27.12.2018, 0:33
Қараулар: 298
Бүгінгінің Толағайы

Бүгінгінің Толағайы

Жақында Моңғолияның астанасы Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионатында спорттың пауэрлифтинг түрінен үш бірдей жерлесіміз алтын медальға ие болды. Ересектер арасындағы додадан суырылып шығып, жеңіс тұғырына көтерілген Аман Қапышев үшін бұл тағы бір алған асу, бағындырған белес болатын. Спорттың ауыр түрлерінің бірі зілтемір көтерудің шебері, еліміз бен өңіріміздің намысын бәсі биік додаларда қорғап жүрген спортшымен Жаңа жыл қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.

– Аман, кезекті жеңісіңмен құттықтаймыз! Балалық шағың, өскен ортаң туралы айтып берсең. Жалпы, спортпен, соның ішінде ауыр атлетикамен айналысуыңа не түрткі болды?

– Ата-анам – Ақ Жайық өңірінің тумасы. Мен Орал қаласында туып-өстім. 12-13 жаста болғанда кез келген бозбала секілді денемді шынықтырып, сол кездің тілімен айтқанда, «качок» болғым келді. Ынта-жігерімді байқаған анам мені «Олимп» спорт кешеніне апарып, дене шынықтыру үйірмесіне тіркетті. Бұл жерде Қуаныш Кәрімов, Сергей Ермолаев секілді алғашқы ұстаздарым түрлі жаттығулардың қыр-сырын үйретті. Спортқа баулып, баптаған ағаларыма алғысым шексіз. Есейе келе спортзалға келіп, өз салмақтарынан бірнеше есе үлкен зілтемірлерді бағындыратын ағаларға қызыға қарайтын болдым. Сөйтіп бірте-бірте ауыр атлетика, соның ішінде пауэрлифтинг түріне ден қоя бастадым. Алдымда «Әлем чемпионы болсам» деген асқақ арман тұрды.

– Алғашқы қатысқан жарыстарыңыз, жеңіс пен жеңілістің алғашқы дәмін татқан кездеріңіз туралы айтып өтсеңіз?

– «Негізі ауыр атлетика – зілтемірді бағындыру. Ал зілтемірді бағындыру үшін ең алдымен өзіңді бағындыруың керек. Себебі, қанша мықты бол, жалқаулықты, өзіңнің бойындағы жаман әдеттерді жеңу – темірді көтергеннен де қиын» деуші еді алғашқы жаттықтырушыларым. Бастапқыда 2003 жылы Павлодарда өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысып, үшінші орынға ие болдым. Араға екі жыл салып, АҚШ елінің Индиана штатында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атандым. Жалпы, әлемдік деңгейдегі додаға жасөспірім ретінде екі мәрте, ересек спортшы ретінде бір рет қатыстым. Барлық жарыста жеңіс тұғырынан табылдым дей алмаймын. Алған жарақаттарыма байланысты жеңіліс тауып, ұнжырғам түскен кездерім де болды.

«Осы спортты тастап кетсем бе?» деген ойға келген сәттердің болғаны да жасырын емес. Бірақ бала кезден жаныңа серік еткен ісіңнен біржола қол үзе алмайды екенсің. Өз күшіңді еселей түсіп, шамаңнан тыс ауырлықты бағындырғың-ақ келіп тұрады. Зілтемір көтеру менің қаныма әбден сіңіп кетті десем, артық айтқандық болмас.

– Кезінде тек қызығушылықпен спортқа келген бозбала бүгінде пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін Азия және Қазақстан чемпионы. Бүгінгі таңда өзің де жас спортшыларды баптаумен айналысып келесің. Өзің тәрбиелеген шәкірттерің көңіліңнен шығып жүр ме?

– Бүгінде қаладағы №4 спорт мектебінде жаттықтырушылық қызмет атқарамын. Шәкірттерімнің де жетістіктері аз емес. Айтулы додаларда оза шауып, намысты қолдан бермей жүрген Райымбек Жалмұрзиев, Рүстем Қазтуғанов, Анастасия Седова, Зарина Шымболатова сықылды шәкірттеріммен мақтанамын. Мен үшін оқушыларымның бәрі бірдей чемпион болуы міндет емес. Бастысы, өзін-өзі, елі мен жерін қорғай алатын шыныққан, шымыр ел патриоттарын тәрбиелеудің өзі бір  бақыт.

– Соңғы жылдары елімізде бұқаралық спортты дамыту бағытында көптеген игі іс қолға алынуда. Кез келген адамға қолжетімді спортзалдар мен алаңдар көптеп бой көтеруде. Жалпы, қазіргі жас буынның спортқа ынтасы қалай деп ойлайсың?

– Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады. Біздің ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» немесе «Бірінші байлық – денсаулық»   деп бекер айтпаған. Бірақ кей кезде осы нақыл сөздің салмағы мен жауапкершілігін сезінбейтін де, мойындамайтын да сыңайлымыз. Барлық адам бірдей деп айта алмаймын. Бірақ кейбір ата-ананың балаларын спортқа беруге құлықсыз екенін де мойындауымыз керек. Компьютер, смартфон, ғаламтор жаулаған заман ғой. Болашақта өмірін ғаламторсыз елестете алмайтын, тап болған қиындыққа қауқарсыз, әлжуаз ұрпақ көбейіп кете ме деген қорқынышым басым. Бала денсаулығына зиян нәрселермен шұғылданғаннан гөрі, сол уақытын спортқа жұмсаса екен. Бұған, біріншіден, ата-ана мүдделі болуы тиіс деп есептеймін. Бүгінде ересектерге баласының сабақты жақсы оқып, ҰБТ-ны сәтті тапсырып, жоғары білім алуы ғана маңызды секілді. Спортқа бөлген бір-екі сағат баланың білімін төмендетіп жіберуге әсер етпейтіні анық. Спортта жеңіс тұғырына көтерілу де, сәтсіздік тауып, төмен қарай құлдырау да бар. Осы сынақтардың баршасынан өткен адам өмірде де шыдамды болады деп есептеймін.

– Жоғарыда атаған шәкірттеріңіздің ішінде қыз балалар да бар екен. Сіз де, мен де ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-анамыз. Жалпы, қыз баланың бокс, зілтемір көтеру секілді ауыр спортқа қатысуына қалай қарайсыз?

– Әр баланың белгілі бір іске  икемі болады. Болашақ мамандығына да сол икеміне қарай бет бұрады. Сол сияқты әр бала спорттың қай түрімен шұғылданатынын өзі таңдауы керек. Спорт ерлерге немесе әйелдерге арналған деп бөлінбейді. Бастысы, жаны сүйетін іспен шұғылданса болғаны. Мен әке ретінде қыздарымның қалауына қарсы тұрамын деп айта алмаймын. Өнер жолын немесе спорттың қай түрін таңдаса да өз еріктері.

– Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз? Өтіп бара жатқан жылдағы жеткен жетістігіңіз? Келер жылдан не күтесіз?

– Өмірлік серігім Жанна екеуміз Диана, Қарақат, Мөлдір есімді үш қыз тәрбиелеп отырмыз. Өткен жыл жаман болды деп айта алмаймын. Тұңғышымыз мектеп табалдырығын аттады. Екі бөбегіміз де аман-сау жетіліп келеді. Спортта да бірқатар жетістіктерге қол жеткіздім. Енді келер жылы өтетін әлем біріншілігіне дайындық үстіндемін. Мақсатым – сол додада алтын медальға қол жеткізіп, елімнің мерейін асырсам деймін. Барша жерлесімді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына бақыт пен береке тілеймін.

– Рақмет, Аман! Биік белестерді бағындыра беруіңе тілекшіміз.

Сұхбаттасқан: Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.