25.12.2018, 11:42
Қараулар: 151
Жаңажылдық жәрмеңке жалғасын табады

Жаңажылдық жәрмеңке жалғасын табады

Өткен  сенбі  күні  қаламыздың  Достық  даңғылы  бойында  Жаңа  жылға  арналған  ауыл шаруашылығы  өнімдерінің  кеңейтілген  жәрмеңкесі өтті.

Ет, сүт, кондитерлік өнімдер мен бау-бақша дақылдары молынан саттыққа шығарылған аталмыш жәрмеңкеге Орал қаласы мен әр ауданның тауар өндірушілері, қайта өңдеу кәсіпорындары мен ірі көтерме тауар жеткізушілері белсене атсалысты.

Жұрт қарасы көп болып, сауда сәтімен қызған шараға келген өңір басшысы Алтай Көлгінов тауар өндірушілермен және сатып алушылармен тілдесіп, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

– Бұл жәрмеңке азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларын тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынып, ел-жұрттың қажеттілігін өтеуді мақсат етеді. Ешқандай делдалсыз, тікелей жүргізілетін сауда-саттық  өндірушілер үшін де, тұтынушылар үшін де тиімді.

Өткен аптада кәсіпкерлермен кездесіп, осы шараны өткізу туралы өзара келістік. Сонымен қатар әр аудан ірі қара және ұсақ мал етін саттыққа шығару бойынша үлес қосуды қолдады. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, жоғары сұранысқа ие экологиялық таза, сапалы, бағасы да арзан жергілікті өнімді сатып алуға ықыласты тұрғындар саны мол, – деді облыс әкімі журналистерге берген сұхбатында.

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашевтың айтуынша, ауданнан әкелінген жылқы еті 1400 теңгеден, сиыр еті 1300 теңгеден саттыққа шыға-рылған. Жәрмеңкеге ауданға қарасты Бисен, Мұратсай, Саралжын ауылдық округтерінің шаруашылықтары қатысып, екі жылқы, төрт ірі қараның еті облыс орталығының тұрғындарына ұсынылған.

Жалпы, биылғы жыл бойына азық-түлік өнімдерін саттыққа шығарған жәрмеңке Орал қаласында 55 рет өткізілді. Ал облыс көлемінде 230 рет ұйымдастырылған сауда-саттық нәтижесінде құны 600 миллион теңгеден астам өнім сатылды.

Айта кетейік, жаңажылдық дастарқаныңызды жайнату үшін қажеттінің бәрі қолжетімді бағамен саттыққа шығарылатын дәл осындай жәрмеңке желтоқсанның 29-ы күні сағат 09.00-ден бастап 13.00-ге дейін Достық даңғылы бойында  тағы бір мәрте өткізілмек.

Темірғали   ЕСКЕНДІРОВ,

«Жайық  ет»   ЖШС  директоры:

– Батыс Қазақстан облысының тауар өндірушілері бас қосып, Жаңа жыл қарсаңында жерлестерге ерекше сый жасауға бел будық. Біз бүгінгі жәрмеңкеге биылғы жылы ғана өндіріп бастаған өніміміз – бройлер етін алып келдік. Сонымен қатар «Мясодел» сауда белгісімен шығарылатын шұжық өнімдерін да сатудамыз.

Жалпы, біз үшін биылғы жыл табысты, сәтті жыл болды. Кәсіпорын іске қосылған кезде осы жылы 7200 тонна бройлер етін өндіруді жоспарлаған болсақ, бүгінгі таңда бұл ойымыз толықтай іске асты.

Облыс тұрғындарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, әрқашан жергілікті тауар өндірушілерге қолдау білдіруге шақырамын.

Любовь  ЧЕРНОВА,

зейнеткер:

– Бір жерден бірнеше өнімді қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік беретін бүгінгідей жәрмеңке халық үшін, соның ішінде зейнеткерлер үшін өте тиімді деп есептеймін. Азық-түлік бағасы базар мен сауда орталықтарындағы бағалардан әлдеқайда арзан. Таңдаудың көптігі де көңілімнен шығып, риза көңілмен қайтып барамын. Өзім алма мен мандарин, ет және сүт өнімдерін сатып алдым.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.