21.12.2018, 21:17
Қараулар: 99
Дау-дамай қалай туындайды?

Дау-дамай қалай туындайды?

Жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында жиі-жиі дау-дамай туындап жатады. Кейде аяғы сотқа дейін жететін өндіріс, өнеркәсіп орындарындағы жазатайым оқиғалардың дауы жылдарға созылады. Екі жақты діңкелететін, әсіресе, жұмысшының жүйкесін әбден тоздырып, титықтататын мұндай даулар қалай және қайдан туындайды?

Еңбек қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу институты БҚО филиалының директоры Нәсіпқали Иманғалиұлымен екеуара әңгімемізді біз осы сұрақтан бастадық.

– Бірден айту керек, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы дау-дамай еңбек заңнамаларының талаптарын өз дәрежесінде орындамау немесе көпе-көрнеу бұзушылықтардың себебінен туындап жатады. Басқа ешқандай себеп, сылтауы жоқ!

– Нәсіпқали Иманғалиұлы, еңбек дауы туындамауы үшін әу баста не істеу керек? Әсіресе, жұмысшы тарапынан нендей мәселеге аса мұқият болған жөн?

– Ол үшін екі жақтың барша міндеттемелері көрсетілген еңбек шарты жасақталып, басшыдан бастап, қатардағы қызметкерге дейін заңда көрсетілген мерзімде Еңбек қорғау мен еңбек қауіпсіздігі бойынша бір ай мерзімнен бастап оқудан және алғашқы күннен нұсқаулықтан өтулері керек.

– Бірақ бұл арада тағы бір мәселенің басы қылтияды, жұмысқа тұрушы ҚР Еңбек кодексінің талаптары бойынша жұмыс берушіден тиісті нәрсені (келісімшарт, жалақы мөлшері, емдеу-сауықтыру т.б.) талап ете бастағанда, жұмыс беруші «Тым білгіш екенсің, жұмысты басқа жерден ізде» деуі мүмкін ғой. Ондайда не істеу керек?

– Егер еңбек шартындағы көрсетілуге тиіс талаптар орындалмайтын болса, жұмысқа тұрушы ол жұмыстан бас тартуға ерікті және ол туралы еңбек инспекциясына шағымдануға құқылы.

– Сіздің пікіріңізге қарағанда жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендер бюджеттік салада көп  кездеседі де (46%), құрылыста аз көрінеді (19%). Себебі неде деп ойлайсыз? Жазатайым оқиғалар, негізінен, өндіріс, өнеркәсіп, құрылыс салаларында кездесің-кіремей ме?

– Күнделікті кездесіп жататын фактілерге қарсы шығуға болмайды. Өкінішке орай, статистика осыны көрсетіп отыр. Мәселен, «Жедел жәрдем» қызметкерлерінің жол-көлік оқиғаларына, бұзақылық шабуылдарға ұшырауы немесе сол бюджеттік сала қызметкерлерінің көшеде, жұмыста жүріп құлап, сүрініп дегендей, түрлі деңгейдегі жарақат алуы жиі кездесетін болды. Мұны әлеуметтік сала қызметкерлері үшін қауіптілік жоқ деп, еңбек қауіпсіздігіне онша мән бермеудің салдары деп түсінген жөн. Ал өндіріс пен құрылыста еңбек қауіпсіздігін сақтау бұрынғыдан да қатайып, талап күшейгенінің арқасында жазатайым оқиғалар бұрынғыдан азайды. Алайда бөрікті аспанға атуға әлі ертерек. Дүниежүзілік деңгейде алып қарасақ, елімізде өндірістік жарақаттану деңгейі европалық мемлекеттермен салыстырғанда 2-2,5 есеге дейін артық болуы бұл бағытта біздің әлі де көп жұмыстануымыз керек екенін көрсетеді. Кейбір жарақаттану қауіптілігіне жатпайтын сала қызметкерлері мен мекеме басшылары үшін оларға еңбек қорғау мәселелерінің қатысы жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оларды жеке қорғаныс құралдарымен қамту (техникалық қызметкерлер, тәрбиешілер, медициналық қызметкерлер мен аспазшылар т.б.), қысқартылған жұмыс күні мен қосымша демалыс күндерінің берілуі (онымен қамтылуға тиістілер мысалы: дәрігерлер, мұғалімдер, медициналық әлеуметтік мекемелер мен мәдениет саласы қызметкерлері) осылардың бәрі де еңбек қорғау шаралары болып табылатыны анық. Бұл іс-шаралардың бәрі нормативтік-құқықтық актілермен реттелген және міндетті түрде бұлжытпай орындалуы тиісті. Дегенмен де нақты өмірде жазатайым оқиғалар саны артпағанымен, олар жойылмай отыр. Мысалы, өткен жылы жазатайым оқиға 40 рет орын алса, үстіміздегі жылдың 10 айында ол 34 рет қайталанған. Өткен жылы 5 адам қаза тапса, биылғы жылы 3 адам қаза болды. Жазатайым жағдайда жоғарыдан құлаудан  былтыр 7 адам опат болса, биыл 8 жұмысшы жазым болды. Осылардың ішінде 3 адам еңбек қауіпсіздігін сақтауға оқытпағанның салдарынан орын алған.

– Жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбек құқықтары қандай жағдайда жиі бұзылады?

– Ол үстеме жұмыс атқаруға байланысты жиі кездесіп жатады. Ал заң бойынша үстеме жұмыстарға тартуға жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.Үстеме жұмыстар әрбір жұмыскер үшін тәулігіне екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда бір сағаттан артпауға тиіс. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына 12 сағаттан, ал жылына 120 сағаттан аспауы керек. Еңбек шартында жұмыс күнінің ұзақтығы әдетте заңға сәйкес көрсетіледі. Бірақ көпшілігінде қызметкерлер жұмысты мерзімінен кеш аяқтайды немесе сенбі, жексенбі күндерінде жалғастырып, жұмысқа шақырулар жиі орын алады. Мұндай кезде қосымша еңбекақы немесе өтемақы төленбесе, жұмыс беруші тарапынан заңбұзушылыққа жол беріледі. Сондықтан ондай жағдайда заң шеңберінде бұйрық бере отырып, өтемақы төленуін кәсіподақтар қадағалағаны дұрыс. Соңғы кезде бұл мәселені шешудің тиімді жолдары қарастырылуда. Өйткені, жұмыс соңында компьютерлерді бір мезгілде өшіріп, жұмысты тоқтату да өз нәтижесін бермей отыр. Сонымен қатар соңғы уақытта қызметкерлердің тиісінше толық жұмыс мерзімінде немесе қосымша еңбек ете отырып, көбірек табыс табуға құлшыныстары артқан. Бұл облыстық аурухана қызметкерлері арасында кездесті. Назар аударатын тағы бір жәйт – жылдық жұмыспен қамту мерзімінің  сақталуы да ерекше маңызға ие болуда. Мысалы, 2018 жылы жылдық жұмыс күні демалыс пен мереке күндерін есептемегенде, 246 күнге тең болып отыр. Міне, жұмыс беруші шарт бойынша қызметкерлерін осыншама жұмыс күнімен қамтуы тиіс. Ал жұмыс тауып бере алмаған жағдайда жұмыскерге орташа жалақысының 50%-ы көлемінде өтемақы төлеуге тиісті. Ал жұмыс беруші мұндай кездерде, керісінше, жұмысшыны ақысы төленбейтін демалысқа жіберуге тырысады. Бірақ бұл жерде жұмысшының бұған келіскен арызы болмаса, мәжбүрлеуге болмайды. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда азаматтар мүліктік, экономикалық, әлеуметтік және тұтынушылық құқықтарын белсенді түрде қорғай білсе де, еңбек құқықтарын талап етуге келгенде жасқаншақтық танытып, өз құқықтарын қорғай алмайды. Мұндай жағдайда кәсіподақ, еңбек инспекциясы, прокуратура және сот орындарының көмегіне арқа сүйеуге әбден болады ғой. Солай істесе, жұмыс беруші еңбек құқықтарын бұзғаны үшін, оған келіспеген, талап еткен  адамды еріксіз жұмыстан кетуге мәжбүрлегені үшін Әкімшілік кодексі талаптары бойынша жауапкершілікке тартылуға тиіс. Осы арада кәсіподақ ұйымдарының рөлі арта түсетінін айта кетуіміз керек. Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес жеке еңбек дауын қарау тәртібі бойынша келісу комиссияларында, ал реттелмеген мәселелер немесе келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы сотта қаралады. Айтпақшы, келісу комиссиясының тараптары келісу комиссиясының мүшелерін ҚР еңбек заңнамалары негіздеріне, келіссөздер жүргізу машығын дамытуға және еңбек дауларында консенсусқа жетуге жыл сайын оқытуды жүргізуге міндетті. Дәл осы баптың орындалуы білім саласы  мен теміржол саласының қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарында ғана жүзеге асып, басқа соның ішінде мемлекеттік және банк қызметкерлері саласы кәсіподақтарымен орындалмай келе жатқаны мүлдем түсініксіз.

– Жұмыста жүріп, жазатайым жағдайда қаза тапқандардың (мүгедек болып қалғандардың), шешілмей келе жатқан дауы бар ма?

– Өкінішке орай, жазатайым оқиғалардың қайғылы жағдаймен аяқталатыны сирек те болса, ұшырасады. Өмір шындығы ғой. Ондай жағдайлар мемлекеттік еңбек инспекциясының әрдайым бақылауында болып, тергеп-тексеру комиссияларын құру арқылы қорытындыланып отырады. Мысалы, ағымдағы жылы «Армапром» ЖШС-да қызметкер түнгі ауысымда краннан құлап қаза тапты. Оны мұқият тексерген Еңбек инспекциясы қайғылы оқиғаға жұмыс беруші кінәлі деген қорытындыға келді. Бірақ бұған жұмыс беруші онымен келіспей, іс сотта қаралуда. Қалай десе де, жұмыс беруші әрдайым қауіпсіз жұмыс орнын ұйымдастыруға, ең қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті болып табылады. Тіпті жұмысшы еңбек қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған жағдайдың өзінде де мұндай оқиғаларда аралас жауапкершілік көзделуі тиіс.

Әңгіме-дүкен құрған Есенжол   ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар