Түйетізелік пайдалы екен!

Өз  басым  «Орал өңірі»  газетінің «Басты байлық» бетін  мұқият  оқимын. Себебі,  бұл  бетте  әр  түрлі ауру-сырқаудан  емделу жолдары,  дерт  атаулының алдын  алуды  көздеген дәрігерлік  кеңестер,  сауатты  тамақтану,  саламатты өмір  салтын  қалыптастыру  сықылды көкейкесті  мәселелерді арқау  еткен  үлкен-кішіге  бірдей  өте  пайдалы мақалалар  жарық  көреді.

Мысалы, «Орал өңірінің» биылғы 18 қазан күнгі санында газет тілшісі Гүлсезім Бияшеваның «Буын неге сырқырайды?» атты мақаласы жарық көрді. Буын дертіне шалдыққан науқастар үшін таптырмас дүние. Мені де соңғы бірер жылдан бері қос тізем қатарынан сырқырап мазалап жүр.

Дәрігерлер қояр диагнозын қойғасын тиісті ем-домды алып тұрамын ғой. Бірақ кейде қос жіліктің арасынан салынатын бағасы удай қымбат укол-екпелердің өзіне күдік-күмәнмен қарайтын болдым. Мәселен, биыл көктем шыға әр тіземе үш-үштен «Беларто» деген дәріден алты укол алдым. Әр екпе үшін алынатын бір дәрінің құны 15 мың теңге. Сонда алты уколыңыздың жалпы құны – 90 000 теңге деген сөз. Алайда осыншама қарайған ақшаға ем-дом қабылдағаныммен, соның тап бір керім әсерін сезіне қойғаным жоқ. Енді айтайын дегенім, биыл Алматыда оқитын студент немерем жазғы каникулға келе жатып, Қызылорда облысының аумағындағы теміржол стансаларының бірінен маған арнап екі түйетізелік сатып алған екен. Қазір соның рахатын көріп жүрмін. Күн суықта жаңағы қос түйетізелікті киіп аламын. Содан екі тіземнің тұсы қыз-қыз қайнап, суықты сезінбеймін. Үйге кіргесін де, тізелікті біраз уақыт шешпей, қос тіземе қасиетті түйе түлігінің түбітінің қызуын сіңіремін. Бастапқыда сәл жүргеннен кейін тізеліктер сырғып кетіп, ыңғайсыздық туғызатын. Оның амалын бәйбішем тапты. Ол мына суреттен көріп отырғаныңыздай, тізеліктердің асты-үстін тым қыспайтындай, бірақ түсіп те кетпейтіндей қылып, резеңке өткізіп берді. Брежнев жарықтықтың заманында газеттерде «Озат тәжірибе – көпке ортақ» деген айдар болды ғой, сол сияқты шипасын сезініп жүрген түйетізеліктің пайдасын көпке таратқанды қош көрдім.

Жәдігер   АҚҚАЙЫРОВ,

Теректі   ауданы