20.12.2018, 16:24
Қараулар: 76
«ҚАЛАУЛЫМДЫ» қарағанын қаламаймын!

«ҚАЛАУЛЫМДЫ» қарағанын қаламаймын!

Оқырман  ойы

Бүгінде  күнделікті  күйбең  тірліктен  қолыңыз  қалт босап,  көк  жәшікті  қоса  қалсаңыз,  қаптаған түрлі тақырыптағы  бағдарламалар  мен  реалити-шоулардан  көз  сүрінетіні  баршаға  мәлім.  Соның  арасында Абайша  айтсақ,  көрер  көзге,  естір  құлаққа  жағымды «естісі»  де  бар,  есіңді  шығарып,  еңсеңді  түсіретін  «есері» де  жоқ  емес.  Сондай  бағдарламалардың  бірі – «Қалаулым».

Өткен жылы басталған бұл бағдарлама талай көрерменнің «жүрегін жаулап» алған көрінеді. «Жобаның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды қолдау», – дейді ұйымдастырушылар. Бағдарлама барысында жоба ұйымдастырушылары бекітіп қойған үлкенді-кішілі жиырмаға жуық қатысушы бірыңғай тізіліп отырады екен де, ал өзінің сүйіктісін тауып, отбасын құрғысы келетіндер сол қатысушылардың біріне үміт-кер болады. Үміткердің 20 қатысушының қайсысына келгендігін анықтап алып, «жеңгетайлықтың» жүгені бұйырған жүргізуші Аша Матай әлгі екеуін (үміткер мен оның таңдаған кейіпкерін) сахна төрінде жүзбе-жүз қауыштырып, сұрақтың астына алады-ай келіп. Теледидарға алғаш шығып отырғаннан ба, әлде тікелей эфирді тосырқағаннан ба, көбіне салмақтың ауыры үміткерге түседі. Келген адамына екі сөздің басын қоса алмай, бір қызарып, бір бозарып кібіртіктеп, бірдеңе айтқандай болады «байғұс». Қалған қатысушылар болса, айтылған әңгімені бастан-аяқ бақылап, бірі үміткердің шашбауын көтеріп, жылы лебіздерін білдірсе, бірі инені жіпке тізіп, далбаса пікірмен берекетті алатыны тағы бар. Содан не басыңды қатырайын, аяғында түрлі сыннан сүрінбей өтіп, сүзгіден аман қалған, сөйтіп арманына қол жеткізген таңдаулылар ғана жобада қалады да, ал жәй уақытша қызық іздегендер іріктеу кезеңдерінде шығып кетеді-мыс. Шоу бағдарламаның қысқаша мазмұны осындай. Мақұл!

Ал енді айтпағымыз не? Бағдарламаның жалпақ жұртқа берері бар ма? Күтілетін нәтиже қандай? Соған көшсек.

Біріншіден, бағдарлама форматы көршілес Ресейдің әйгілі «Дом 2» реалитишоуымен тамырлас һәм түбірлес екені көрініп-ақ тұр. Тіпті мақсаттары да ортақ, құрылымы да ұқсас. Тек менталитетке байланысты қос бағдарламаның өзіндік ерекшеліктері бар. Әрине, өзіміздің отандық бағдарлама Ресейдікіне қарағанда «тойға барғандай». Дегенмен ол көзі қарақты көрерменнің толық көңілінен шығады деген сөз емес.

Екіншіден, «Қалаулым» бағдарламасын тамашалайтын аудиторияның дені – қыз-келіншектер.

Олардың арасында мектеп жасындағы оқушы қыздар да аз емес. Мәселе болып отырғаны  да осы. Бағдарлама барысын байыппен қарап отырсаңыз, үш сағат бойы не жүргізуші тарапынан, не қатысушылар тарапынан санаға қонымды, тәрбиелік мәні бар бірде-бір дүние көре алмайсыз, сөз саптауларының өзі сөкет. Ең жеңілі этика жоқ. Елдің алдында отырып, аузым өзімдікі екен деп, ойға келгенді айту оспадарлық емес пе? Бар білгендері бірін-бірі сөзбен сөгіп, оған көнбесе жағаға жармасып, жұдырықпен соғып жіберу. Әркім өзінің ойын дұрыстап әлек. Екі жасты ортаға шығарып алып, жүргізуші мен қатысушылар жанжақтан жамырап, ал кеп талқыласын. Одан мардымды әңгіме өрбіп жарытпайды. Көріп отырып, көңілің нілдей бұзылады. Және күндегісі осы.

Үшіншіден, ешқандай өлшемге сыймайтын, мөлдір бұлақтай тап-таза махаббатты, пәк сезімді, күллі Қазақстанның алдында талқыға салып, парықсыз пікір мен кесір кеңес беріп, сүйгендерді қосамыз, сөйтіп отбасы құрамыз деген қаншалықты дұрыс? «Махаббатты өзгелерден жасырып, тұмшалап ұстау керек, сөйтсе ғана баянды болады» деген сали-қалы сөздің мәні қайда қалмақ сонда? Онсыз да шаңырағы ортасына түсіп, опырылуға шақ тұрған отбасыларды одан сайын  көбейтіп алмаймыз ба нәтижесінде? Ал бұл өтпелі кезең жасындағы, жүйкесі жібектей жұқа, қылығы қылдай нәзік жасөспірімдерге теріс әсерін бермесе, оңалтпасы бесенеден белгілі емес пе? Бағдарламаны көрген бала жігітті ақылына емес, ақшасына, абыройына қарап, ал қызды көргеніне, көңілге түй-геніне емес, киген киіміне қарап бағалауға үйренеді деген сөз ғой.

Себебі, келген үміткерге қойылатын сұрақтар дені: «Не қызмет атқарасыз?», «Үйіңіз бар ма, көлігіңіз ше?»,  «Романтиксыз ба?» немесе «Жігітке ұнау үшін қалай киінген жөн?», «Қылықтысыз ба?», «Сүйген адамыңыз үшін неге де дайынсыз ба?» тәрізді болып келеді. Жүргізуші Аша Матай ханымның айтуына сүйенсек, «XXI ғасырда өте керек отбасылық жобасының» сиқы осындай.

Бүгінде кез келген отбасыдан «Қалаулымның» құрығына ілініп, үш сағат бойы теледидар алдында тапжылмай отыратын жастар табылады. Оларды сүйресең де көк жәшіктен ажырата алмайсың. Тіпті кейіпкерлердің әлеуметтік желідегі парақшаларына кіріп, жеке өмірлерін қызықтаймын деп, телефонға желімдей жабысып  алатынын қайтерсің. Ал «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайдының» кебінін киіп, ұрпағының болашағына алаңдап отырған ата-ана қаншама? Көгілдір экранмен қайтып күреспекпіз? Сұрақ көп, жауап жоқ! Бір бағдарламаның өзі бүтін бір ұрпақтың тәрбиесіне әсерін тигізіп-ақ отыр аңдаған адамға.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні, мен қаракөз іні-қарындастарымның «Қалаулымды» қарағанын қаламаймын! Ал сіздің ойыңыз қандай, қымбатты оқырман?

Самат   БАЙБОЛАТ,

Шыңғырлау   ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар