27.12.2018, 0:36
Қараулар: 328
Қандай кітап оқып жүрсіз?

Қандай кітап оқып жүрсіз?

Әдеби кітап – жан азығы. Негізі, бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома болуға тиісті. Сөйте тұра, материалдық дүние-мүлік ең басты құндылыққа айналған мына заманда көркем әдебиет, кітап оқу әр адам үшін де, тұтастай алғанда, адамзат қоғамы үшін де ең негізгі рухани қажеттілік екендігін ақ тер, көк тер болып дәлелдеуге тура келеді.

«Адамды адам қылған – кітап, ал адамзат қылған – кітапхана» дегенді бір сөзінде Әбіш әулие (Кекілбаев). Ақын Исраил Сапарбаев қаламдас ағасы Қадыр Мырза Әлидің интеллектуалдық деңгейіне сүйсіне келіп, «Ақындығың ақылға бай болғасын, алты Алаштың қойған аты – Данышпан» деп тамсанады абыз ақынға арнаған бір өлеңінде. Сол данышпан Қадырдың «Мен көп нәрсені кітаптан алдым» дегенін өз аузынан өз құлағыммен естігенім бар. Тура осындай пікірді Қадыр Мырза Әлидің өзі ұлы жазушы санаған Максим Горький де айтқан. Мұндай мысалдарды бірінен соң бірін тізе беруге болады, әрине. Ал қысқа қайырар болсақ, адамның асқазанына тамақ қаншалықты қажет болса, оның (адамның) жан сарайына, сана-сезіміне, ойлау жүйесіне, яки миына рухани азық та соншалықты керек. Ұлы гуманистік идеяларды ту еткен көркем әдебиетсіз рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген, яғни Абай армандаған толық адам, кемел тұлға тәрбиелеу һәм жібі түзу иманды  қоғам  қалыптастыру  еш  мүмкін  емес.

АҚШ әлеуметтанушылары (социологтар) ұзақ жыл зерттеу жүргізе келе, 10 жасқа толғанша әдеби кітап оқуға дағдыланған баланың санасында өзін-өзі өмір бойы жаман әдет атаулыдан сақтандыратын түйсік қалыптасатындығына көз жеткізген екен. Демек, қаршадайынан кітап оқуға дағдыланған адам ар-ұятты аттар арамдықтан, ұрлық-қарлықтан, бұзақылық пен қулық-сұмдықтан, арақ-шарапқа әуестік пен есірткіге елітіп, еліруден, жатыпішер жалқаулықтан, біреуге тізесін батырып, қиянат көрсетіп, зорлық-зомбылық жасаудан аулақ болады екен. Көрдіңіз бе, көркем әдебиеттің бала тәрбиесінде де мән-маңызы өте зор. Алайда перзенттері кітап оқу үшін ең әуелі ата-ананың өзі әдебиетке үйір болуы шарт қой! Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, сіз қазір қандай кітап оқудасыз?..

Бас редактор

 

Гауһар  ШАЙХИНИЯЗОВА,

«Нұр  Отан»  партиясының  облыстық филиалы  қабылдау  бөлімінің  меңгерушісі:

– Бүгінде, шыны керек, кітап оқуға уақыт тапшы. Десе де, қазіргі уақытта американдық журналист Том Плейттің «Беседа с Ли Куан Ю. Гражданин Сингапур, или как создают нации» атты кітабын оқуды бастадым. Автор бұл кітапты жазар алдында Ли Куан Юдің 2009 жылы Арменияға іссапары кезінде үш күн қасында болып, бірқатар сұрақтарына жауап алған екен. Кітап өмірбаяндық мемуар жанрында жазылған. Кітаптың кейіпкері – жас заңгер, Кембридж университетінің түлегі бірінші сайлаудан жеңіске жетіп, кейін Малайзиядан Сингапурдың тәуелсіздігін алып, ешқандай табиғи байлығы жоқ, экономикасы әлсіреген, халық саны күннен-күнге көбейіп түскен аралдан экономикалық ғажайыпқа толы мықты мемлекеттің  іргетасын  қалаудағы  негізгі  тәсілдерді ашқысы  келген.

Жалпы, кітап қызықты. Бұл кітапты интернет дүкеннен сатып алып, онлайн жүйеде оқудамын. Кітапты қолға ұстап оқығанға ештеңе жетпейді. Интернеттен алып оқудың тиімділігі баға жағынан арзанға  түседі  әрі  үнемі өзіңмен  алып  жүруге  ыңғайлы.

Негізі, поэзияны жақсы көремін. Әсіресе, жаны мен жүрегі нәзік ақын апаларымыздың өлеңдерін сүйіп оқимын. Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметованың кітаптарын жиі қолға аламын. Сондай-ақ өлеңдерінен өмірімнің кей сәттерін көретін атыраулық ақын Бақытгүл Бабаштың өлең-жыры жаныма жақын. Өзім ұнатқан жыр жолдарын әлеуметтік желідегі парақшам арқылы  көпшілікпен  бөлісіп  отырамын.

Шыңғыс МҰҚАН,

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Гарвард Кеннеди мектебінің түлегі,

мемлекеттік қызметкер:

– Әр адамның тұлға ретінде қалыптасып, кез келген саладан лайықты орын иеленуіне, әр маманның өз ісін жетік біліп қана қоймай, көпшілік ортада ойын анық та нақты жеткізуіне, жалпы, рухани дамуға даңғыл жол ашатын бағалы кілт кітап деп есептеймін.

Өз басым қолым қалт еткенде кітап оқуды әдетке айналдырғанмын. Рухани азық жинауға ниет етіп, «Қай кітаптан бастасам, не оқысам екен?» деген сауал құрсауындағы жандар үшін оқуға кеңес берер 10 кітаптың тізімін жасағанмын. Рухани кәдеңізге жараса, нұр үстіне нұр!

1) Абайдың қара сөздері

2) Мағжан Жұмабаевтың поэзиясы

3) Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы

4) Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгіме-хикаяты

5) Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повестер жинағы

6) Эрнест Хеменгуэйдің «Шал мен теңіз» повесі

7) Джордж Оруэллдің «1984» романы

8) Виктор Франклдың логотерапия ілімі хақындағы «Өмірден мән іздеген адам» философиялық жинағы

9) Стивен Ковейдің бизнес-беллетристика жанрындағы «Жасампаз жандардың жеті дағдысы: Тұлғаны дамытудың тегеурінді тетіктері» атты кітабы

10) Николай Гогольдің «Мертвые души» романы.

Варвара КАЧАЛО,

Оралдағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы, қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық пәндік олимпиаданың алтын медаль иегері:

– Кітап – рухани сарқылмас қазына, білімнің қайнар бұлағы. Кітап оқымай, өмірді терең тану мүмкін емес. Кітап – адамзаттың баға жетпес құндылығы. Менің ең сүйікті шығармам – Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» атты шығармасы. Ол кезде мен 5-сыныпта оқып жүрген едім, сондықтан шығармадағы кішкентай баланың басынан кешірген қиын-қыстау кезеңдері жаныма қатты батты. Бұдан кейін менің ата-анама, жолдастарыма, «соғыс» пен «бостандық» сөздерінің ұғымына  деген көзқарасым өзгерді. Жақсы кітап адамды ізгілікке жетелейді, өмірлік ұстанымын оң бағытқа өзгертеді. 6-сыныпқа дейін Оралдағы қазақ мектебінде оқыдым. Әсіресе, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романының тәрбиелік мәні зор. Шығарма әр жастағы оқырманның қабылдауына жеңіл, ұғынықты. Қазіргі уақытта Борис Пастернактың «Доктор Живаго» атты романын оқудамын. Бұл әдеби шығармаға адамгершілік, достық, махаббат және соғыс тақырыбы арқау болған. Басты кейіпкер – ақын Юрий Живаго.

Өкінішке орай, замандастарымыз бос уақытын әлеуметтік желіде текке рәсуа қылады. Менің де уақытым аз болатын сәттер болады. Алайда кітаптың менің тұлға болып қалыптасуыма оң әсер беретінін түсінемін. Сондықтан кітапты өзіме дос тұтамын. Көркем әдеби шығармалардан бөлек, ғылыми және танымдық бағыттағы кітаптар адам үшін пайдалы. Бұл бағытта «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы сәтті жүзеге асуда деп ойлаймын. Әлемдегі ең үздік 100 оқулықты шет тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалынып отыр. Біздің мектептің кітапханасына 100 оқулықтың алғашқылары келді. Ол кітаптарды сабақ барысында пайдаланамыз. Әрине, қазір интернет жүйесінде бар ақпарат қолжетімді. Оның да пайдалы тұсын кәдеге жарата білу керек. Алайда кітап білім мен тәрбиенің негізгі қайнар көзі болып қалады. Жалпы, өзім кітапсыз өмірді елестете алмаймын. Адамның адамгершілік тұрғысынан дамуы, таным көкжиегінің кеңеюі кітаппен байланысты. Сондықтан бар замандасымды кітапты белсенді оқуға, үздік болуға шақырамын.

Еркеназ  ЕРБОЛҚЫЗЫ,

Орал  қаласындағы  №44 мектеп-гимназияның 2 «б» сынып оқушысы:

– Маған кітап оқыған өте қатты ұнайды. Анаммен дүкен аралағанда міндетті түрде кітап сатып аламыз. Мектепке барған кезден бастап «Балдырған» журналын үзбей жаздырып алып, қызыға оқып жүрмін. Қазір менде көптеген ертегілер кітабы, энциклопедиялық жинақтар бар. Сынып жетекшіміз Жаннат Мақсотқызы қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлы туралы әңгімелеген кезде қызығып кеттім. Сөйтіп, анама айтып, Абайдың қара сөздерінің жинағын сатып алдық. Болашақта осы қара сөздерді жаттап алғым келеді, бірақ әзірге тек анамның түсіндіруімен ғана танысып бастадым.

Балаларға ойыншықтан гөрі кітап пайдалы деп ойлаймын. Сондықтан да биылғы Жаңа жылда «Оқушының алғашқы энциклопедиясын» алғым келетіндігі туралы Аяз атаға хат жолдап қойдым.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.