www.zem.kz порталы қолжетімді

ОҒАН  ЭЛЕКТРОНДЫҚ  ЦИФРЛЫҚ   ҚОЛТАҢБАСЫ  БАР  АЗАМАТ КІРІП, ӨЗІНЕ  ҚАЖЕТТІ  АҚПАРАТТАРДЫ  АЛА  АЛАДЫ

Елбасы  тапсырмасына  сәйкес  облыста  жергілікті және  өкілетті  құрылымдармен  пайдаланылмаған  жерді анықтау,  кері  қайтару  және  қайтадан  ауыл шаруашылығы  айналымына  қосу  бағытындағы жұмыстар  тұрақты  жүргізіліп  келеді.  Мұндай жұмыстарды  жүргізудегі  басты  мақсат – жерді  толықтай игеру  және  ауыл  шаруашылығы  өнімдері  өндірісінің өсімін  қамтамасыз  ету.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, 2012-2018 жылдар ішінде пайдаланылмаған 1 млн. 480,5 мың гектар жер  анықталса, соның 1022,1 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Осы кері қайтарылған жердің 590,4 мың гектары жаңа жер пайдаланушыларға берілген. Шалғайлығына, өнім түсімінің төмендігіне байланысты 431 мың гектар жер сұранысқа ие болмай, ауыл шаруашылығы айналымына қосылмай қалды. Оның негізгі бөлігі Жәнібек, Қазталов, Ақжайық, Бөрлі, Сырым және Шыңғырлау аудандарына тиесілі. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жер пайдаланушылар 363,7 мың гектар жер алқабын мақсатқа сай игеріп үлгерді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді игермеу фактілерін анықтау жұмыстары жалғасуда.

– Өткен жылы облыс аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы ауданы 51,6 мың гектар болатын 94 жер телімін пайдалану құқығын беру бойынша 12 конкурс өтті. Соның жалпы ауданы 29,5 мың гектарды құрайтын 58 жер телімі пайдалануға берілді. Биыл 11 ауданда 250 жер телімі бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану құқығын берудің 23 конкурсы өткізілді. Олардың жалпы ауданы 163 мың гектарды құрайды. Бөрлі, Тасқала  аудандарындағы конкурстар электрондық түрде zem.kz порталында өтті. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 119,5 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы 177 жер телімі ұсынылды, – деді Әлия Биғазықызы. Басқарма басшысы-ның айтуынша, мемлекет меншігіне қайтарылған жалпы ауданы 75,4 мың га 116 жер телімін ұсыну бойынша 8 конкурс өткізілмек.

2018 жылы өңірде ауданы 34,5 га болатын 84 жер телімін ком-мерциялық мақсатқа жалға алу құқығын сату бойынша 14 аукцион ұйымдастырылды. Мұндай жер телімдеріне жалға алу құқығын сату бойынша электрондық аукциондар zem.kz порталында Ақжайық, Қазталов аудандарында өткізілген. Жалпы, 83 млн. 730 мың теңгеге  ауданы 25,2 га болатын 53 жер телімі саудаланған.

Жер қатынастары басқармасы басшысының сөзінше, өңірде жеке үй құрылысына жер телімдерін беру жұмыстары жалғасуда. Биылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, облыс бойынша жер телімі кезегінде 103 641 адам, Орал қаласы бойынша  71 878 адам кезекте тұр. Биыл облыс аудандарында жеке үй құрылысы үшін 1934 жер телімі бөлінген. Соның ішінде Ақжайық ауданында – 329, Бөрліде – 527, Жаңақалада – 60, Жәнібекте – 11, Зеленовта – 394, Қазталовта – 19, Қаратөбеде – 60, Сырымда – 64, Тасқалада – 14, Теректіде –369, Шыңғырлау ауданында 87 жер телімі жалға берілген. Биылғы жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасымен облыс бойынша 2244 жер телімін беру жоспарланып отыр. Соның ішінде Бөрлі ауданында – 1045, Зеленовта – 239, Теректі ауданында – 960 жер телімі ұсынылмақ. Өкінішке орай, Орал қаласы бойынша әзірге жер телімдері берілмейді.

2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Круглоозерный кенті аумағынан жеке үй құрылысына  1141 жер телімінің жоспары жасақталып, бекітілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 15 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Инженерлік желілер тартылған соң, бұл жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға кезек тізімі бойынша берілмек. 2019 жылдың соңына таман жаңа айтылған жер телімдерін беру жоспарланған.

– Елбасы Жолдауында жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер өзекті мәселеге айналғанын, салада ашықтықтың жоқтығын айтып, жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырғаны белгілі. Осы мақсатқа орай және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде облыстық жер қатынастары басқармасы www.zem.kz порталын іске қосты. Онда конкурс және аукциондар арқылы ұсынылатын бос жер телімдерінің сызбалары, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін алуға кезекке тұрғандардың тізімі, Орал қаласы және облыстың барлық ауданындағы жер пайдаланушылар туралы мәліметтер орналастырылды. Айта кетсек, бұл   порталға электрондық цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат кіріп, өзіне қажетті ақпараттарды ала алады.

Сондықтан портал қарапайым тұрғындарға қолжетімсіз деген сөздің жаны жоқ, – деді Әлия Мұханбетжанова.

Ал биылғы қазан айынан бастап порталда электрондық саудалар өткізу үрдісі жасақталып, іске қосылған. Қазанның 5-інде Ақжайық ауданында жалға алу құқығын сату бойынша бірінші аукцион өткізіліп, коммерциялық мақсаттағы жер телімі ұсынылған. Одан кейін қарашаның 8-інде Қазталов ауданында электрондық аукцион өткізіліп, коммерциялық мақсаттағы 3 жер телімі өткізілген. Аталмыш басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта барлық аукцион электрондық форматқа көшірілмек. Биылғы қараша айында Бөрлі, Тасқала аудандарында www.zem.kz порталы арқылы 10,5 мың гектар болатын 10 жер телімін жалға алу құқығын ұсыну бойынша конкурс өткен.

– Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, 2020 жылы 90 пайызы электрондық форматқа көшіруді тапсырған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі жалғастыру, мемлекеттік қызмет көрсету саласында жемқорлықтың алдын алуға игі ықпалын тигізетін электрондық қызмет көрсетуге баса назар аударылғандықтан, «Мемлекеттік қызметтер туралы» заң да жаңартылмақ. Бүгінде жер қатынастары саласында 9 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Биылғы жылдың өткен мерзімінде облыста 9154 мемқызмет көрсетілді және соның 56 пайызы, 5167-сі электрондық түрде көрсетілді, – деді Әлия Биғазықызы.

Одан басқа басқарма «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ-мен Батыс Қазақстан облысы үшін геопортал құру жөнінде келісімдер жүргізуде. «Геопорталда жерді тиімді басқару үшін ғарыштан түсірілген түсірілімдер орналастырылады. Ол кезең-кезеңмен жаңартылып отырады. Сөйтіп біз ауыл шаруашылығы жерді пайдаланып жатыр ма, қандай дақыл егілді, алқаптың арамшөптермен ластануы қандай деңгейде, міне, соның барлығын геопортал арқылы көретін боламыз.

Мамандар компьютер арқылы  мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ бұл түсірілімдер жерді дұрыс пайдаланбайтын шаруадан жерді сот арқылы алуда дәлел бола алады. Жер қойнауын пайдаланушылардың қызметтеріндегі жер ресурстарын пайдалану саласындағы олқылықтарды анықтау үшін жүргізілетін мониторинг те қолжетімді болады. Жерді заңсыз иелену, тіркелмеген құрылыстар салу секілді заңбұзушылықтарды да анықтауға септігі тимек. Бұл порталға мемлекеттік құрылымдармен қатар тұрғындар да еркін кіріп, өздеріне қажетті ақпаратты ала алады, – деді Әлия Мұханбетжанова.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»