14.12.2018, 23:39
Қараулар: 84
Үш жылдың бюджеті айқындалды

Үш жылдың бюджеті айқындалды

Кеше  облыстық  мәслихаттың  кезектен тыс  XXI  сессиясы  өтті.  Күн  тәртібінде  «2019-2021  жылдарға  арналған  облыстық бюджет  туралы»  мәселе  қаралды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев аталған тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше, 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет 2019-2023 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде дайындалған және мемлекеттік құрылымдар қызметінің тиімділігінің нысаналы индикаторларына қол жеткізуге бағытталған. 2019 жылға арналған облыстық бюджет түсімдері өзіндік кірістерден 30,8 млрд. теңге, жалпы сипаттағы трансферттерден (субвенциялар) – 51,3 млрд. теңге, республикалық бюджеттен қарастырылған нысаналы трансферттер мен кредиттерден – 46,2 млрд. теңге және басқа да түсімдерден құралды. Осылайша, 2019 жылғы облыстық бюджет түсімдер мен шығыстар бойынша 142,5 млрд. теңге, 2020 жылға – 102,4 млрд. теңге, 2021 жылға – 104 млрд. теңге көлемінде айқындалды. Облыстық бюджеттің негізгі бағыттары әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және білім беру, өмір сүру деңгейін жақсарту болып табылады. Инвестициялық жобаларды іске асыруды ескере отырып, әлеуметтік салаға 31,8 млрд. теңге бағытталды. Оның ішінде, білім беруге – 18,6 млрд. теңге (соның ішінде Ақжайық, Қазталов аудандарында және Орал қаласында үш жалпы білім беретін орта мектептің құрылысы қарастырылды), денсаулық сақтауға – 3,8 млрд. теңге, әлеуметтік қамтамасыз етуге – 3,6 млрд. теңге, мәдениет, спорт, туризм, мұрағат, жастар саясаты және ақпараттық кеңістікке – 5,8 млрд. теңге қаралған. Ауыл шаруашылығы мен ветеринария, орман шаруашылығын дамыту мен табиғат қорғауіс-шараларына 10,6 млрд. теңге және кәсіпкерлік қызметті қолдауға – 6,4 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына – 17,6 млрд. теңге қаражат бағытталды. Оның ішінде тұрғын үй құрылысына – 8,7 млрд. теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және жайластыруға – 2,4 млрд. теңге, ауылдық елді мекендер мен қаланы жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелері реконструкциясы және құрылысына – 5 млрд. теңге, газ тасымалдау жүйесін дамытуға – 307 млн. теңге қаралып отыр. Бұған қоса, облысымызда жолдарды күтіп ұстау, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Бұл мақсаттарға 10 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды. Сонымен бірге облысымызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жобалар іске асырылуда. Осылайша, 2019 жылға арналған бюджетте жалпы сомасы 390 млн. теңгені құрайтын денсаулық сақтау саласы бойынша екі жобаны және жолдар саласы бойынша бір жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауының негізгі мәні – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында облысымызда қандай жұмыстар атқарылды? Осыдан екі жарым жыл бұрын облыс тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 36 пайыз болған еді. Осы аралықта екі мың шақырым су құбыры тартылып, 110 елді мекенге орталықтанған таза ауыз су жеткізілді. Әсіресе, облыс орталығынан шалғайда жатқан Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Қазталов аудандарының елді мекен тұрғындары мемлекеттің қамқорлығына ризашылықтарын білдіруде. Биыл біз осы көрсеткіш бойынша 46 пайызға жуықтасақ, келесі жылы тағы 50 елді мекенге ауыз су жеткізу арқылы 50 пайыздан асуды жоспарладық. Біз облыс жолдарын қалыпқа келтіру мақсатында жыл сайын 500 шақырым шамасында жол жасауды күн тәртібінен түсірмей келеміз. Биылдың өзінде басқа салаларды айтпағанда, 33 млрд. теңге тек қана жол құрылыстарына жұмсалды. Нәтижесінде республикалық маңызы бар Саратов күре жолының құрылысы аяқталды. Елбасымыздың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 104 шақырым даңғыл жол салынды. Сайқын, Жәнібек, Қазталов сияқты аудан орталықтарының әрқайсының ішінде 9-10 көшеден асфальт төселді. Әр аудан орталығында жылына кем дегенде екі көшеден жөнделіп келеді. Тек биыл Орал қа-ласының 50 көшесі асфальтталды. Депо көпірі пайдалануға беріліп, тағы бір маңызды көпіріміз қайта салу үшін жабылды. Елбасымыздың өңірімізге жасаған сапарында берілген тапсырмасына сәйкес, келесі жылы Қазталов – Жәнібек – Сайқын – Орда бағытына жол құрылысы басталады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірімізде 3500-ге жуық пәтер пайдалануға берілуде.

Оның 26-сы көпқабатты үйден, қалған 104 үй аудандарда табысталуда. Елбасының бес әлеуметтік бастамасында айтылған «7-20-25» бағдарламасы бойынша жүзден астам отбасы баспанаға ие болды. Тозығы жеткен үйлердің орнына жаңа зәулім үйлер салу тәжірибесі де нәтижелі жүруде. Атап айтар болсақ, апатты жағдайдағы 44 үйдің 17-і жаңартылуда. Яғни 50 пайызға жуығын жаңалау жұмыстары қарқынды жүруде. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында келесі жылы да осы қарқынды төмендетпей тағы 3500 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарымызда бар. Өмір сүру сапасының артуына азаматтардың білім деңгейлерінің де ық-палы зор. Бұл бағыттағы материалдық-техникалық базаны нығайту үшін биыл 3 млрд. теңгеге жуық қаражат бө-лінді. Мемлекеттің қолдауы мен жеке кәсіпкерлердің белсенділігінің нәтижесінде облысымыздағы балабақша-лар саны 500-ге жетті, оның 52-сі – жеке балабақшалар.

Балаларды кезекке қою Орал қаласында электронды жүйеге көшірілді. Нәтижесінде үш жастан алты жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі біліммен жүз пайыз қамтылды. Ал бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды қамтамасыз ету көрсеткіші жетпіс пайызды құрайды. Қала және ауыл мектептерінің білім беру ресурстарына тең қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық 225 (100%) шағын жинақты мектеп 567 бірлік компьютер-трансформерлермен қамтылды. Сондай-ақ облыс мектептеріне 1500-ге жуық компьютер сатып алынды. Өңірде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен 15 IT-сынып ашылып, IT-лицей жұмыс істей бастады. Келесі жылы пар-тиялық жоба бойынша тағы 50 IT-сынып ашылады. Алдағы жылы 15 білім беру нысанын күрделі жөндеу көзделуде. Сонымен қатар 146 мектепті бейнебақылау камераларымен жабдықтау жоспарланды. Бұл қауіпсіздік мәселесін арттырады, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов сессияны қорытын-дылаған сөзінде.

Ол сондай-ақ тұрғындарды газбен қамту, жылу жүйелерін жаңғырту, денсаулық сақтау саласы, спортты дамыту, кәсіпкерлікті кеңейту, ауыл шаруашылығын қолдау бағытында өңірімізде атқарылып жатқан қарқынды істерге егжей-тегжейлі тоқталды. Алтай Сейдірұлы өз сөзінде өңірімізде 2018 жылға жоспарланған істердің барлығы бірдей сәтті жүзеге асырылғанын айтып, жиынға қатысушыларды келіп қалған ел Тәуелсіздігі мерекесімен құттықтады. Жиын соңында бір топ депутатқа нәтижелі жұмыстары үшін Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасы  табысталды.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар