Өнер шамшырақтары Ақ Жайықта

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының 25 жылдық мерейтойына орай өңірімізге келген мәдениет және өнер қайраткерлерімен кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов кездесті.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, актриса Меруерт Өтекешова, Т. Жүргенов атындағы Қазақтың Ұлттық өнер академиясының ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров, ҚР Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі Гүлнәр Жақыпова, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрының әртісі Мұрат Ахманов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актриса, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрының әртісі Хазима Нұғыманова қатысқан емен-жарқын кездесу барысында өңір басшысы Батыс өнер мектебінің кешегісі мен бүгіні, болашағы жайында сөз қозғап, облыстық қазақ драма театрының жеткен жетістіктері жайында әңгімеледі. Сондай-ақ қазіргі таңда мәдениет және өнер саласына қолдау артып, облысымыздың шалғай аудандарына да мәдениет ошақтарын салу ісі жолға қойылғандығы айтылды.

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған, «Қыз Жібек» көркем фильміндегі басты рөлі арқылы қазақ қызының прототипін қалыптастырған Өтекешова Меруерт апамыз кезінде КСРО Халық әртісі Х. Бөкееваның класында дәріс алғандығы туралы айтты. Ал облыстық қазақ драма театрының ашылуына үлес қосып, 2001-2005 жылдары бас режиссері болған, жуырда ғана жарыққа шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы жолы. Астана» фильмінде мемлекет басшысының рөлін сомдаған Мұрат Ахманов ширек ғасырлық тарихы бар театрдың алғашқы жетістіктері жайынан сыр шертіп, облыс басшылығы тарапынан өнерге көрсетілген зор қолдау үшін ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, облыстық қазақ драма театрының 25 жылдық мерейтойына арналған шаралар легі аталмыш театрдың актері әрі режиссері Самал Әбуовтің «Театр. Тарих. Тағылым» кітабының таныстырылымына, театр тарихынан сыр шертетін музейдің ашылу салтанатына ұласып, мерекелік концертпен қорытындыланды.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»