20.12.2018, 16:23
Қараулар: 254
«Ақ Жайық жас дарыны – 2018»

«Ақ Жайық жас дарыны – 2018»

Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайында «Ақ Жайық жас дарыны – 2018» атты облыстық форум ұйымдастырылды. Өңірімізде алғаш рет өткен форумда халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалар конкурстарының және спорттық жарыстардың жеңімпаздары бас қосты.

Форумда облыстық онкологиялық диспансер директорының медициналық істер жөніндегі орынбасары Нұрлан Төлемісов, жеке кәсіпкер Ұлан Балдахов сияқты «Болашақ» стипендиясының иегерлері және  облысымыздың әр  саласында жемісті еңбек етіп жүрген білімді де іскер азаматтар оқушылармен кездесіп, өздерінің табысқа жету сырларымен бөлісті.

Ал түстен кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов форумға қатысушы  мектеп оқушылары мен олардың жетекшілерін Орал қаласындағы салтанат сарайында салтанатты түрде марапаттады.

– Баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Бүгін дарынды оқушыларымызды шабыттандырып, ұстаздардың еңбегін бағалау үшін бас қосып отырмыз. Елбасымыздың бастамасымен мемлекетімізде білімнің, спорттың, мәдениеттің және өнердің дамуына барлық жағдай жасалған. Жыл қорытындысы бойынша өңіріміздің айтарлықтай жетістіктері бар. Мектептер салынып, жаңа спорт кешендері ашылып, мәдениет ошақтары бой көтеруде. Мұның барлығы келер ұрпақ, яғни алдымызда отырған бүлдіршіндер үшін жасалуда. 2017-2018 оқу жылында облысымызда жеті жаңа мектеп салынды. Білім ұяларына заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, жас мұғалімдер жұмысқа шақырылуда. Мемлекеттің білімге деген қамқорлығы өз нәтижесін көрсетіп келеді. Жыл қорытындысы бойынша республикалық олимпиадаларда алдыңғы орындардан көрінген оқушыларымыз баршылық. Тіпті халықаралық олимпиадаларда да жүлделі орындарға қол жеткіздік. Әрине, бұл – ізденіп оқығанның нәтижесі, мұғалімдердің еңбегі және ата-аналардың тәрбиесі. Жаһандану заманында бәсекелестік күшейіп келеді. Болашақта білікті маман иелері болып, еліміздің дамуына үлкен үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін, – деді Алтай Сейдірұлы.

Алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталған мектеп оқушылары, олардың жетекшілері және бірқатар мектеп директорлары облыс басшысына алғыстарын жеткізді.

Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің 11-сынып оқушысы Альмира Әлмембет облыс әкімінің қолынан марапат алғанын зор мәртебе санайды.

– Бүгінгі шараға Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында өткен ХІХ республикалық Абай оқуларының күміс жүлдегері ретінде қатыстым. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылармен бақ сынасып, алдыңғы қатардан көрінуім жетекшім Ақерке Байжиенова екеуміздің еңбегіміз деп білемін. Бүгін марапат иесі атанған барлық достарымды шын жүректен құттықтаймын, – дейді  Альмира Әлмембет.

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.