14.12.2018, 23:37
Қараулар: 196
Мәселе неден туындады?

Мәселе неден туындады?

Жақында  Орал  қалалық  білім  бөлімінің ғимараты  алдына  бір  топ  мұғалім  жиналып, еңбекақыларының  кемуіне  байланысты  дау көтерді.  Нақтырақ   айтсақ,  Орал  қалалық  №6,  7,  9,  23, 24,  26  және  Круглоозерный  кентіндегі  мектепте  қазақ тілі  мен  әдебиеті  пәнінен  және  бастауыш  сыныптарға сабақ  беретін  23  мұғалім  айлық  жалақыларының  шегерілуіне  қатысты  наразылық  білдірді.  Олардың  көбі – педагогикалық  білімінің  дәрежесіне  еңбекақы  төлемі сәйкес  келмейтін  және  екінші  біліктілік  санатын  алған мұғалімдер.

Бұл жайында облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Аталған жайтқа байланысты оқиғаның ізін суытпай облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мен Орал қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Батика Пайдина аталған мектептердің директорларымен және еңбекақысын толық төлеуін талап еткен мұғалімдермен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізген. Бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеу мақсатында Орал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанна Сақыпкерееваға жолықтық. Оның айтуынша, «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығына 2013 жылы 27 желтоқсанда министрлік тағы өзгерістер енгізген. Енді осы құжат бойынша мұғалімдердің жоғары білім алғанын айғақтайтын дипломдары өзінің сабақ беретін пәндеріне сәйкес болуы тиіс. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, биылғы оқу жылынан бастап қаладағы мектептер әкімшілігінің бірқатары осы заң талабын еске түсіріп, мұғалімдердің еңбекақысын қысқартуға «білек сыбана» кіріскен сыңайлы.

– Бұл әңгіме – педагогикалық білімі сабақ беретін пәніне сәйкес келмейтін, бұған дейін екінші санатты ғана иеленген немесе санаты жоқ мамандарға қатысты. Мәселен, жоғары оқу орнынан қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын сырттай оқып алған мұғалім бастауыш сыныпта сабақ береді. Ол мұғалімнің бастауыш бойынша арнаулы орта білімі бар.

Бірақ жоғары білімді маманға төленетін еңбекақыны алып отыр. Орал қаласында осылай сабақ беріп жүрген бастауыш сынып мұғалімдерінің саны – 136. Яғни, педагогтар біліктілік санатының жоғары болуына қойылатын талап күшеюде. Биылғы оқу жылынан бастап қаладағы мектептерде оқу орындарынан алған дипломы пәніне сәйкес келмейтін мұғалімдердің біріне арнаулы орта, біріне жоғары білім дәрежесіне сәйкес еңбекақы төленіп келді.

Оны мектеп әкімшіліктерінің өздері анықтаған. Қазіргі уақытта барлығына жоғары білімді маман деңгейінде еңбекақы төленетін болып шешілді. Жыл соңына дейін еңбекақыға қатысты қарыз толық қайтарылады. Келесі оқу жылына дейін «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы, ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 27 желтоқсандағы №512 бұйрығында көрсетілген біліктілік сипаттамасына  өзгеріс енгізуге ұсыныс жолданады, – деді Орал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанна Сақыпкереева.

Осы тұста көкейге бірнеше сауал оралды. Бес жыл бұрын педагог қызметкерлердің үлгілік біліктілік сипаттамасына өзгеріс енгізген министрліктің №512 бұйрығы неге биыл ғана күшіне енді? Бұйрық пәрмені жайында уақтылы түсіндіру жұмысы неге алдын ала жүр-гізілмеді? Орал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанна Сақыпкереевадан бұған қатысты тұшымды жауап ала алмадық.

Орал қалалық №7 мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұзақ жылдар бойы сабақ беріп жүрген Меркурий Жұмағалиева мен Гүлмира Құмарғалиева наразылық танытқан топтың ішінде болды. Екі мұғалім, негізінен, жаратылыстану-математика бағыты бойынша жоғары білім алған. Орал қалалық білім бөлімінің сол кездегі заңгерінің ұсынысымен, 2000 жылдардың басында Ж. Досмұхамедов атындағы педколледжде екі жыл мерзімге жеделдетілген түрде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын оқып, арнаулы орта білім алған.

– 1990 жылдары тіл мамандарына сұраныс жоғары болды. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың физика-информатика факультетін тәмамдап, мамандығыма сәйкес Алматыда қызметке орналастым. Кейін Орал қаласына көшіп келдім. Маған қалалық №7 мектептегі орыс сыныптарына сабақ беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды ұсынды. Бүгінде осы мектептегі еңбек өтілім 25 жылға жуықтады. Жылма-жыл шәкірттер дайындаймыз. Мектептегі  қоғамдық шараларға тұрақты қатысамыз. Осы күнге дейін білім беру бағытына сай жоғары білім алу керектігі жөнінде айтылмады, – деді Гүлмира Құмарғалиева. Оның әріптесі Меркурий Жұмағалиева да БҚМУ-дың түлегі екенін, Жаңақала ауданындағы қазақ мектептерінде он жылдан астам уақыт химия пәнінен сабақ бергенін айтты. 1997 жылдан бастап Орал қалалық №7 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметін атқарады. Себебі ол кезде орта білім беретін мекемелерде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге сағаттар қысқартылған.

Екі педагог былтыр жоғары санатты мұғалім екендерін екінші мәрте растағанын және арнаулы орта білім деңгейіне сәйкес 9-сыныпқа дейінгі сыныптарға сабақ беретіндерін айтты. Соңғы жылдары жаңартылған білім мазмұны және біліктілік деңгейін көтеруге қатысты оқу курстарынан өткен. Солай бола тұра, қыркүйек айынан бастап мектеп әкімшілігі оларға арнаулы орта білім деңгейінде жалақы төленетінін ескертумен болған.

– Еңбекақымыздың қысқартылатыны жөнінде әңгіме айтылған сайын рухани тұрғыда шаршадық. Біз мұғалімдік қызметімізден ғана отбасымызға нәпақа тауып отырмыз. Сондықтан бастамашыл топпен бірге қалалық білім бөліміне барып, құқымызды қорғауды талап етуге тура келді. Білім бөлімінде өткен кездесуде жоғары немесе бірінші санаты бар мұғалімдерге жалақы толық төленетіні жөнінде айтылды. Егер мектеп әкімшілігінің айтқан талабымен келіссек, айлық еңбекақымыздың төрттен бірі ұсталынып отыратын еді. Еңбек өтілі көп болса да, мектепте осындай даулы мәселеге кездесіп отырған, тіл маманы ретінде сабақ беретін бес әріптесіміз бар, – деді  Гүлмира Құрманғалиева.

Орал қалалық №7 ЖББОМ директоры Виктор Петросипов бұл мәселеге қатысты Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы өз жауабын беріп, хат жолдағанын айтты.

– Мектепте 126 педагог маман еңбек етеді. Кейбір бастауыш сынып мұғалімдерінің арнаулы орта білімі болғанымен, жоғары педагогикалық білімді басқа бағытта алған. Ұжымда осындай қос дипломмен сабақ беріп жүрген 19 мұғалім бар. Оларға жоғары білім деңгейіне сәйкес еңбекақы төленіп келді. Ал басқа мектептерде арнаулы орта білім дәрежесінде жалақы төлеуде. Дегенмен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы мәселеге қатысты мынадай шешім ұсынып отыр. ҚР «Құқықтық актілер» туралы заңының «Нормативтік актінің кері күші» жайында жазылған 43-бабының 1-тармақшасында «Нормативтiк-құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайды» делінген. Соған байланысты білім мекемелерінде 2013 жылдың 27 желтоқсанына дейін жұмысқа қабылданған мұғалімдерге министрліктің бұйрық талабы қолданылмайды. Бұл бағытта әлі талқылау жүргізіп, нақты шешім қабылдау қажет, – деді байыпты сөйлеген Виктор Петросипов.

Әзірше даудың басын «Құқықтық актілер» туралы заң талабы тоқтатып отырғанын түсіндік. Енді құзырлы құрылымдар мәселенің мәнісіне байыпты зерттеу жүргізуі тиіс. Бес жыл бойы «бұйығы жатқан» бұйрықты орындауға нұсқау алған мектеп әкімшіліктері де қосақ арасында кеткен тәрізді. Бірақ «Құқықтық актілер» туралы заңының 43-бабы 3-тармақшасында «Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын нормативтік-құқықтық актілердің кері күші болмайды» деп көрсетілгенін көп назарына ұсынып қояйық. Осыдан 20 жыл бұрын Орал қаласындағы орыс тілді мектептердің үлесі 46,6 пайыз болған. Қазақ тілі пәні мұғалімдері жетіспеуіне байланысты басқа пәннен сабақ беретін мамандарды Оралдағы педагогикалық колледжде жаппай жеделдетіп оқытудың кері әсері болатынын ешкім ескертпесе керек. Әрине, мұғалімдердің өздері білім саласында жыл сайын талап күшейіп келе жатқанын ерте аңғара білуі тиіс еді. Дегенмен жылдар бойына ұстаздық өмірмен біте қайнасып, түрлі салада шәкірт тәрбиелеу бойынша қажырлы қызмет істеп жүрген қастерлі мамандық иелерінің нәпақаларын кеміту орынсыз-ақ.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.