21.12.2018, 21:16
Қараулар: 141
«22» ЖҮРУДЕН НЕГЕ «ЖЕРІДІ»?

«22» ЖҮРУДЕН НЕГЕ «ЖЕРІДІ»?

Осы  аптаның  сәрсенбісі  қала ішіндегі №22 қоғамдық көлікке  мінетін  оралдықтар үшін  аялдамадан күткен  аутобусын  таба  алмай, діттеген  жеріне жетуді  басқаша  амалдағанымен  есте  қалары сөзсіз.  Себебі,  дәл  сол  күні  аталған  бағытқа  қатынайтын  25  аутобус жүргізушілері  темір  тұлпарларын  туарып  тастаған болатын.

Айта кетейік, аталған бағытта қатынайтын аутобус жүргізушілері мен кондукторлары 19 желтоқсан күні түстен кейін өз талап-тілектерін орындамаған аутопарк басшылығына наразылық танытып, түгелдей маршрутқа шықпай қалды.

Жолаушы тасымалдаудан бас тартқан аутобус жүргізушілерлерінің пайымдауынша, олар мұндай әрекетке өздері бағынатын «Батыс Қазақстан автобус паркі» басшылығы тарапынан көрсетілген қысымның салдарынан барған. Қоғамдық көлікті басқарудан бас тартқандарға аутобусқа мінген жолаушыларға міндетті түрде билет тарату, жұмыстан соң аутобусты парктегі арнайы көлік жуу орнында жуғызу, оған өз қалталарынан 1000 теңге ақша төлеу секілді автопарк басшылығы қойған талаптар ұнамаған.

Аталған автобус паркінің басшылығы мен көлік жүргізушілерінің арасындағы кикілжіңнен бейхабар жолаушылар аялдамаларда сағаттап №22 маршрутты күтсе, әлеуметтік желінің «желіккен белсенділері» тұрғындарды дүрліктіріп, бұл «жағымсыз» жаңалықты жарыса жариялағанының да куәсі болдық.

Бейсенбі күні шаһар әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов пен «Батыс Қазақстан автобус паркі» директорының орынбасары Данияр Мұхтаров қалалық әкімдікте БАҚ өкілдері арқылы түйткіл түйінінің шешілгені  туралы түсінік берді.

– «Батыс Қазақстан автобус паркі» мекемесінде кеше орын алған мәселе бүгін толықтай шешімін тапты. Парк басшылығы мен қоғамдық көліктердің жүргізушілері өзара түсіністікке келіп, бүгін таңертеңнен бастап №22 маршруттағы 25 аутобус жолаушы тасымалына кірісті. Айта кетейік, бүгінгі таңда Орал қаласында 28 бағыттағы жолаушы тасымалын қамтитын 6 тасымалдаушы компания қалыпты қызмет жасауда.

Ол компаниялардың қарамағында 500-ге жуық қоғамдық көлік бар. Барлық бағыттағы аутобустар GPS құрылғысымен қамтылған. Сонымен қатар Infobus мобильдік қосымшасы арқылы қала тұрғындары кез келген бағыттағы аутобустардың қай жерде келе жатқандығынан хабардар бола алады. Ал төрт бағыттағы маршрут электронды билетпен, 8 маршрут SMSBus жүйесімен жабдықталған. Жолаушы тасымалына оңтайлы жағдай туғызу үшін биылғы жылы су жаңа 35 аутобус алынған болса, келер жылы 135 қоғамдық көлік алу жоспарланып отыр, – дейді Бекжан Тоқжанов.

Ал аталған парк директорының орынбасары Данияр Мұхтаровтың мәлімдеуінше, бұдан былай тәртіпке көнбеген аутобус жүргізушілеріне қатаң шара қолданылмақ.

– Біздің аутопарктің аутобусын жүргізетін жүргізушілер мекеменің ішке ережесіне бағынуы тиіс деп есептеймін. Аталған түйткілге жүргізушілердің жолақысын төлеген ересектерге және балаларға билет таратудан бас тартуы, жаңадан салынған көлік жуу орны бола тұра, аутобустарды өз қолымызбен, тегін жуамыз деген талаптары себеп болды. Қоғамдық көлікке мінген әрбір адамға ақы төленгенін растайтын билет берілуі тиіс. Ал күні бойы қала ішілік жолаушы тасымалына «жегілген» аутобус жұмыс уақыты біткесін талаптарға сай тазаланып, ертеңгі жұмысқа сақадай сай тұруы керек. Сондықтан жүр-гізушілер тарапынан қойылған талаптар негізсіз. Жалпы, біздің аутопаркте көлік жүргізушілерге барлық жағдай жасалуда. Әр жүргізушіге айына 70 мың теңге шамасында жалақы төленеді. Ал өзіне жүктелген жұмысты жақсы атқарғандарға 30-35 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Сонымен қатар жұмыс сапасын арттыру мақсатында оларға арнап тынығатын және жуынатын орын жасақталып, асхана құрылысы аяқталуда. Аутобус жүргізушілері мен кондукторлар арнайы киім үлгісімен қамтылды. Мекемедегі орын алған кикілжіңнің салдарынан бір жүргізуші жұмыстан шығарылды. Қала тұрғындары тарапынан үстінен арыз түскен және мекеменің ішкі тәртібіне көнбеген қызметкерлерге бұдан былай да қатаң шара қолданылатын болады, – деді парк директорының орынбасары Д. Мұхтаров.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.