«Еңселі егемен ел»

Кеше Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Отанымыздың Тәуелсіздік күніне арналған «Еңселі егемен ел» атты мерекелік шара өтті. Оған ардагерлер мен БҚО ҚХА мүшелері, облыстық басқармалардың басшы-қосшылары, ҮЕҰ өкілдері мен жастар қатысты.

Азаттықтың ақ таңы атқан, тарих беттеріне алтын әріптермен жазылған мерейлі де мәртебелі мейрам – Тәуелсіздік күні қарсаңындағы салтанатты жиынға жиылған жұртшылықты облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.

– Баршаңызды осынау тарихи, ең қасиетті де қастерлі мерекеміз – Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ата-бабамыз аңсаған еңселі егемен ел болдық. Тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдары небір қиындықты бастан кешіріп, ыстығы мен суығына қатар төзіп, бізді осы мамыражай күнге жеткізген аға ұрпаққа, осында отырған ардагерлерге мың алғыс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу жолында кешенді бағдарламалар қабылданып, халықтың игілігі үшін ауқымды шаруа, іргелі істер атқарылуда. Олар қазір халықтың игілігі үшін жемісті жүзеге асуда. Жуырда өз Жолдауында Президентіміз, әсіресе, өңірлер үшін ең маңызды сапалы жол, таза су, баспана, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдау, жастарға қамқорлық жасау, білім мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, цифрландыру сияқты  мәселелерді бекітті.

Біз тарихымыз терең, кең байтақ, көпұлтты Ұлы дала еліміз. Алдыңғы буын ардагерлеріміз бізге эстафетаны берді, енді біз кейінгі ұрпаққа дамыған елдің кілтін табыстауымыз қажет. Сол үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Батыс Қазақстан облысы қажырлы еңбекті, бірлік пен татулықты бағалай білетін бірден-бір өңір. Халқы білімді, мәдениетті, еңбекқор. Қазір Оралға келем деуші инвесторлар, іскер және білімді азаматтар көп. Демек, біздің өңір кәсіпкерге де, қарапайым еңбек адамына да, мемлекеттік қызметкерге де тартымды. Біздің орнымызға өзге біреу келіп, мемлекетімізді дамытпайды. Әрине, өмір болған соң, жауабын күткен мәселе көп. Бірақ ең күрделі, ең өзекті мәселелер шешімін тауып жатыр. Осының бәрі еңбектің, бірліктің арқасы, Тәуелсіздіктің нәтижесі. Тәуелсіздіктің тұғыры биік болсын!

Мерекеден мерекеге жоғары жетістіктермен жете берейік! – деді Алтай Сейдірұлы.

Салтанатты шара барысында облыстың танымал өнер майталмандары ерекше концерттік бағдарламамен көрерменге мерекелік көңіл күй тарту етті. Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, берекелі де беделді, береке-бірлігі жарасқан еліміздің егемендігі мәңгілік, тәуелсіздігі тұғырлы болсын!

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»