37 сәби жарық дүние есігін ашты

«Қалыптасқан игі дәстүр бойынша, БҚО әкімі Алтай Көлгінов облыстық перинаталды орталық пен қалалық көпбейінді ауруханадағы перзентхана үйінде болып, Тәуелсіздік күні мерекесінде дүниеге сәби әкелген аналарды құттықтады» деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

– Өңір тұрғындары атынан сіздерді мейрамдарыңызбен құттықтаймын! Сіздерге және нәрестелеріңізге мықты денсаулық тілеймін, ал медицина қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деген облыс әкімі әр анаға бесікарба сыйлады.

Жас аналар өздеріне сыйлаған көтеріңкі көңіл күй мен сәбилеріне берілген қажетті сыйлық үшін алғыстарын білдірді.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жас аналар мен нәрестелер өздерін жақсы сезінуде.

Еліміз үшін қасиетті де қастерлі күн болып табылатын 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесінде өңірімізде жарық дүние есігін ашқан 37 нәрестенің 20-сы ұл, 17-сі қыз екен.

zhaikpress.kz