14.12.2018, 23:05
Қараулар: 138
Марапат құтты болсын, отандастар!

Марапат құтты болсын, отандастар!

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ батысқазақстандыққа мемлекеттік наградаларды табыстады.

Орал қаласындағы Салтанат сарайында өткен салтанатты шара барысында облыс басшысы алдымен қатысушыларды Тәуелсіздік мей-рамымен құттықтады.

– Тәуелсіздік – азат ел болуды ата-бабамыз армандаған, аға ұрпақ жақындатқан, ал бүгінгі буын шындыққа айналдырған қастерлі ұғым. Мемлекетіміздің мерейлі мерекесі Тәуелсіздік күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдары Елбасының бастамасымен тарихи сілкініс жасалып, ұлы істер атқарылды. Осылайша аз уақыт ішінде қуатты ұлтқа, дәулетті елге айналдық. Президентіміздің ерік-жігерінің нәтижесінде қарулы қақтығыссыз, мылтықты майдансыз мемлекет шекарасы айқындалды. Іргеміз мызғымастай бекітілді. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі этнос өкілдері Отанымызды өркендетуге атсалысып, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ел экономикасы қарқынды дамып келеді. Оны өңіріміздің тұрғындары да айқын сезінуде. «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының биылғы Жолдауының негізгі мәні тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Бүгінде өңіріміздің табиғи газбен қамтылу деңгейі 95 пайыздан асты. Орал қаласын қоспағанда, Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары көгілдір отынмен толықтай қамтылды. Бұл көрсеткішке Жаңақала, Зеленов, Шыңғырлау аудандарының деңгейі де жақындап қалды. Алдағы жылда тағы Қазталов, Теректі аудандарының 22 елді мекеніне газ тартылмақ.

2016 жылы өңіріміздің небары 30 пайызы ауыз сумен қамтылған болатын. Ал бүгінде бұл көрсеткіш 46,5 пайызға жетті. Осы уақыт аралығында 2 мың шақырым су құбыры тартылып, 110 елді мекен орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылды. Облыс орталығынан шалғайда жатқан Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандары 100 пайыз сумен қамтылып отыр. Келесі жылы тағы елу елді мекенге таза ауыз суын кіргізбекпіз. Яғни, 2020 жылы халықты таза сумен қамту көрсеткіші 50 пайыздан асады. Жыл сайын 500 шақырым жол жөнделіп келеді. Жуырда жалпыұлттық телекөпірде Елбасының қатысуымен Орал – Тасқала – Озинки күре жолының жөндеу жұмыстары аяқталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 26 млрд. теңгеге жаңа жолдар салынып, ескі жолдар жөнделді. Болашақта салынатын стратегиялық нысандарды қолға алдық. Келесі жылы тек қана облыс орталығының жолын жөндеуге 9 млрд. теңге қарастырылып отыр. Облыс орталығында қосымша жаңа көпір салынады. «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларына сәйкес биыл 3500 отбасыға арналған пәтерлер салынуда. 500 гектар аумаққа «Ақжайық» шағынауданы салынып, келесі жылы алғашқы үйлердің іргетасы қаланбақ. Қорыта айтқанда, әрбір елді мекенде кемінде бір қуанышты жаңалық орын алып жатыр. Бұл – Елбасымыздың жүргізіп отырған экономикалық саясатының жетістігі. Сонымен қатар әр қазақстандықтың ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Қазақстанды Мәңгілік елге айналдыру жолында жұмылып еңбек ету – әрқайсымыздың басты міндетіміз, – деді Алтай Сейдірұлы.

«Парасат»,  «Құрмет», «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордендері және «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, ҚР Құрмет грамотасымен және «Астана – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған жерлестер алғыстарын білдірді.

Абат   ЕСЕНҒАЛИЕВ, еңбек  ардагері:

– Осыдан 27 жыл бұрын қазақ елінің Тәуелсіздігін жариялаған Алматыдағы жиналысқа қатысқандардың бірі менмін. 27 жылда еліміз әлемге танылды. Алдыңғы қатарлы елдермен тереземізді теңестірдік. Бұл Елбасымыздың салиқалы саясатының мәуелі жемісі. Ішкі саясатымыз туралы айтсақ, бүтін шетел қызығатын жағдайымыз бар. Ұлтаралық ынтымақ пен дінаралық татулықты нығайту мақсатында ассамблеяны құру – Президенттің көрегендігі. Біз – ата-анамыз, зейнеткерміз. Балаларымыз алаңсыз білім алып, жұмысқа орналасып, немерелеріміздің алаңсыз ойнап, тыныш ұйықтай алатыны қуантады. Барша қазақстандықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Жанұяларыңызда амандық болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын. Бүгін марапатталған батысқазақстандықтар атынан азды-көпті  жұмысымызды  бағалап,  марапатқа  ұсынған  облыс әкіміне  алғыс  білдіремін.

Игорь  СТЕКСОВ, Облыс  әкімінің бірінші орынбасары:

– Бүгінгі марапат мен үшін зор мәртебе. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша қызмет етемін. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі алқаптарды суару-суландыру жүйесін іске қосатын шетелдік инвесторларды тарту бағытында жұмыстануда. Болашақта ауыл шаруашылығы қарқынды дамиды деп сенеміз. Өйткені, бұл салада нақты істер атқарылып, жүйелі жобалар бекітіліп, қомақты қаржы бөлінуде.

Наталья   КОПЕЕЧКИНА, А. Островский атындағы драма театрының әртісі:

– Театрда 15 жылдан бері қызмет етіп келемін. Әрине, бүгінге дейін де мәдениет саласындағы әртістік еңбегіміз тиісінше бағаланып жүр. Соның ішінде бүгінгі марапатымыз үшін ерекше қуаныштымыз. Облыс басшысы Алтай Көлгінов театрымызға отбасымен бірге жиі келіп, көріністер мен балаларға арналған ертегі қойылымдарын тамашалап тұрады. А. Островский атындағы театр қызметкерлері өзінің әр көрерменін бағалайды. Мереке қарсаңында қуанышты көңіл күй сыйлаған жандарға алғысымызды білдіреміз.

Жұбаныш  ХАЙРУЛЛИН, Бөрлі ауданы, Пугачев ауылдық округі әкімінің орынбасары:

– 2002 жылдан бастап жауапты мемлекеттік қызмет атқарып келемін. Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес келесі жылы ауы-лымызда сүт фермасы ашылмақ. Соған орай құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көпұлтты мемлекетіміздегі  әр отбасыға  бақыт  пен  ынтымақ  тілеймін.

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.