20.12.2018, 16:22
Қараулар: 103
Подполковник Ғаббасов жауаптан неге жалтарды?..

Подполковник Ғаббасов жауаптан неге жалтарды?..

Орал өңірі» газетінің осы жылғы 6 қаңтардағы №2 санында «Қызыл бұзаудың дауы қызып барады» атты мақала жарық көргені белгілі. Аталмыш мақаладағы айтылған кейбір жайттарға байланысты биылғы жылдың 24 қыркүйегінде газетіміздің редакциясына Қазталов ауданы Жалпақтал ауылының тұрғыны Мұрадым Шохпановтан шағым хат (№316, 24. 09. 2018 ж.) түсті.

Нақтылап айтсақ, аталмыш мақаладағы Жалпақтал полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Сағат Ғаббасовтың сөздеріне қатысты жайттар жазылған. Яғни, Сағат Ғаббасов оны  (М. Шохпановты)  шатылған деп айтқан. Ал артынан болған сот кезінде бірнеше рет сотты болды деген. Ал М. Шохпановтың сотталмағандығы жөнінде құжаты бар. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен алынған анықтамада азамат Мұрадым Шохпановтың 16. 02. 2018 жылғы жағдай бойынша соттылығы жоқ деп жазылған. Сондай-ақ С. Ғаббасов газеттегі мақалада бірнеше жерде «бұзауларын» деп айтады. Өтініш иесінің мәлімдеуінше, бары бір бұзау, ал ол «бұзауларын» деп көпше түрде көрсеткен. Сонымен қатар «Еркіннің адвокаты болды» деген сөзі де шындыққа жанаспайды деп санайды.

Редакцияға жазған шағым хатта: «Бұзаудың табылған жері мен жәбірленуші деп танылған Қ. Қанатұлының қыстағының арасы 22 шақырымды құрады. Сонда ол Қанатұлының малы сондай қашықтыққа барып жайылатын болса, олардың малшылары күніне 40-50 шақырым қашықтықтан мал жинайтын болғаны ма?

Балам Еркінді «Бастапқы берген жауабынан айнып кетті» деп бірнеше рет айтып өткен. Егер басында балам қысымшылық көрмесе, түрліше жауап бермейтін шығар? Оған Жалпақтал полициясы бөлімшесі тергеушісінің міндетін атқарушы, полиция лейтенанты А. Утегеновтің қылмыстық істі тоқтату туралы 16. 03. 2018 ж. шығарған қаулысы куә. Онда «Полиция қызметкерлері қысымшылық көрсеткесін, жалған жауап берген» деп көрсетілген. Жалпы, бұл жайтқа қатысты біз шындықты айтпаған болсақ, сотта жеңіліп қалар едік.

2018 жылдың 14 наурызында Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (судья С. Кадралиева) бізді ақтап шықты. «2018 жылғы 25 сәуір күні апелляциялық шағым бойынша өткен сотта бізді ақтап шығарды. Барлық айыптаушының бізге қойған кінәлары негізсіз деп табылды. Барлық құжат қолымызда. Жалпақтал полиция бөлімінің бастығы Сағат Ғаббасов мені шатылған деп елге масқаралады, енді өзінің қателескенін мойындап, кешірім сұрасын. Осы жайды газет бетіне шығаруыңызды сұраймын» деп жазған М. Шохпанов.

Бұл шағым хат редакцияға түскен бойда мақала авторы ретінде Жалпақтал полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Сағат Ғаббасовпен бірнеше мәрте хабарласқан едік. Ол басында «Тексеру жүруде, қолым тимей жатыр, артынан редакцияға арнайы барамын» дегесін, оны біраз күтіп едік, болмағасын өтініштегі жайтты баяндап, хат жаздық (№171, 8. 11. 2018 жыл). Хатта «Егер өзіңіз келе алмасаңыз, газетіміздің электронды поштасына немесе факс арқылы өз пікіріңізді жолдаңыз» дедік. Көп кешікпей хабарласқанымызда, Сағат Ғаббасов хатты алғанын, жауап беретінін айтты. Бірақ бір айға жуық уақыт өтсе де, еш жауап келген жоқ. Оның қызметтік, әрі ұялы телефонына да звондап, сөйлесе алмаған соң, Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Дегенбаевқа да осынау мазмұндағы хатты (№242, 4. 12. 2018 ж.) жолдауға мәжбүр болдық. Ал Ринат Маратұлынан мынадай жауап алдық: «Осы хатты алғаннан кейін полиция подполковнигі С. Ғаббасовқа осы жағдай бойынша тез арада жауабын беру туралы ескерткенімді хабарлай отырып, С. Ғаббасов 2018 жылдың 7 желтоқсанында ішкі істер органдарынан қызметтен шығару туралы баянхат жазғанын қаперіңізге беремін. Сондықтан бұл қызметкерге шара қолдануға мүмкін болмай отыр».

Бұл жауап хат келгеннен соң редакцияға өтініш иесі хабарласып, мән-жайды сұраған кезде Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің бастығынан 10 желтоқсанда №1-7-76/3112 шығыс санымен хат келгенін, онда жазылғандай С. Ғаббасов қызметтен кеткендігін айттық. Ал М. Шохпанов болса, Жалпақтал полиция бөлімшесін оның әлі басқарып отырғанын жеткізді. Сол бойда С. Ғаббасовқа телефон шалғанымызда, ол әлі қызмет орнында екенін, қызметтен шығару жөнінде емес, зейнеткерлікке шығу жөнінде баянхат бергенін жеткізді. Біз өз тарапымыздан егер ол Тәуелсіздік күні мерекесіне дейін жоғарыда жазылған жайтқа байланысты жауабын бермесе, өтініш иесінің ғана хатын жариялайтынымызды тағы бір мәрте қайталадық. С. Ғаббасов бұл жолы да жауабын беретінін айтқанымен, сөзінде тұрған жоқ. Р. Дегенбаевқа хабарласып, С. Ғаббасов әлі де қызметте екенін хабарлағанымызда, оның 13 желтоқсанда зейнеткерлікке кететінін баяндады. Неге соның бәрі редакцияға берген жауап хатта нақты жазылмағанын сұрағанымызда, қазір селекторлық жиын болып жатқанын, артынан хабарласатынын, ал С. Ғаббасов редакцияға баратынын мәлімдеді. Қорыта айтқанда, Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің бастығымен қайта сөйлесе алғанымыз жоқ, ал С. Ғаббасов бізбен хабарласқан да жоқ, редакцияға келген де емес.

Елбасымыз бір сөзінде: «Полиция қоғамның өзіне деген сенімін арттыратындай деңгейде жұмыс істеуі керек», –  деген болатын.  Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Қазталов аудандық полиция бөліміне қарасты Жалпақтал полиция бөлімшесінің басшысы, подполковник С. Ғаббасов азамат М. Шохпанов пен «Орал өңірі» газеті редакциясының сауалына жауап беруден неге жалтарды? Бұл жайт бізге әлі күнге дейін беймәлім…

Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.