25.12.2018, 11:36
Қараулар: 178
Жемісті жылдар

Жемісті жылдар

Өткен аптаның соңында Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.

Өнер ордасының бұл мерейтойына Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемеров, Қ. Қуанышбаев атындағы Астана мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаев, танымал театр және кино актерлары Меруерт Өтекешова, Гүлнәр Жақыпова, Мұрат Ахманов, Қазима Нұғманова, Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов, Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры Нұрхан Қадырбаев секілді өнер мен мәдениет қайраткерлері арнайы ат арытып келді.

Мерекелік шара театрдың актеры әрі бас режиссері Самал Әбуовтың «Театр. Тарих. Тағылым» атты жаңа кітабының тұсаукесерімен басталды.  Қасиетті өнер ордасының ширек ғасырлық мерейтойы аясында кітапсүйер қауымға жол тартқан жаңа кітап көзі қарақты оқырманның оң бағасын алып үлгерді. Театрдың тыныс-тіршілігі, өнерлі отбасының шығармашылық еңбек жолы, белгілі өнер иелері туралы тың мәліметтер жинақталған кітаптың тұсаукесер рәсімін   автордың ұстаздары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер, кино және театр актері Мұрат Ахманов пен Қазақстанның халық әртісі, режиссер, кино және театр актрисасы Гүлнәр Жақыпова жасады. Тұсаукесерде сөз алған Мұрат Ахманов театр тарихына тоқталып, алғашқы жылдары жас театрдың шаңырағын бірге көтеріскен, бертін келе өмірден озған әріптестерін еске алды. Осы тұста өнердің ұлы көшін жалғап, әріптестері туралы естеліктерді қағазға түсіріп, кітапқа енгізген Самал Әбуовтың ізденісі жалғасын таба бергей деп пікір білдірді.

Тұсаукесерден соң мерекелік шараға жиналған қонақтар мен көрермендер қара шаңырақтың тарихи сәттерінен сыр шертетін музейдің ашылу салтанатына қатысты.

– Бүгін осындай кештің куәсі болғаныма қуаныштымын. Әсіресе, театрда музейдің ашылуы – құптарлық бастама. Бұл – үлкен тарих. Бұдан былай театрға бас сұққан жас ұрпақ киелі өнер ордасының бүгінге дейінгі қалыптасқан жолын біліп жүретін болады, – деді шарада құттықтау сөз алған Қазақстанның халық әртісі, режиссер, кино және театр актрисасы Гүлнәр Жақыпова.

Театр ғимаратының жоғарғы қабатында орналасқан музейде өнер ордасында әр жылдары еңбек еткен сахна саңлақтарының фотосуреттері, тарихи сәттерден сыр шертер суреттер мен мақалалар, театрдың жүлделері қойылған. Сондай-ақ облыс театрына есімі берілген Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваға арналып арнайы бұрыш жасақталған. Театр өнерінің тылсым құдіретіне бойлататын тарих пен тағылымға толы музей әлі де құнды жәдігерлермен толыға бермек.

Мерекелік шараға жиналған зал толы көрермен алдымен театрда әр жылдары еңбек еткен өнер иелері, сахналанған қойылымдар, жеткен жетістіктері мен жеңістері туралы жылнамалық шежіресінен хабардар ететін деректі фильмді тамашалады.

Өнерсүйер көрерменді облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов: «Қазақ елі үшін Тәуелсіздік мерекесінен артық мейрам жоқ. Ал қазақ өнері мен әдебиеті үшін Мұхтар Әуезовтей тұлғаның орны бөлек. Ендеше, 1993 жылы облыстық театрымыздың Тәуелсіздік күнінде жазушы-драматург Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» қойылымымен ашылуы кездейсоқ емес. Бүгінде бұл қара шаңырақ Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваның есімін иеленді. Театр ұжымы үш жыл қатарынан халықаралық конкурста бас жүлдегер атанды. Осындай жетістіктеріңіз молая берсін!», – деп тілек айтты.

Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті, театр режиссері, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемеров ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының театр ұжымына арналған  құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ, батысқазақстандық театрды ұзақ жылдар басқарып, шетелдік драматургияның қазақ тілді нұсқасын жасауға елеулі үлес қосқан Құжырғали Төлеуішов пен өнер ұжымын үш жыл қатарынан халықаралық фестивальдарға бастап барған  театрдың қазіргі басшысы  Қуаныш Амандықовтың еңбектері де өнер саңлағының назарынан тыс қалмады.

Салтанатты шарада қазақ театр өнерін өрістетуге үлес қосып жүрген актерлар мен театр қызметкерлері ҚР Мәдениет және спорт министрінің, облыс әкімі Алтай Көлгіновтың, облыстық мәдениет басқармасының алғысхаттарымен және Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы», Қадыр Мырза Әли атындағы төсбелгі, Талантты тану орталығының «Мәдениет майталманы», «Өнер саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Олардың қатарында  Г. Шынтемір, С. Әбуов, Ә. Мәмбетова, А. Қайырова, А. Жакин, Д. Хамитов, Н. Сәдір, Ж. Әділова, С. Қажымұратов, Н. Жұбатова, Х. Шәмелова, Т. Жігеров, Ж. Құр-манғалиева, А. Құсайынова, А. Жарылғапов, Е. Есендосова, Н. Сейітмағамбетов, Д. Омаров және басқалары бар.

Ширек ғасырда қол жеткізген жеңіс-жетістіктерді саралап, көрермен назарына ұсынған шырайлы кеште жергілікті өнерпаздармен қатар, театр актерлары да өнер көрсетті.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.