21.12.2018, 21:14
Қараулар: 92
Cпорт саласының сайыпқырандары

Cпорт саласының сайыпқырандары

Орал қаласындағы «Grand Zodiak» мейрамханасында өткен  «Жыл қорытындысы – 2018» шарасында спорт саласының үздіктері марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірдегі үздік спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Жыл қорытындысына сәйкес «Үздік спорттық аудан» аталымына Бөрлі ауданы лайық деп танылды. Бұл тұрғыда Бөрліде Астананың 20 жылдығына байланысты ауыл жасөспірімдерінің ІІ жазғы ойындары  және самбо күресінен 2002-2003 жылғы ұлдар мен қыздар арасында ел чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны ескерілді. «Үздік федерация» аталымын облыстық спорттық және әскери самбо  федерациясы иеленді. «Жыл серпілісі» аталымына дзюдо күресінен жастар арасындағы Азия чемпионы, ересектер арасында өткен ел чемпионатының күміс жүлдегері Аңсарбек Ғайнуллин лайық деп танылды. Байдарка мен каноэ есуден жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Ділназ Алмағамбетова «Үміт артар спортшы» ретінде бағаланды.

«Үздік команда» ретінде допты хоккейден әлем чемпионатында қола жүлде иеленген «Ақжайық» спорт клубының жастар құрама командасы марапатталды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының сайтындағы байқауда ең көп дауыс жинаған таэквандо ITF-тен Азия чемпионы, әлем кубогінің жеңімпазы Алессандро Карбоне «Көрермендер көзайымына» айналып үлгерді. Самбо күресінен жақында әлем чемпионы атанған Нұрбол Серіковті дайындаған Райбек Меңдіғалиев «Жыл жаттықтырушысы» атанды. «Паралимпиадалық спорт түрлерінен үздік спортшы» аталымында қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының жеңімпазы Азон Шаймардановтың бәсі биік болды. Самбодан әлем чемпионы Нұрбол Серіков «Олимпиадалық емес спорт түрлерінен үздік спортшы», Индонезияда су добынан өткен ХVІІІ жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Павел Липилин «Олимпиадалық спорт түрлерінен үздік спортшы» деп танылды.

Айта кетейік, облыс спортшылары ҚР чемпионатында 175, Азия чемпионаттарында 25 және әлем чемпионатында екі алтын жүлдені иеленді. Биыл өңірде 2796 спорттық шара ұйымдастырылды.

Өз   тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.