Нұрлан РАХЫМЖАНОВ, Бөкей ордасы ауданының әкімі: “Сапалы жол ауданымыздың туристік тартымдылығын күрт арттырады”

– Нұрлан Сағынтайұлы, Президенттің пәрменімен, Үкіметтің қаржылай қолдауымен және облыс әкімінің жергілікті жұрттың тілегін жоғары жаққа жүйелі жеткізуінің нәтижесінде бөкейліктердің жылдар бойғы ортақ арманы – аудан орталығынан облыс орталығына қатынау үшін асфальт жол салынатын болды. Егер жол әрі әлеуметтік, әрі экономикалық категория екендігін ескерсек, жаңа жол ауданның дамуына тың серпін береді деп нық айтуға болатын шығар?..

– Иә, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің өңірімізге келген биылғы сапары барысында облыс әкімдігінде өткен алқалы жиында Орал қаласы мен Бөкей ордасы ауданының арасын асфальт жолмен жалғау жөнінде келелі әңгіме өрбіді. Бұл жоба жөнінде ең әуелі Президенттің өзі бастама көтеріп, аталмыш бағыттағы сапалы жолдың маңыздылығына тоқталды. Сосын облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгінов аталмыш жоба жүзеге асып, жол салынған жағдайда мұндай көптен күткен жақсылықтың тек бір аудан ғана емес, тұтастай облыстың тыныстіршілігіне тың серпін сыйлайтындығын атап айтты.

Жаңа өзіңіз айтып өткендей, жол әрі әлеуметтік, әрі экономикалық категория. Тарқатыңқырап айтар болсақ, жол қатынасының сапасы артса, әрі жолаушы тасымалы, әрі жүк тасымалы жақсарады. Сонымен қатар біздің ауданның аумағында Бөкей ордасы тарихи музей кешені бар екендігі өздеріңізге жақсы мәлім. Осы кешенді тамашалауға өзіміз облыстың тұрғындарына қоса, еліміздің өзге өңірлерінен және Ресейдің көрші облыстарынан туристер, әсіресе, жаз айларында жиі келеді. Ал енді таяу келешекте жүзеге асуы тиіс сапалы жол ауданымыздың туристік тартымдылығын күрт арттырары анық. Демек, бұл жергілікті бюджетке түсім де молаяды деген сөз.

– Жергілікті жұрттың тұрмыс-тіршілігін жеңілдету, жақсарту мақсатында биыл қандай жоба-жоспарлар жүзеге асып, нендей коммуналдық нысандар іске қосылды?

– Аяқтала келген ағымдағы жылы кезекте тұрған азаматтарға жалға берілетін коммуналдық үйлер құрылысын жүргізу өз жалғасын тапты. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 5 екі пәтерлік (әрқайсысының аумағы 67,3 шаршы метр) коммуналдық тұрғын үй салынып, баспана кезегінде тұрған тұрғындарға берілді. Ал жоспардағы жаңадан салынатын 16 екі пәтерлік коммуналдық тұрғын үйлерге газ құбыры тартылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Аудан бойынша жеке тұрғын үйлердің салынуы да қарқын ала түсті. 2018 жылдың тоғыз айында жеке сектор 2195 шаршы метр тұрғын үй салып үлгерді. Сайқын ауылынан жеке баспана салуға арналған 34 жер учаскесіне инфрақұрылым желілері тартылып, үй салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Ал аудан орталығында биылғы оқу жылының басында заман талабына сай жаңа жобадағы 70 орындық интернат пайдалануға берілді. Биыл біздің ауданға қарасты 22 елді мекен табиғи газ сықылды коммуналдық игілікпен 100% қамтылды, яғни көгілдір отын құбыры аудан аумағындағы барлық ауылға дейін тартылды. Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту бүгінгі күні 78% шамасында. Келер жылы Тайқара, Үштерек және Шоңайға, ал 2020 жылы Мұратсай ауылына таза су құбыры жетуі тиіс. Осылайша алдағы бірер жылда аудан халқы 100% сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Енді бір айтпағым, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартпақ мақсатта, мемлекеттік билік ұйытқы болып отырған іргелі істерге қоса, ауданымызда ел-жұрттың өзінің ықтиярымен жүзеге асып жатқан жақсылықтар да баршылық. Әсіресе, «Рухани жаңғыру», «Туған  жерге тағзым» аясында ел ішінде біраз жақсылық көрініс табуда. Әр елді мекеннің үлкен-кішісі өз ауыл-аймағын көркейтіп-көгалдандыруға қал-қадерінше үлес қосуда. Жергілікті кәсіпкерлерге қоса, қазіргі кезде басқа елді мекендерде тұрғанымен, кезінде кіндік қаны Нарын құмында тамған азаматтар да көптің кәдесіне жарар нысандардың іске қосылуына мүдделілік танытуда. Мысалы, осы өткен жазда Орал қаласындағы “Москвичи” ЖШС-ның директоры, “Хаулет” компаниялар тобы басшылары кеңесінің төрағасы Қуаныш Бірманов Сайқын ауылында спорт алаңын салып берді. Ал “Ришат” шаруа қожалығының басшысы Юрий Кусманов Саралжын ауылдық округін абаттандыруға үлес қосса, былтыр Сайқынның тұрғыны Медет Сейтенов аудандық мешіттің құзырына бүкіл жиһазымен тұрғын үй сыйлады. Ағымдағы жылы Бисен ауылындағы мектептің 1978 жылғы түлектері өздерінің алтын ұяларының ауласына субұрқақ жасап, іске қосса, Ұялы ауылындағы білім ошағынан 1998 жылы қанаттанған құрбы-құрдастар  саябақ жасақтап, сол саябақта Ұлы Отан соғысының ержүрек жауынгерлеріне арналған ескерткіш орнатты. Мұндай сауабы тиер қадам сонау сұрапыл соғыс жылдары қан майданға аттанған боздақтардың ерлігіне тағзым екендігі шүбәсіз. “Рауан” шаруа қожалығының жетекшілері әкелі-балалы Серік пен Рауан Мұхамбетшиндер өздері тұратын Хан ордасы ауылында “Менің жүрегім – Хан ордасы” экспозициясын орнатты. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, Батыс Қазақстан об-лыстық мәслихатының депутаты Мұхамбетшин Серік ағамыз осыдан бірер жыл бұрын өзінің құт-ты қонысына айналған аталмыш ауылда 500 кісілік тойхана мен 100-ден аса жамағатқа арналған мешіт салған болатын. Бұған қоса “Рауан” шаруа қожалығы Хан ордасы ауылдық округінің бірнеше тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айта берсек, ел ішінде іске асқан, көрініс тапқан іргелі іс пен игілік аз емес. Халық пен биліктің бірігіп жүзеге асырар жақсылығы еселене бергей!

– Брежнев жарықтықтың заманындағы «Бәрін де кадрлар шешеді» деген ұранға пара-пар қағиданы естіп өскен толқынның өкілісіз. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, сіз басқаратын ауданның қажетті мамандармен қамтылуы қалай? Биыл Бөкей ордасы ауданына қандай салалар бойынша қанша маман келді? Ол мамандарға нендей жағдай жасап үлгердіңіздер?

– Биыл біздің ауданымызға педагогика саласына 7 маман (тарих, география пәндерінің және бастауыш сынып мұғалімдері) және денсаулық сақтау саласына 1 маман (жоғары білімді дәрігер-эпидемиолог) келді. Ендігі кезекте келген мамандарға жасалған жағдайды жалпы айтып өтейін. Бөкей ордасы ауданы бойынша күні бүгінге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 35 маманға 70 айлық есептік мөлшерде (168 350 теңге)  көтермеақы, 19 маманға 1500 айлық есептік  мөлшерде, яғни 3 607 500 теңге тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие бөлінді. Осы аптада және бір маманға  көтермеақы бердік. Біз өз тарапымыздан ауданымызға келген маман атаулыға қолымыздан келгенше жағдай жасауға, әрине, пейілдіміз. Сол себепті орайы келіп тұрғанда айта кетейін, Бөкей ордасы ауданына математика, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімдері, сонымен қатар акушер-гинеколог, анестезиолог, кардиолог, хирург сықылды медицина саласының мамандары керек-ақ. Естіп жүрмін, кейбір аудандарда жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері ауыл-аймағына келген жас мамандардың үйіне қажетті жиһазын, дүние-мүлкін алып береді немесе тіпті алдына мал салып береді екен. Бұл келген жас маман тұрмыс-тіршілік тұрғысынан әлденіп кетуі үшін әрі жаңа жұмыс орнына, жаңа жерге тезірек бауыр басып кетуі үшін керемет жағдай. Оның үстіне жаңадан келген маманға жаңағыдай жанашырлық таныту нағыз қазақы бауырмалдық дер едім. Міне, осындай үлгі аларлық үрдісті бөкейордалық кәсіпкерлер де іліп алып кетер деген үміттемін.

– Нұрлан Сағынтайұлы, сіз басқаратын аудан аумағында дәстүрлі ислам дінін нығайту қалай жүріп жатыр? Ел-жұртыңыз жат діни ағымдарға арбалудан аман ба?

– Дәстүрлі ислам дінін нығайту бағытында ауданымызда нақты жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Жалпы, ауданымызда діни ахуал  бірқалыпты, тыныш. Ауданымызда теолог маман жоқ болғанымен, жаз мезгілінде теолог мамандығы бойынша Алматыдағы «Нұр Мүбарак» университетінде оқитын 3-курс студенті, өз ауданымыздың түлегі Мұратхан Нәбиғалиевты аудандық ішкі саясат бөліміне қоғамдық негізде қызметке тартып, колледж студенттерімен және барлық ауылдық округтердің жастарымен кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар Дін мәселелерін зерттеу орталығынан жеткізілген «Ата-аналық бақылау», «Ғаламтордағы экстремисттік сайттардан сақ болыңыз!», «Деструктивті діни ағымдардан сақ болыңыз!» деген мазмұндағы буклет, жадынамалар таратылды. Діни экстремизмнің алдын алу және жергілікті жұрттың діни сауаттылығын арттыру мақсатында ауданымызда 2017 жылдың қыркүйек айында «Шапағат нұры» қоғамдық бірлестігі әділет басқармасында тіркеліп, өз жұмысын бастаған болатын. Жергілікті «Орда жұлдызы» газетінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы, дәстүрлі дінімізді насихаттау мақсатында мақалалар жиі жарияланады. Сондай-ақ діни экстремизмге қарсы жұмыстар туралы тұрғындарға ақпарат беру үшін «Фейсбук» әлеуметтік желісінде

«Бөкей ордасы ауданының «Шапағат нұры» діни бірлестігі» атты парақша ашылып, атқарылып жатқан жұмыстар сол жерде жария-ланып тұрады. Бұған қоса аудан тұрғындарының, соның ішінде жастардың жат ағымға арбалуының алдын алу мақсатында «Нарын жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жасөспірімдер мен ересектер арасында ел-жұрттың діни  сауатын арттырар шаралар өткізіліп келеді.

– Айтпақшы, Бөкей ордасы ауданының аумағында жол құрылысына пайдаланылуы ықтимал Жамантаудың қиыршық тасына қатысты сараптама қорытындысы шықты ма?

– Жамантаудың қиыршық тасына қатысты сараптама қорытындысы әзірге дайын болған жоқ.

Қазіргі таңда Орал қаласынан «Жайықгидрология» ЖШС-ның ма-мандары арнайы келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

– Нарын құмы мал шаруашылығына бек қолайлы өңір екендігі әмбеге аян. Ішкі нарыққа қоса, облыстың ет экспортына биыл қаншалықты үлес қоса алдыңыздар?

– Аудан аумағынан тысқары нарыққа ет шығарудың жай-жапсарына келетін болсақ, 2018 жылы экспортқа 148 тонна  сиыр етін, 15 тонна қой етін шығару белгіленген болатын. Күні  бүгін  925  бас  ірі  қара  еті (жалпы салмағы 96 тонна)  Арменияға және 55,5 тонна сиыр еті ауданнан тыс жерлердегі ет қабылдайтын мекемекәсіпорындарға жөнелтілді. Орынды жерінде айта кетейін, Бөкей ордасы ауданынан Атырау және Маңғыстау облыстарының өкілдері төрт түлік түрлерін жиі сатып алады. Сиыр етін аудан аумағынан тыс жерлерге шығару көрсеткіші – 151,5 тонна.  Бұл бағыт бойынша жыл басындағы жоспардың орындалуы  –  102%.  Ал күні бүгінге дейін 15 тонна қой еті ауданнан тыс жерлерге жөнелтіліп, жоспар 100% орындалды. Осыдан біразырақ күн бұрын ғана 500 бас қоңды қойды Ресейдің Волгоград облысына жөнелттік.  Кеден одағының реестріне біздің аудан бойынша 13 шаруа қожалығы тіркеулі. Міне, осының өзі-ақ Бөкей ордасының ет экспорты бойынша әлеуетті аудан екендігін айғақтайтын өте маңызды факторлардың бірі.

– Осыдан екі-үш ай бұрын Батыс Қазақстан облыстық ІІД-ге қарасты Жергілікті полиция қызметі басшылығының бізге берген ақпаратына сүйенсек, Бөкей ордасы облыстағы мал ұрлығы жиілеп тұрған төрт ау-данның бірі екен. Қылмыстың осы түрінің алдын алу бойынша қандай қам-қарекет жасаудасыздар?

– Мал ұрлығын болдырмау  және  алдын алу  мақсатында  Бөкей ордасы  аудандық полиция бөлімінің  қызметкерлері ел-жұртпен тізе қосып, барынша жұмыстануда. Атап айтсақ, төрт түлік атаулы Ресей Федерациясының көршілес ауданауылдарының аумағына өтіп кетпеуіне жол бермеу мақсатында тұрғындар арасында малды есепке алу қажеттілігі, бағымсыз жайылымға жібермеу туралы түсінік жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Нәтижесінде бірқатар аудан тұрғындары GPS-трекерлер (негізінен жылқы малына) орнатып, қазіргі кезде малын интернет жүйесі арқылы қадағалап отыр. Мал ұрлығын алдын алу мақсатында  ауданымызға өзге аудан, облыстардан келген мал алушыларды есепке алып, қабылданған малдар тексеріліп, фотосуретке  түсіріліп, тапсырған мал иелерінің жеке куәлік көшірмелері алынады. Сонымен қатар тоқсан сайын барша ауылдық округтерге қарасты елді мекендерде өтетін жиындарда мал ұрлығының алдын алу мен мал бағымын ұтымды ұйымдастырудың жай-жапсары аудан басшылығы тарапынан тұрақты айтылып, бұл көкейкесті мәселе полиция қызметкерлерінің қатысуымен тұрғындардың арасында үнемі талқыланады.

Сұхбаттасқан:  Бауыржан   ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»