27.12.2018, 0:40
Қараулар: 213
Бақылауды бәсеңдетуге болмайды

Бақылауды бәсеңдетуге болмайды

Кеше «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының саяси кеңесі және саяси кеңесі бюросының кеңейтілген жиыны өтті. Бұл шараға облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының төрағасы Алтай Көлгінов қатысып, жүргізіп отырды. Кіріспе сөзінде өңір басшысы ағымдағы жылдың аяқтала келгендігін, сол себепті атқарылған жұмыстарды саралап, алда тұрған міндеттерді жүзеге асырудың жай-жапсарын елеп-екшеу қажеттігін айтып өтті. Сонан кейін мінберге көтерілген «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен біздің өңірде 3-6 жас аралығындағы балдырғандарды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 100%-ға жеткендігін айтып өтті.

– Цифрландыру талабына сәйкес Орал қаласында балабақша кезегіне тұру электрондық нұсқаға көшірілді, енді аудандарда осы жүйеге көшіп, жариялылық талабына сәйкестендірілмек. Сондай-ақ Мемлекет басшысының талабына сәйкес мектепке дейінгі мекемелер бейнебақылау жүйесімен қамтылуы шарт. Бұл мектепке дейінгі мекемелердің жұмысын ата-аналар тарапынан қадағалауды қамтамасыз етеді. Балабақшаларды айтпағанда, 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін орта білім беретін мектептердің өзі 100% бейнебақылау жүйесімен жабдықталуы керек. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы 380 мектептің 234-інде ішкі және сыртқы бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Солардың 63-і қалалық, 171-і ауылдық білім ошақтары. Облысымызда «Балалар үшін тегін IT-сынып» партиялық жобасы аясында облыс бойынша 15 IT-сынып ашылып, 2000 оқушы білім алуда. 2019 жылы облыста 50 ІТ-сыныптар ашылады.

ІТ-мамандарды даярлау бойынша Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында ІТ-орталық жұмыс жасауда. Орталықта 30 маман оқу курстарынан өтіп, бүгінде ашылған ІТ-сыныптарда білім беруде. Биылғы қараша айында ІТ-сыныптар бойынша өткен республикалық онлайн олимпиадада біздің облыстың оқушылары бірінші орын алды, – деді С. Сүлеймен.

– Міне, осы жеңіс-жетістіктің өзі партиялық жүйелі де сапалы бақылаудың бір нәтижесі. Сол себепті қай-қай салада да сапаға негіз болар партиялық бақылауды бәсеңдетуге болмайды. Орал қаласының 700 гектар аумаққа салынатын жаңа «Ақжайық» ауданына қатысты құрылыс жұмыстарының сапасы да ұдайы партиялық бақылау комиссиясының қадағалауында болуы тиіс. Партиялық бақылау тек облыс орталығында немесе қаланың төңірегіндегі елді мекендерде салынып жатқан нысандарда ғана емес, алыс аудан, шалғай ауылдарда да жіті жүргізілуі шарт, – деп пікір қосты осы тұста Алтай Сейдірұлы.

Еліміздің өңірлеріндегі апатты жағдайдағы және үш ауысымдық мектептерден арылу үшін республикалық бюджеттен 2019-2021 жылдары 50 млрд. теңге бөлінбек. Әлгіндей мақсатта біздің облыста 6 мектеп салу көзделуде. 2019 жылы Батыс Қазақстан облысында үш білім ошағын салу жоспарлануда. Ақжайық ауданының орталығында 300 оқушыға арналған мектеп 100 орындық интернатымен қоса салынбақ, Орал қаласында 900 оқушыға арналған №51 мектеп және Қазталов ауданының орталығында 900 оқушыға арналған білім ошағы бой көтермек, – дей келе, Серік Кенжебекұлы облыстың денсаулық саласы мен  дене шынықтыру-сауықтыру инфрақұрылымдарын қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасарының назарынан үш тұғырлы тіл мен жер мәселесі, денсаулық сақтау мен құрылыс салалары, әсіресе, халықты тұрғын үймен қамтуды жақсарту үшін қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы да тыс қалмады.

– Жаңа жылдың алғашқы айынан бастап облыстағы 1100 медицина қызметкерінің жалақысына 20% үстемеақы қосылады. Денсаулық сақтау саласына қатысты 121 форма цифрландыру талабына сәйкес қағазсыз құжат айналымына көшірілді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали.

Жер телімдерін беруге қатысты дау-дамай мен күдік-күмәннан арылудың төте жолы – ашықтық, жариялылық. Сол себепті облыс басшысы бос жатқан жер телімдерінің  картасы ZEM.kz. порталында көрініс табуы тиіс екендігін, бұл, әсіресе, кәсіпкерлікті өрістетуге оң ықпал ететін фактор екендігін қадап айтты. Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев бұл бағыттағы жұмыс бір ізге түскендігін, кәсіпкерлік кәдеге жарар жер телімдері міндетті түрде аукциондық сауда-саттыққа шығарылатындығын мәлімдеді.

– Партиялық бақылау комиссиясының басты мақсаты –  партия жарғысы мен партияның бағдарламалық құжаттарының шешімдерін партия ұйымдары мен партия мүшелерінің орындауына бақылау жасау және жемқорлықпен күрес саласында партия саясатын пәрменді жүргізу болып табылады, – деп бастады сөзін  «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалына қарасты партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мәлік Құлшар.

– Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың партия ұйымдарының алдына айқындап берген негізгі бағыттарының бірі – партиялық жауапкершілікті арттыру, қарапайым адамдардың мұң-мұқтажына мұқият көңіл бөлу, мемлекеттік қызметкерлерден Әдеп кодексін бұлжытпай орындалуын талап ету, тұрғындарға неғұрлым жақын болып, олардың талап-тілектеріне құлақ асу болып табылады. Осыған байланысты облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясы есепті мерзімде бірқатар жұмыстар атқарды.

Аймақтық партия комиссиясы отырысында партияның Орал, Бөрлі, Жаңақала, Қаратөбе аумақтық филиалдарында партиялық мүшелік жарналардың уақтылы және толық жиналуының барысы, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген қаражаттарды және бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша құрылған комиссияларының жұмысы туралы мәселелер қаралды.

«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі бюросының 2015 жылғы 19 қарашадағы (№034) қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік, өңірлік бағдарламаларды партиялық мониторингтеу және бақылау туралы» ережесіне сай, Батыс Қазақстан облысы бойынша партиялық мониторинг және бақылау көрсеткіштері тізіміне ақпарат жинақталып, аумақтық партия филиалдарында партиялық мониторинг және бақылау топтары құрылды. Құрылған топтар өз жұмыстарын  жоспарға сай жүргізіп келеді.

Мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өкілдері және партиялық бақылау тобының мүшелерінің қатысуымен партия бағдарламаларының орындалуын тексеру мақсатында жергілікті жерлерде рейдпен жиі шығып тұрады. 2018 жылы осындай 94 рейд өткізілді.

«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылауды жүзеге асыру мәселелері бойынша мәслихаттар жанынан құрылған комиссия құрамында, тұрғын үй құрылысы, жол құрылысы нысандарында болып, құрылыстардың сапасына мониторинг жүргізілді. Мемлекеттік, аймақтық бағдарламаларды іске асыруға бюджеттік қаражатты тиімді іске асыруға байланысты анықталған кемшіліктер болған жоқ, – деді Мәлік Иманқұлұлы.

«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасының мәліметіне қарағанда, ішкі партиялық тәртіпті нығайтуға қатысты нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, партия жарғысының талаптарын сақтамағаны үшін есепті кезеңде 17 партия мүшесі партиялық жазаға тартылған. Осы көрсеткішті тарқатыңқырап айтар болсақ, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерге жол бергені үшін 16 партия мүшесі партия қатарынан шығарылып, 1 партия мүшесіне сөгіс жарияланған. Егер осы мәліметті жіктеп-жіліктей түссек, жемқорлық әрекетке барғандардың ішінде тұрғын үйкоммуналдық саласы бойынша – 2, білім саласы бойынша – 4, денсаулық сақтау саласы бойынша – 1, ауыл шаруашылығы бойынша – 1, ветеринария саласы бойынша – 3, жеке кәсіпкерлік бойынша – 1, басқа мемлекеттік құрылымдар бойынша 4 қызметкер партиядан шығарылып, 1 мемлекеттік қызметшіге сөгіс жарияланған.

– Сыбайлас жемқорлықпен күрес майданындағы жұмыстың пәрменділігін арттыру үшін партиялық комиссиялар «Ақжайық – адалдық алаңы» акцияларына белсенді атсалыспақ. Аумақтық партия комиссияларымен бірлесіп аудандарда көшпелі мәжілістер ұйымдастырмақпыз, – деді сөзін түйіндей келе «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мәлік Құлшар.

Күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алтай Көлгіновтің ұсынысы және кеңейтілген жиынға қатысушы партия мүшелерінің дауыс беруімен тиісті қаулылар қабылданды.

Бауыржан  ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.