21.12.2018, 21:20
Қараулар: 102
«Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы іске қосылмақ

«Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы іске қосылмақ

Бейсенбіде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аймақтық комиссия отырысы өтті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Саян Ахметжанов, облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, облыстық басқармалардың басшылары мен қала және аудан әкімдері қатысқан аймақтық кеңес жиынында соңғы жылдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің ашылуы жайлы біраз дерек айтылды.

– Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы және Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес қабылданған реформалар арқасында соңғы екі жылда өңірімізде кей салалар бойынша сыбайлас жемқорлық  көрсеткіші төмендеді. Қадағалау құрылымдарының қолдауымен облыстағы мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мүлде болдырмау бағытында іс-шаралар жүргізілуде. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылмақ. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық көзқарасты нығайту, – деді комиссия отырысына төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Саян Ахметжанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның маңызы жөнінде айта келіп, биылғы қаңтар айында іске қосылған «Астана – адалдық алаңы» жобасы сәтті жүзеге асқанын мәлімдеді. Жоба ауқымында әлеуметтік салаларда және сот жүйесінде болатын әкімшілік кедергілерді болдырмауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыруға баса көңіл бөлінгенін атап өтті.

БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының басшысы Рустам Ақмырзаев өңірдегі 2017-2018 жылдардағы жемқорлыққа қатысты қылмыстық ахуал жөнінде баяндады. Екі жылда облыста 186 қылмыстық іс жасалған. Биылғы 19 желтоқсанға дейін 95 қылмыстық іс тіркелген. 186 қылмыстық істің 98-і, яғни 52,7 пайызы пара алуға қатысты. Мүлікті ұрлау мен алаяқтыққа байланысты 31 дерек анықталған. Осы көрсеткішке қарайлас, қылмыстық істердің қалған 16 пайызы лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланғандардың үлесінде.

Соңғы екі жылда облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің жұмысы нәтижесінде өндірістегі 171 қылмыстық іс аяқталып, 14-і сотқа жолданған. 68 қылмыскер сотталып, оның үшеуі шартты түрде жазаға тартылса, 15-і бас бостандығынан айырылып, 37-сі айыппұл төледі. Тергеу аяқталған қылмыстық істерден болған шығын – 900,5 млн. теңге. Оның ішінде 610,9 миллион теңгесі өндірілді. Сот үкімі бойынша тағайындалған айыппұл көлемі – 157 миллион теңге.

– Екі жылда 75 мемлекеттік қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалар 158 сыбайлас жемқорлық қылмысына барған. Жергілікті атқарушы құрылымдардың 31 маманы 91, ішкі істер органдарының 31 қызметкері 46 қылмыстық құқықбұзушылық жасады.

Сондай-ақ Бөкей ордасы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен, облыстық әділет департаментінен, көліктік бақылау инспекциясынан, БҚО бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаментінен бір, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінен төрт, ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалының екі қызметкері және квазимемлекеттік сектордағы үш кәсіпорынның басшылары «сұғанақтыққа» барған.

Қылмыстық іс жасағандардың ішінде басшылық қызмет атқарған немесе орынбасар болған 20 лауазымды тұлға бар. Оның ішінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Т. Шаяхметов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы М.  Оңғарбеков, облыстық дін істері басқармасының басшысы С. Ғиззатов, «Қазгидромет» РМК филиалының директоры Д. Оралымбеков бар. Қазан айында облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Х. Құсдәулетов ұсталды. Ол 2017 жылдың мамыр айынан бастап, биылғы қыркүйек айына дейін қарауындағы қызметкерлерінің сыйақысынан 3,5 млн. теңге көлемінде ақша жинады деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда, – деді Рустам Ақмырзаев.

Бюро жетекшісі биыл мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салаларында сыбайлас жемқорлықпен күрес оң нәтиже беріп отырғанын айтты. Ал жең ұшынан жалғасудан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс саласы «көш бастап» тұр. 2017-2018 жылдары бұл бағытта 49 қылмыстық іс ашылып, 11 азамат жауапқа тартылды. Мәселен, Бөрлі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шарипов пен оның орынбасары Исамалиев «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде абаттандыру жұмысын жүргізуге қатысты жалған актілер жасап, 28 млн. теңгені рәсуа қылды. Ақсай қаласының әкімі Жармұхамбетов сату құны жоғары тауарлар мен қызметтерге қатысты мемлекеттік сатып алу бойынша келісімшарттарына қол қойып, мемлекетке 52 млн. теңге залал келтірді. Теректі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бахитов жол жөндеумен айналысқан мердігерлік ұйымнан жұмыс актілерін тез рәсімдеуге «жол ашқаны» үшін пара алып, онымен қоса 8 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын «үптеген». Жылма-жыл орта білім беретін және мектепке дейінгі мекеме директорлары мен есепшілерінің еңбекақыны заңсыз төлеу жолымен бюджеттік қаржыны ұрлаумен айналысатыны анықталуда. Биыл аталған жайт бойынша үш қылмыстық іс ашылып, үш адам жауапкершілікке тартылды. «2015-2017 жылдары Қазақстандағы білім және ғылымды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бөлінген бюджет қаржысынан 11,8 млн. теңгені ұрлаған Жәнібек ауданындағы «Алтын ұя» бөбекжайының бас есепшісі Файзуллина 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Файзулинаның кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу бес жыл мерзімге кейінге қалдырылды.

Былтыр облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2015-2016 жылдары медициналық жабдықтарды жоғары бағамен сатып алғаны анықталды. Соның салдарынан мемлекетке 167 млн. теңгеден астам залал келтірілді. 2015 жылы облыстық онкологиялық диспансер бұрын пайдаланылған және тиісті түрде жұмыс істемесе де, құны 200 млн. теңгеге бағаланған медициналық жабдықты сатып алынғаны да биыл әшкере болды. Бұл медициналық жабдықты ұсынған «Квант-Семей» ЖШС-ның директоры Бейсембаевқа қатысты сотта қылмыстық іс қозғалды. 2018 жылы облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Мукашев еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша білімін тексеру жөніндегі емтихан комиссиясының хаттамаларына заңсыз қол қойып, білім алушы азаматтардан пара алып отырғаны анықталды. Ол сот үкімімен айыппұл төлеу жазасына кесілді.

БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының басшысы Рустам Ақмырзаев соңғы екі жылда Бөрлі, Теректі және Зеленов аудандарында сыбайлас жемқорлықпен күрес төмен деңгейде қалып отырғанын айтты. Аталған мерзім аралығында Бөрліде 30, Теректіде 21 құқықбұзушылық орын алған.

– Тәртіптік жауапкершілігі қаралған әрбір екінші мемлекеттік қызметкер қатаң жазаға тартылды. Атап айтқанда, тоғыз лауазымды тұлға жұмыстан босатылды, 12-сі атқаратын қызметінен шеттетілді, 23-і қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, – деді Рустам Сапарбекұлы.

Аймақтық кеңес отырысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали және Орал қаласы мен Бөкей ордасы, Бөрлі аудандарының әкімдері баяндама жасады. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов сандық жүйеге көшу мемлекеттік қызмет ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтетінін, бұл бағытта жұмыстана беру қажеттігін айтты.

Жиыннан соң облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Саян Ахметжанов және аталған агенттіктің облыстағы департаментінің басшысы Болат Исақов «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен танысты. Жобалық кеңсе облыс әкімдігі ғимаратында орналасқан. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында іске қосылатын жоба тұрмыстық жемқорлықты жою, қоғамдық бақылауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жүзеге аспақ. Кеңседе бес маман қызмет істейтін болады. Жоба мерзімі әзірше бір жылға есептелген.

Нұртай    ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар