20.12.2018, 16:18
Қараулар: 163
Сарытауда су жаңа мектеп

Сарытауда су жаңа мектеп

Желтоқсанның 15-і күні Орал қаласы маңындағы Зашаған кенті Сарытау шағынауданында жаңа мектеп ашылды.

Мектеп ғимаратының құрылысы 2016 жылы қазан айынан бастап жүргізілген.

– №50 жалпы орта білім беретін мектепте 900 бала оқиды. Екі ауысыммен оқыса, 1800 оқушыға дейін білім алады. Осы себепті Зашаған кентінде балаларды үш ауысыммен оқытатын №10 және 47 мектептерге қатысты мәселе шешіледі. Елбасының оқушыларға жағдай жасау мақсатында қойып отырған талабын орындап отырмыз. Бұған қоса, келесі жылы Зашағаннан №51 мектеп ғимараты бой көтермек. Апатты жағдайдағы мектептерге де көңіл бөлудеміз. 2019 жылы Ақжайық ауданында 310 орындық мектеп-интернаттың, Қазталовта 600 орындық мектептің құрылысы басталады. Жаңа білім ошағының ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Егемен еліміздің тірегі болатын, өзінің қалаған мамандығын меңгеріп шығатын шәкірттер түлеп ұшсын, – деді мектептің ашылуына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов. Салтанатты шарада мектеп құрылысын аяқтаған «Жиенбай» ЖШС-ның бас директоры Александр Қарағойшин №50 мектептің директоры Мөлдір Жұмағазиеваға жаңа ғимараттың бейнелі кілтін табыс етті. Сарытаулық ардагер-ұстаз Мәрзия Әженова мен 11-сыныптың оқу озаты Дәрігүл Өмірзақова мектеп есігі алдында лентаны қиды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған топ жаңа білім ошағын аралап, роботтық техника үйірмесінің мүшелерімен кездесті, өнерлі балалардың қойылымына куә болды. Су жаңа мектептің 294 орындық акт залы, екі спортзалы бар. Сондай-ақ екі информатика, алты мультимедиялық кабинет жабдықталған. Ағаш және металл өңдейтін қос шеберханасы тағы бар. Дәліздері кең әрі жарық.

Айта кетейік, мектеп құрылысына Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен 1888,1 млн. теңге қаражат жұмсалды. Екі жыл бұрын құрылысты «СВ плюс» ЖШС бастады. Бірақ мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен «СВ плюс» мемлекеттік сатып алу рәсімінде жауапсыздық танытқаны үшін аталмыш мекемеден мемлекет бюджетіне  5 784 579 теңге айыппұл өндірілді. Аталған серіктестікпен келісімшарт бұзылған соң, 2018 жылдың 14 маусымынан бастап, құрылысты аяқтау міндеті «Жиенбай» ЖШС-ға тапсырылды. «Жиенбай» ЖШС қараша айында мектеп ғимаратын  пайдалануға  берді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар