды орындаушыдан («Марасант» ЖШС-ның директоры А. Көнеев) қарызының өтелетін уақытын сұрағандары жөн.

Осы жерде айта кетейін, оңалту жоспары кредиторлар жиналысының хаттамасынсыз бекітілмейді. Сол жиналыста кредиторлар бірауыздан оңалту жоспарын орындаушы ретінде А. Көнеевті бекітті.

«Марасант» – ірі компания. Оны банкрот болады деп айту қиын. Егер ол оңалту жоспарын орындамаса, банкрот болуы мүмкін.

Алайда субсидиярлық жауапкершілік бар екенін де естен шығармау керек. «Оңалту және банкроттық туралы» заңда субсидиярлық жауаптылыққа тартудың тәртібімен шарттары айқындалған. Аталған заңның 6-бабында борышкердiң құрылтайшысы (қатысушысы) және (немесе) лауазымды адамдары әдейi және жалған банкроттық үшiн дәрменсiз борышкердің кредиторлары алдында өзiне тиесiлi мүлiкпен субсидиярлық жауаптылықта болады деп белгіленген. Яғни берешекті өтеуден ешкім құтылмайды. Сол себепті оңалту шарасы борышкерге де, талапкерлерге де тиімді, – дейді БҚО ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ульяна Хайруллина.

«Бізге   «Бірліктің»   бережағы   көп»

Жалпы, бұл материалдың жазылуына «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС-ның директоры  Б. Сүлейменовтің редакциямызға жолдаған шағым хаты (№130, 9.11.2018 ж.) себепші болды. Онда 2006 жылы Оралда құрылған аталмыш серіктестік бүгінде республикамыздың ең ірі мұнайгаз және құрылыс компанияларымен тығыз байланыс орнатып, «Интергаз Орталық Азия»  және «ҚазТрансАймақ» АҚ-ларымен бірлесіп, Қазақстанның 100-ден астам елді мекені мен біраз қаласын газбен қамтуға үлесін қосқанын, БҚО бойынша ірі салық төлеушілердің бірі болып саналатыны жазылған.

«2016 жылдың 9 қыркүйегінде мекемеміз Орал қаласы бойынша ең ірі мемлекеттік газдандыру саясатын орындау мақсатында «Бірлік» ЖШС-мен «Орал жылу электр орталығына» автоматтандырылған газтаратушы станция (АГРС) мен газреттеуші пункттің (ПГБ) қондырғыларын жасап, тасымалдап қондыру жө-нінде келісімшарт жасасқан еді.

2017 жылдың 14 маусымында мекемеміз келісімшарттың талабының барлығын уақтылы жүзеге асырды, яғни АГРС және ПГБ қондырғыларын «Бірлік» ЖШС-мен көрсетілген нысандарына келісім-шарттың талаптарына сай орнатып, шеф-монтаждық жұмыстарды толық аяқтады.

2017 жылдың маусым айында «Орал ЖЭО-ға тартылатын магистральдық газ құбыры құрылысының» жобасына тапсырыс берушісі БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы біздің мекемеміз орнатқан АГРС пен ПГБ қондырғысының жоба бойынша құны  1 216 640 000 теңге қаражатты толықтай «Бірлік» ЖШС-на төлеген. Алайда А. Көнеев басшылық жасайтын «Бірлік» ЖШС екі жақты жасалған келіссөздерге қарамастан, өзінің берген уәделерін және кепілдеме хаттарындағы міндеттерін сақтамай, келісімшарттың талаптарын толық орындамай, тапсырыс берушіден тиісті қаражатты алып, біздің мекемемен орнатылған қондырғы үшін 148 319 797 теңге берешегін әлі күнге дейін төлемей отыр. Сол себепті біз талап-арызбен 2018 жылдың 7 наурызында БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінуге мәжбүр болдық. 29 наурызда болған сотта «Бірлік» ЖШС-ның ұсынысымен «БатысМұнайГаз-Жабдықтары» ЖШС медиациялық келісімге келіп, «Бірлік» ЖШС біздің кәсіпорынға берешегін беруге келіскен болатын. Бірақ уақыт өткізіп, бізбен сот арқылы келіскен /мәмілеге келу/ медиация шартын да орындамай отыр.

Осы мәселеге қатысты бірнеше мәрте сот отырысы болғанымен, нәтиже берген жоқ.

«БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС-мен арнайы  «Орал ЖЭО» нысаны үшін құрастырылып, жасақталған  АГРС пен ПГБ  өте күрделі, технологиялық құрылғы болып табылады және оны жасақтап құрастыру үшін мекеменің қыруар қаржысы жұмсалды. Осы жағдай мекеменің басшылығы мен қызметкерлерінің алаңдатушылығын тудырып отыр» деп баяндайды Б. Сүлейменов.

Біз өз тарапымыздан осы шағым хаттағы жайттарды баяндап, «Бірлік» ЖШС-ның директоры Аманжол Көнеевке 2018 жылдың 16 қарашасында хатты аяқтай апардық. Хат соңына ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының 18-1-бабының 1-тармағына сәйкес сұрау салынған хатқа жауап хат келіп түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде ұсынылуы тиістігін де көрсеттік, өзімен жүзбе-жүз кездескен кезде де айттық. Алайда заң талабы-на мойынсұнған серіктестік директорын көрмедік. Әлі күнге дейін хатқа жауап жоқ. Телефонмен хабарласқанымызда «Бірлік» ЖШС-ның директоры Аманжол Көнеев бұл шағым хатқа жауап бермейтінін айтты. Оның себебін «БатысМұнайГазЖабдықтары» серіктестігіне ешқандай қарызының жоқтығымен түсіндірді. «Осынау уәжіңізді хатқа жазып жіберіңізші» дегенімізге де құлақ асқан жоқ…

Сот   шешімі   не   дейді?

«БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС-ның басшылығы біздің на-зарымызға БҚО ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылдың 14 қыркүйектегі шешімін және БҚО соты  азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылдың 29 қарашасындағы қаулысын да ұсынды.

Аталмыш серіктестіктің талап-арызы негізінде өткен БҚО ау-данаралық экономикалық сотының шешімінде жазылғандай, бұл даудың нысаны талапкердің 148 319 797 теңге берешекті, 95 481 323 теңге тұрақсыз айыпақысын, 76 881 066 теңге өсімақысын және 8 266 781 теңге айыппұлды өндіру болатын. Қазіргі таңда заңды күшіне енген сот шешімі бойынша талап-арыз ішінара қанағаттандырылды. Яғни жауапкерден талапкердің пайдасына негізгі берешекті толықтай 148 319 797 теңге, ал тұрақсыз айыпақысын 7 млн. теңге көлемінде өндіру туралы шешім шығарылды. Бұл сот отырысында анықталғандай, 2015 жылдың 13 ақпанында «БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ (тапсырыс беруші) мен «Бірлік» ЖШС (мердігер) арасында мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасалады. Сол келісімшартқа сәйкес мердігер жалпы сомасы 3 220 212 683 теңгені құрайтын «Орал ЖЭО-ға тартылатын магистральдық газ құбыры құрылысын» жүргізу міндеттемесін алады.

Жоғарыда баяндалғандай, 2016 жылдың 9 қыркүйегінде «Бірлік» ЖШС (сатып алушы) мен «Батыс-МұнайГазЖабдықтары» ЖШС (жеткізуші) тауар жеткізілімі бойын-ша өзара келісімшарт жасасады. Оның сомасы – 826 687 120 теңге. ҚР Азаматтық кодексінің (АК) 458-бабымен реттелген аталмыш келісімшарттың екі қосымшасы бар. Құжаттың 2-қосымша-сына сәйкес, төлем бөлініп жүр-гізілетіне екі тарап келіседі. Нақтылап айтқанда, 30 млн. теңге аванстық төлем, келісімшартқа қол қойылғаннан соң бірден берілуі керек. Одан кейін тауар құнының 30 пайызы тауарды тиісті орнына жеткізгеннен кейін төленуі тиіс. Ал 55 пайызы монтаждық жұмыстарды бітіргеннен соң аударылуы қажет. Қалған 15 пайыз пайдала-нушы мекеме мен жобаға тапсырыс беруші іске қосу мен жөндеу жұмыстары бойынша актіге қол қойғаннан кейін төленеді.

Сотта анықталғандай, аванстық төлем толықтай жүргізіліп, тауар тиісті орнына жеткізгеннен кейін тауар құнының 30 пайызы төленген. Тараптар арасында оған қатысты дау жоқ. Дау 55 пайызға қатысты туындаған. «Бірлік» ЖШС-мен бұл сома ішінара берілген. Яғни сот шешімі шығар сәтте жауапкермен 702 676 406 теңгенің орнына 554 356 609 теңге төленген. Жауапкер мұны іске қосу мен жөндеу жұмыстары аяқталғаннан соң 55 пайыз толық төленеді деп түсіндірді. Сот болса бұл уәжді негізсіз деп санады. Себебі 2-қосымшада көрсетілгендей, 55 пайыз монтаждық жұмыстар біткеннен кейін төленуі керек. Сондықтан сот талап-арызды ішінара қанағаттандыруды шешім қабылдады. Нақтылап айтқанда, келісімшарт сомасы болып табылатын 702 676 406 теңгеден жауапкермен төленген 554 356 609 теңгені алып тастап, сонда шығатын соманы, яғни талапкер сұрап отырған 148 319 797 теңгені талапкердің пайдасына өндіру туралы шешім шығарды.

Сот тұрақсыз айыпақыны, өсім-ақыны, айыппұлды өте жоғары деп тапты. Сондықтан АК-ның 292 және 293-баптарын басшылыққа ала отырып, олардың мөлшерін төмендетті.

Екі тарап та БҚО ауданаралық экономикалық сотының бұл шешімімен келіспей, облыстық сотқа аппеляциялық арыз түсірді.

Айта кету керек, бұл жерде «Бірлік» ЖШС 148 319 797 теңгені іске қосу мен жөндеу жұмыстары аяқталғаннан соң төлеуіміз керек деп, «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС тұрақсыз айыпақы көлемі азайып кетті деп талап-арыздарын берген болатын. Бірақ БҚО сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы экономикалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырып, талапкер мен жауапкердің талап-арыздарын қанағаттандырмады.

– Сот шешімі күшіне енгеннен соң «Бірлік» ЖШС біздің компаниямызға 148 319 797 теңгені амалсыздан төледі. Енді автоматтандырылған газтаратушы станция (АГРС) қондырғысының қалған 15 пайызын, яғни 124 001 718 теңгесін төлемей отыр. «Бірлік» серіктестігі тапсырыс берушіден, яғни мемлекеттік бюджеттен осы нысан, соның ішінде аталмыш қондырғы үшін арнайы бөлінген қаржыны ала тұра, бізбен 2017 жылдың 14 маусымынан бері әлі толық есептескен жоқ. Сол себепті бұл іс әлі жалғасады. Енді біз осы жайтқа қатысты сотқа талап-арыз бермекпіз, – дейді Берік Сүлейменов.

Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал   өңірі»