20.12.2018, 16:27
Қараулар: 96
Алтын домбыра Ақ Жайықта

Алтын домбыра Ақ Жайықта

Астана қаласында өткен Елорданың 20 жылдығы мен Тәуелсіздік күніне арналған «Астана, сенсің айбарым!» атты республикалық ақындар айтысында  бас жүлдені батысқазақстандық Жансая Мусина  иеленіп, алтын домбыраны  қанжығасына байлаған еді.  Соған орай облыс әкімі Алтай Көлгінов айтулы айтыс ақындары Жансая Ғалымжанқызы және ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болған Бауыржан  Халиолламен кездесті.

Айтыс аламанында Ақ Жайықтың намысын қорғап жүрген ақындарға облыс әкімі өңір тұрғындары атынан алғысын айтып, ықылас гүлін табыстады.

– Күллі қазақстандық өнерсүйер ағайын құлақтанып үлгергендей, Елордада өткен республикалық айтыстың алтын домбырасы Жайықтың Жансаясына бұйырды. Айтыстың бас жүлдесі қазылар алқасынан бөлек, елдің қошеметіне ие болып бағаланды. Жылына бір өтетін бұл айтысқа еліміздің әр түкпірінен «аузымен құс тістеген» сөзі дуалы 20-ға жуық ақын қатысты. Олардың барлығы алтын домбыраға лайықты ақындар еді. Айтыстың алғашқы күні тәуелсіз сарапшы ретінде қатыссам, екінші күні қазылар алқасының мүшесі болдым. Айтысты бағалау өте қиын болды. Өйткені «Айтыстың ақтаңгерлері» атанған Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаров сықылды өрен жүйріктер осал ақын емес. Жиырма ақынның барлығы дерлік республикалық ақындар айтысының жеңімпаздары. Менің қуанғаным, бас жүлдені Жансая қарындасымызға табыстағанда, ешқандай қарсылық болмады. Есесіне, залдағы көрермендер аяғынан тік тұрып қошеметтеп, қол соқты. Жасыратыны жоқ, кейде бас жүлде алған ақынға наразылық танытатын сәттер кездесетін. Әсіресе, Астанадағы жерлестеріміздің қуанышында шек болмады.  Айтыс біткен соң Жансая халықтың ортасында суретке түсіп, екі сағаттай жүріп қалды. Бұл дегеніңіз, халықтың айтыс өнеріне, Жайықтың Жансаясына деген ықыласы деп білемін, – деді  Бауыржан  ақын.

Алтын домбыра иесі Жансая Ғалымжанқызы өз әсерімен бөлісті.

– Айтыс екі бөлімнен тұрды. Бірінші айналымда Арқаның сал серісі Мақсат Ақановпен айтыссам, екінші айналымда атақты және өте білімді Рүстем Қайыртайұлымен сөз қағыстырдым. Жалпы, «Алтын домбыра» айтысы жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Жетінші алтын домбыра жетінші аймаққа бұйыратын шығар деп әзілдеп едім. Алтын домбыраға ие болуыма себепкер ол – Атырау қаласында Мұрат Мөңкеұлының мерейтойына арналған халықаралық ақындар айтысында бас жүлдені иеленуім еді. Бұл жылдың қояытынды айтысы болғандықтан, сөз додасына тек айтыстың жеңімпаздары ғана қатысты. Солардың арасынан жеңісті Ақ Жайыққа алып келгеніме қуаныштымын, – деді  Жайықтың  Жансаясы.

Гүлсезім   ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар