27.12.2018, 0:37
Қараулар: 201
Жаңажылдық сыйлық таңдағанда мұқият болыңыз

Жаңажылдық сыйлық таңдағанда мұқият болыңыз

Облыста  өндірісшінің  тұтынушыларды  алдау  фактісі  анықталған.  Бұл  туралы Өңірлік  коммуникациялар қызметінде  өткен брифингте айтылды.

БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрмановтың айтуынша, зертханада жүргізілген сараптама нәтижесінде оралдық «Колесникова В. Ф» жеке кәсіпкерлігі шығарған «Морозко» тартылған сиыр еті құрамынан шошқаның ДНҚ-сы табылған. Ал өнімнің сыртқы таңбасында сиыр еті деп көрсетілген. Аталған факті бойынша өндірісшіні әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар полиция  құрылымдарына жіберілді.

Департаменттің тағам өнімдеріне жүргізген қауіпсіздік мониторингі барысында 291 сауда нысанынан сараптамаға 6 млн. теңгеге сатып алынған тамақ өнімдерінің және өнеркәсіп тауарларының 3992 үлгісі (2017 ж. – 2402) облыстық ұлттық сараптама орталығында  зерттелген. Сараптама нәтижесінде 454 үлгінің (11,3%) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Зерттеуге алынған 3238 тағам өнімінің 230-ынан (7%) сәй-кессіздік анықталды. Өнім жапсырмасында  мемлекеттік және орыс тіліндегі ақпарат, тамақ өнімі көрсетілмеген.

– Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 54 үлгіден санитарлық талапқа сәйкессіздік анықталды. Сапасы күдікті өнім-дер аудан орталықтарында және Орал қаласындағы сауда нүктелерінен алынды. «Южная» құс етінен жасалған шұжық Бөрлі ауданындағы «Бекетаев Ж. Т.» жеке кәсіпкерлігінің «Жас Тал»  дүкенінен, «Традиционное» сары майы Зеленов ауданындағы «Румянцева Л. С.» жеке кәсіпкерлігінің «Березка» дүкенінен, «Треугольники кальмаровые в панировке» деген балық өнімі Оралдағы «Алтындар» ЖШС супермаркетінен, «Пломбир» балмұздағы Оралдағы «Казанцева Н. В.» жеке кәсіпкерлігінің «Әсем» дүкенінен алынды. Санитарлық талап үдесінен шықпаған өнімдердің 89%-ы Кеден одағына мүше елдерде өндірілген, – деді Жайдар Құрманов.

Департамент жаңажылдық сыйлықтардың сапасы мен қауіпсіздігіне көңіл бөлуде. Соған орай желтоқсан айында 30-ға жуық кондитерлік өнім үлгісі сараптамадан өткізіліп, оң нәтиже көрсеткен. Дегенмен департамент басшылығы жаңажылдық сыйлықтарды таңдағанда абай болуды ұсынады. Сыйлықтарды ұйымдастырылған сауда орындарынан алу қажет. Сыйлықтың сыртқы көрінісі мыжылмаған, тығыз жабылған болуы керек. Өнім туралы толық ақпарат оңай оқылатын әрі түсінікті, зат-белгісінің болғаны жөн.

Есепті мерзім ішінде департамент тексеріс барысында анықталған бұзушылықтар үшін 707 әкімшілік құқықбұзушылық туралы шешім шығарып, 18 498 902 теңгеге айыппұл салған. Инфекциялық ауруды тарату қаупі бар 294 адам жұмыстан шеттетіліп, саудадан 42 келі тамақ алынып, жойылған. Мысалға, Оралдағы «Қожабаев М. С.» ЖК-ның «Альбина» тойханасында анықталған бұзушылық бойынша 48 100 теңге, Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы «Марко Поло» ЖШС-ның «Марко Поло» мейрамханасына 24 500 теңге, Жаңақала ауданындағы «Абай» шаруа қожалығының «Гүлсезім» кафесіне 48 100 теңге айыппұл салынды.

Өз тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.