25.12.2018, 11:39
Қараулар: 8
Қойсариевке бүгінде «БАЙТАЛ ТҮГІЛІ, ДЕНСАУЛЫҚ ҚАЙҒЫ» болып тұр…

Қойсариевке бүгінде «БАЙТАЛ ТҮГІЛІ, ДЕНСАУЛЫҚ ҚАЙҒЫ» болып тұр…

2015-2017  жылдары Ақжайық  ауданында  мал  ұрлығының өршігенін  көпшілік әлі  ұмыта  қоймаған болар.  Сол  кездерде ұрлықты  ашу  деңгейі де  ешқандай сын көтермеді.  Басты кемшілік – қозғалған қылмыстық  істер  бойынша анықтаушылар  мен тергеушілер атүсті  дәлелдемелер жинақтайды да,  мал ұрлығына  қатысты бір қайнауы  ішіндегі  істерді  соттарға  сырғыта салады.  Әрине,  толық және  жан-жақты  тергелмеген  істердің  шикі жақтары  көп  болады.  Кілтипанның  кілті – анықтаушылар  мен тергеушілердің  өз  міндеттеріне  жүрдім-бардым  қарай-тындығы, жауапкершіліктерінің төмендігі,  жоғарыдан қатаң  талаптың жоқтығында  жатқандай. Әйтпесе,  төменде  біз баяндағалы  отырған істі  тиянақты  тергеп, ақ-қарасын  айырып  беру,  өз  жұмысын жан-тәнімен  сүйетін,  заң талаптарына  арқасын сүйеп,  оны   бұлжытпай орындайтын  ынталы тергеушіге  аса  қиын шаруа  болуға тиісті емес  еді.  Алайда,  олай болмай  шықты.

Алдымен қылмыс қалай жасалды, содан бастайық.  2017 жылдың 10 шілдесі күні Ақжайық ауданы, Қабыршақты ауылының тұрғыны Еркін Жұбанышев (сол ауылда 1965 жылы дүниеге келген), Бітік ауылының тұрғыны Еламан Қойсариевтің екі жасар байталын (жирен түсті) үйірден барымталап айдап әкетіп, қорасына қамайды. Қарау ойын түпкілікті жүзеге асыру және бөтеннің малын ақи-тақи  сіңіру мақсатымен байталдың сол жақ жамбасына өзінің тегі, аты, әкесінің атының бас әріптерін – «ДЕС»  (Джубанышев Еркін Сұрамысұлы) таңбасын мұқияттап тұрып басады. Оны да місе тұтпай, жылқы мінезін бес саусақтай білетін кәнігі барымташы (неге бұлай деп отырғанымызды соңыра түсінесіз) байталдың көзін мөлитіп, қорасынан шығармай, қамап қояды. Осылайша, байтал Жұбанышевтың қорасында бір айдан астам қамаулы тұрады. Жайлауда желмен жарысып, құйрығын теуіп, ойнақтап жүрген жануар қаңыраған қораға қамалғасын, қабырғасы арса-арса болып, жадап-жүдейді. Бұл уақытта ой мен қырды қалдырмай кезген Қой-сариев күндердің күнінде Жұбанышевтан күдіктеніп, өзінің мал қараудан қолы тимегесін, анық-қанығын біліп-келу үшін жиені Қисметуллинді жұмсайды. Жирен байталды жақсы танитын Қисметуллин Жұбанышевтың қорасынан байталды тауып алады. Қисметуллин жалғыз келмеген еді, қасына куә ретінде ауылдастары Алғазиев пен Молдағалиевті ерте келген еді. Сонысы көрім болған. Жирен байталмен «жылап» көріскендей болған жиен оны қорадан өз қолымен жетектеп шығады. Ұрлығы әшкере болған Жұбанышев кейін Қойсариевке келіп, аяғына жығылып, жалыныпжалпайып кешірім сұрайды. «Енді сенің малыңның маңайынан жүрмеймін», – деп ант-су ішеді. Тап осы кезде бүкіл ауылға әбден белгілі болған осы ұрлықтан хабардар Ақжайық аудандық полиция бөлімінің аймақтық өкілі Е. Абдолов тиісті шара алмайды, шара алмақ түгілі, саусақтарының ұштарын қимылдатпайды.

«Бассыз үйдің иті осырақ» дегендей, әдетте полициясы марғау аудандар мен ауылдарда (бәлки, ұрылармен ауыз жаласып кеткен) ұрының айы оңынан туады-ау, сірә! Өйткені, ондай жерлерде ұрлық-қарлық жиі болатынын және ізім-қайым кетіп, ашылмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Азаматтардың құқығын қорғайтын полицияның қалғып-мүлгіп жүргенін көрген Жұбанышев та әбден басқа шыққан сияқты. Басынғаны емей немене, араға үш-төрт ай салып, бағанағы жирен байталды өрісте жүрген жерінен тағы айдап әкетіп, қорасына қайтадан қамап тастайды. Полицейлерді суға соққан (дөрекілеу айтқанда «ұрып» қойған) Жұбанышевқа ең болмаса, погондарының абыройы үшін, «Әй, мұның не?» деп өре түрегелген біреуі болсайшы, ақжайық-тық тәртіп сақшыларының… Бір жылқысын екі қайтара ұрлатқан Қойсариевтің дәл осы кезде, яғни жирен байталдың ізінше жеті қар басқан биесі мен үлкен көк аты өрістен тағы жоғалады. «Жыласаң тағы сабаймын» дегендей, анау екі жылқысын да ұрлаған немесе ұрлықты ұйымдастырып жүрген баяғы Жұбанышев деген күдік Қойсариевтің ойынан әлі күнге кетпейді (оған куә бар, оны да соңыра білесіз).  Ақжайықтық по лицейлер бұл оқиғаның да (бие мен көк атқа қатысты) жай-жапсарын  мұқият тергеп, анық-қанығын зерттеп, бастарын қатырмады. Бұл тек арада бір жыл өткенде барып, облыстық прокуратураның араласуымен  бие мен көк атқа қатысты ұрлық бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, қазір оны тергеумен Ақжайық аудандық полициясы айналысуда.

Жұбанышев жирен байталды екінші рет барымталағанда да полицейлерден қайыр болмағасын, Қойсариевтің өзіне «полицей» болуға тура келді. Жирен байталды Жұбанышевтың ұрлағанын және жылқысының оның қорасында қамаулы тұрғанын ауыл тұрғындарынан біліп, малын қайтарып алу үшін 2017 жылдың 14 желтоқсаны күні Жұбанышев тұратын  Қабыршақты ауылы, Сақташев көшесіндегі 8-үйге келеді. Қасына жиені Қисметуллинді ертіп алған еді. Оны «Жұбанышевтың үйіне тез келсін!» деп алдын ала сол ауылдағы аймақтық инспектор Е. Абдоловтың үйіне жөнелтеді. Бірақ жиені инспекторды таба алмайды. Жұбанышевтың үйінен әуелі баласы мен әйелі  шығып, мұны үйге кіргізбейді. Сол кезде шаң-шұң айқайға үйден Жұбанышев шығады. Қойсариевтің тергеуде, сотта көрсеткеніндей және бізге айтқанындай, Жұбанышевтың қолында пышақ әрі ішіп алған, мас болған (Жұбанышев сотта мас болғанын мойындағанымен, пышақ сілтегенінен бас тартты). Қойсариев қорада қамаулы тұрған байталын шығарып беруді талап етеді. Сол жерде екеуінің арасында әуелі жанжал туып, оның аяғы төбелеске ұласады. Әп дегенде, Қойсариев Жұбанышевтың пышағына жармасып, оны жығып алады. Бұлар төбелесіп жатқанда, Қойсариевтің айтуынша, үйден Жұбанышевтың екі ағайыны шыға келеді де, төбелеске киліге кетеді. Жәбірленушінің тергеуге берген жауабынша және бізге айтуынша, үшеуі Қойсариевке жабылады. Өзі жұқалтақ келген, әрі қайраты да тап асып бара жатпаған бір адамға үш нән жігіт жабылғасын не болсын, Қойсариев оңбай таяқ жейді. Беті мен денесіне соққы мен тепкі тиіп, көгереді, сол аяғының тізесінен жарақат алып, сол жерде жүре алмай қалады. Сол бойда Қабыршақтыдағы амбулаторияға жеткізіледі. Бірақ олар «Жарақаты ауыр, аяғы сынған сияқты» деп шұғыл түрде Ақжайық аудандық ауруханасына жұмсайды. Ондағылар ондалап жатқан мұны олай аударып, бұлай төңкеріп, мұқият қарап, бастарын шайқайды. Облыстық ауруханаға шұғыл аттандырады. Басқа жарақаттарын айтпағанда, тізе буыны шығып, сіңірі үзілген ол аурухана төсегіне таңылады. Мұнда ол қос балдаққа сүйеніп, бір ай жатады, аяғына ота жасатады. Содан кейін үш ай бойы балдаққа сүйеніп жүріп ем алады. Кейін сотқа да сүйретіліп балдақпен келген еді (алған жарақаттары туралы сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бар)… Айтпақшы, учаскелік полицияға кеткен жиен қайтып келгенше, Қойсариевті ағайынды Жұбанышевтар соққыға жығып, «жайғап» тастаған еді. Ол төбелестің басы-қасында болып үлгермеген, көрмеген («Үлгерсем, нағашымды анандай жағдайға жеткіздірмеймін ғой» деп бүгінде бармағын тістейді). Айқай төбелестің өзін көрмесе де, «нәтижесін» көрген жиен Қисметуллин «Қайтқан малда қайыр бар» деп, Жұбанышевтың қора-сынан байталды жетектеп алып шығып, ертесіне ауылға алып келеді.

Енді, «қызықтың көкесі» осы жерден басталады. Қойсариев Ақжайық аудандық ауруханасына түскен бойда ондағы дәрігерлер соққыға жығылған мұны көріп, тәртіп бойынша полицияға дереу хабарлаған. Сол күнгі кезекші инспектор  ауруханаға аяқтай келіп, Қойсариевтен жауап алады. Ауыр жарақаттарынан қиналып жатқан Қойсариев: «Жұбанышев жылқымды ұрлап алған еді, соны қайтарып аламын деп барғанымда, ол мені соққыға жықты», – дейді.

Бірақ кезекші инспектор осы маңызды деректі хаттамаға түсірмеген. «Қайдағы жылқы, қашан, қалай ұрланды?» деген сыңайда  моқшап, сұрап жатпай, «төбелесіп, соққыға жығылған» деп хаттама толтырады да, қайтып кетеді. Келесі күні осы оқиғаны жан-жақты тексеруді Ақжайық аудандық полиция бөлімінің басшысы Б. Ортаев қарауындағы анықтаушы А. Абулхайыровқа тапсырады. Ол оқиға болған жерге барып, қарау хаттамасына «Қабыршақты ауылы, Сақташев көшесі, 8-үй, азамат Жұбанышевтың үйі» деген сөздерді ғана толтырып, жайына кетеді, сабазың. «Біреу  біреудің жоғын ысқырып жүріп іздейді» деген бар. Ол басқаларға емес, тура осындай полицейлерге қарата айтылған ба деп қаласың… Төбелес неден шықты, кімдер қатысты, оқиға болған жерді қарау, айғақ заттарды іздеу, табу, куәларды жауаптау деген сықылды қарапайым талаптарға Абулхайыров пысқырып қарамаған. Бұған не дейсіз? Кейін Қойсариев облыстық ауруханада жатқан кезінде Ақжайықтан арнайы келіп, жауаптаған тергеуші Қ. Оразов та төбелесті ғана анықтап, ал жылқылары ұрланғаны туралы жәбірленушінің айтқан деректерін хаттамаға мүлдем көрсетпеген. Мұны қалай түсінесіз?.. Танау бұзылып, көз көгерген әшейін төбелес емес, үсті-басы көкала қойдай болып көгерген, тізесі шығып және сол тізенің байламдары мен сіңірлері үзілген ауыр жарақаттарға себеп болған ұрлыққа  назар аудармайды. Анау кезекші инспектор, мынау анықтаушы Абулхайыров, тергеуші Қ. Оразов өз міндеттеріне осылай жауапсыз қарағанда, ұрылар басынбағанда қайтеді?..

Бұл қылмыстық істің тағы бір «масқарасы» – Қойсариевтің жирен байталына іле-шала 7 жылдық биесі мен көк аты қолды болды дедік қой. Сол көк атты Қабыршақты ауылының тұрғыны Имашева Жұбанышевтың қорасының артында «КамАз» көлігіне тиеулі тұрған жерінен өз көзімен көреді. Көк аттың Қойсариевтікі екенін таниды және оның жуырда жоғалғанын, иесі табанынан таусылып іздеп жүргенінен жақсы хабардар тұрғын. Имашева сол бойда Қабыршақты ауылының учаскелік инспекторы Е. Абдоловқа телефон шалып, Қойсариевтің қолды болған көк атының Жұбанышевтың қорасының артында «КамАз»-ға тиеулі тұрғанын хабарлайды. Бірақ учаскелік инспектор қылмыс белгісі бар хабарламаны есепке алмаған, ол туралы Ақжайық аудандық полиция бөлімінің басшысына баяндамаған. Сол бойда көк атты тиеген «КамАзды» тоқтатып, тексеріп, тергеу амалдарын жүргізбеген.

Бұл қылмыстық істі тергеу кезінде жіберілген қателіктердің ең сорақысын айтсақ,  Жұбанышевтың бұған дейін үш рет темір тордың арғы жағында болып келгені тергеуде де, сотта да ескерілмеді. Нақтылай айтқанда, жирен байталға қатысты сотқа Жұбанышев бұрын ешқандай істі болмаған, «тап-таза» болып келді. Егер оның бұрын жылқы ұрлағаны үшін үш рет сотталғаны анықталған болса, өткеннен ешқандай қорытынды шығармай, түзелу жолына түспегені белгілі болар еді. Жылқы ұрлаудағы Жұбанышевтың өзіндік «қолтаңбасы», былайша айтқанда, баукеспелік-барымташылық кәсібі сотта ескеріліп, қатаң жаза та-ғайындауға әсер етуі мүмкін еді.

Осы қылмыстық істің тергелуін бастан-аяқ жақсы білетін Ақжайық аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Қ. Оразов ең алдымен Жұбанышевтың бұрын істі болған-болмағанын мүлдем зерттемеген. Істі өз өндірісіне ала тұрып, алдын ала тергеудің толықтылығын және жан-жақтылығын қамтамасыз етпеген. Бұрын тек қана жылқы ұрлаумен айналысып, үш мәрте сотты болған, соңғысында 22 бас жылқыны ұрлап, Ақжайық аудандық сотының үкімімен 10 жылға түрмеге қамалған Жұбанышевқа қатысты үкімдердің көшірмелерін полицияға іргелес аудандық мұрағаттан алып, процестік іс жүргізу заңының талаптарына сай іске тіркемеген. Бұл құжаттар не үшін керек? Олар сотта жаза тағайындағанда Жұбанышевтың қылмыстық жауапкершілігін саралауға қажет болатын. Тергеуші Қ. Оразов жәбірленуші жақтардың Ақжайық ауданының прокурорына берген арызына сәйкес (10 пункттен тұратын) аудан прокурорының жазбалай берген нұсқауын орындауға міндетті бола тұрса да, Оразов оның бірде-біреуін орындамайды. Турасын айтқанда, мал ұрлығын көрген-білген Қабыршақты ауылы тұрғындарынан толық түрде жауап алынбай, іс біржақты тергелген.

Енді бүгінде осы іске қатысты қандай шаралар алынып жатқандығына келейік. Облыстық про-куратураның №1 басқармасының прокурорларымен барлық құжаттар зерделеніп және тексерілді.

Ақжайық ауданы полиция бөлімі қызметкерлерінің заңсыз әрекеттер дерегі бойынша жинақ-талған барлық құжаттар сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін және процессуалдық шешім қабылдау-ға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментіне жолданды. Қазіргі уақытта тиісті тексерулер жүріп жатыр.

Ал, жәбірленуші Еламан Қойсариев бүгінде алған дене жарақатынан толық айығып кете алмай, қымбат дәрі-дәрмек ішіп, ем қабылдап, жан-тән азабын қатар тартуда…

Мұрат ТҰЙҒЫНБЕТОВ,

заңгер, әділет кеңесшісі

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Ақжайық   ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар