25.12.2018, 11:44
Қараулар: 121
Елбасының ерекше шыршатойы

Елбасының ерекше шыршатойы

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан балаларға арналған «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» жаңажылдық шырша салтанаты Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті.

Мерекелік шараға Батыс Қазақстан облысы бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған, даму мүмкіндігі шектеулі балалар, табыс-кірісі аз және көп балалы отбасынан шыққан балалар санатынан 9 бен 13 жас аралығындағы оқу озаттары мен дарынды ұл-қыздар қатысты.

Ерекше әлеміне шақырып, әсем-дігімен баурайтын әдемі мереке барысында балақайлар өздерінің сүйікті ертегі және мультфильм кейіпкерлерімен жүздесіп, қызықты ойындарға қатысты. Сонымен қатар олардың назарына лазерлік шоу мен сиқыршылар орындаған айрықша көріністер ұсынылды.

Жасыл шырша жанына жиналған жас өрендерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экран арқылы ізгі лебізін жолдады. «Қымбатты балалар! Бүгінгі Жаңа жыл шыршасына еліміздегі бүкіл өңірдің үздік өрендері жиналып отыр. Бәріңізді мерейлі мерекемен шын жүрегімнен құттықтаймын! Бұл – өздеріңді жаңа арманға жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мейрам. Осы мерекелік басқосуды бүкіл баланың жыл бойы асыға күтетінін білеміз. Кез келген перзенттің аппақ көңілі бұл күні айтылатын ақжолтай тілектердің орындалатынына сенеді. Шырша тойында өнер көрсетіп, сыйлық алатын бүлдіршіннің қуанышынан артық ештеңе жоқ. Балалардың алаңсыз әрі бақытты өмір сүруі үшін біз барлық жағдайды жасап келеміз. Сондықтан бәрің де саналы тәрбие мен сапалы білім алуға ұмтылғандарың жөн.

Бүгінде дүние жүзі тәуелсіз Қазақстанның жарқын жетістіктеріне құрметпен қарайды. Осындай мәртебелі мемлекетте, еркін елде өмір сүріп жатқан сендер бақытты  балаларсыңдар!

Біздің болашағымыз сендерсіңдер, бүгінгі жас өрен! Жыл бойы талмай-тынбай білім алып, спорт-тық жарыстарда, түрлі байқаулар мен білім сайыстарында жеңіске жеттіңдер. Еңбекқорлық, ынта-талап, қайрат-жігерлерің әр бастамада серік болсын! Денсаулықтарың мықты болып, жаңа білім игеруге талпыныңдар, шетел тілдерін меңгеріңдер. Ең бастысы, ата-ана-ларың мен ұстаздарыңның қам-қорлығын бағалай білгейсіңдер. Тек олар ғана емес, бүкіл ел сендерге зор үміт артатындығын ұмытпаңдар.

Айналайын, балалар!

«Бетеге, жусан – бел көркі,

Білімді ұл-қыз – ел көркі» деген мағыналы сөз бар.  Өзгеге үлгі болатын өнегелі өреннің болашағы зор екенін әрдайым естен шығармаңдар. Балдәурен балалықтың бақыты мен шаттығына бөленіп өсіп, өркендей бе-ріңдер. Жаңа жылдарың құтты болсын!» – деді Мемлекет басшысы бейнеүндеуінде.

Балалардың жүзі бал-бұл жанып, баршаны шаттыққа бөлеген шырша тойына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтау тілегін білдірді.

– Қадірменді балалар, құрметті оқушылар мен ұстаздар! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сіздерді шын жүректен Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, мемлекеттің әрдайым қолдау білдіріп, балаларға бар жағдай жасалып жатқандығын айтып өтті. Алдағы уақытта сіздерді зор арман, көптеген жетістік күтіп тұр. Сол армандарың орындалсын. Сабақты жақсы оқып, тәртіпті қатаң сақтап, спорт, музыка, мәдениеттің сан саласына үлес қоса отырып мақсаттарыңа қол жеткізіңдер. Жаңа жыл құтты болсын! Жаңа жылда жаңа биіктерден көрініп, аңсаған армандарыңа қол жеткізіңдер. Жаңа жылдан жаңа жылға шексіз қуаныш, мол жетістікпен жете берейік! – деді Алтай Сейдірұлы.

Мерекелік шыршатойдың соңында әр балаға сыйлық табысталып, жүздері бал-бұл жанған ұл-қыздар дән  риза көңілмен тарқасты.

Нұрлан   ҒАБДУШЕВ,

БҚО   білім   басқармасы басшысының орынбасары:

– Жаңажылдық ертеңгілікке қатысқан жалпы саны 180 баланың 120-сы ауылдық мектептерден келсе, 30 бала облыстық мектептердің, ал 24-і – қалалық білім ошақтарының шәкірті. Сәйкесінше, әр балаға қысқы күрте, бас киім, мойыншәлі, қолғап, қысқы және спорттық аяқ киім, спорттық костюм, шалбар, жейде, жемпір, сөмке және тәтті толы қоржын салынған сыйлық топтамасы берілді. Жаңажылдық жасыл шырша жанындағы шарадан бөлек, балаларды «Айдана» қонақүйінде мерекелік дастарқан, қаламыздағы «Magic Land», «Funky Town» ойын-сауық орталықтарына қызықты саяхат, «Musical fireworks» караоке-сазды шарасы күтеді.

Маусымжан   МАРАТҚЫЗЫ,

Қаратөбе   ауданы

Жусандыой   ауылындағы   мектептің 7-сынып   оқушысы:

– Мен биылғы жыл бойына сабағымды төрттік және бестік бағамен оқып, үлгілі оқушы бола білдім. Отбасымызда алты бала бар, барлығымыздың тәртібіміз де, үлгеріміміз де жақсы болғаны осы керемет шырша-тойға қатысуға мүмкіндік берді деп ойлаймын. Бүгінгі шарада ерекше ұнағаны – сиқыршылардың өнері.

Өзімнің достарым мен ұстаздарға жаңа жылда сәттілік тілеймін! Келер жылда қуаныш көп болсын!

Рахатәли   СЕРАЖ,

Бөкей   ордасы   ауданындағы Жәңгір   хан   атындағы   мектептің 7-сынып   оқушысы:

– Бүгінгі жаңажылдық кеш көңілімнен ерекше шықты, сиқыр әлеміне тап болғандай күй кештім. Өзім қазақтың батыры болып киініп келдім. Әр қазақ баласы батыр бабалардың ерлігін мақтан тұтып, солардай болуға талпынуы керек.

Жыл бойына сабағымды жақсы оқып қана қоймай, пауэрлифтингтен жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иелендім. Алдағы жылы да биіктерден көрінсем деп армандаймын.

Александра   СЛАВАЧЕВСКАЯ,

Орал   қаласындағы   №14   мектептің 3-сынып   оқушысы:

– Мен сабағымды өте жақсы оқимын. Өскенде дәрігер немесе балерина болғым келеді. Жаңа жылда ойлаған армандар орындалатынына сенемін. Осы мейрамда барлық баланың ойлағаны орындалып, бәрі бірдей  бақытты  болса  екен  деп  тілеймін.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар