Саратовқа жол ашық

Елбасының  қатысуымен  өткен  жалпыұлттық  телекөпірде «Орал – Тасқала – Ресей шекарасы» 104 шақырымдық аутожолы пайдалануға берілді.

Күрежолдың бойынан телекөпірге қосылған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ермек Қизатов Елбасына аталмыш бағыттағы аутожолды  жаңғырту жұмыстарының аяқталғанын мәлімдеді.

– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша «Орал – Тасқала» аутомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Екі жылдың ішінде өзге салалардан 1,5 мыңнан аса маман жұмысқа тартылып, 100 шақырым жол жаңартылды. Сонымен қатар Қазақстан – Ресей шекаралық бекетінің көліктерді өткізу қабілеті екі есеге артады. Осы жол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттің өсуіне мүмкіндік береді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Орал – Тасқала тасжолы іске қосылуға дайын. Қозғалысты бастауға рұқсат сұраймыз, – деді  Е. Қизатов.

Мемлекет  басшысы рұқсат бергеннен кейін аутокөлік жолдары құрылысына алдағы уақытта  да  ерекше  мән  берілетінін  атап  өтті.

Аталмыш шара кезінде дәстүрлі «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздары анықталды. Теректі ауданы еліміздегі 200-ден аса ауданның ішінен бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік аудан ретінде танылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламановқа арнайы  марапатты  табыс  етті.

Телекөпір  аяқталысымен, Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгінов  БАҚ  өкілдеріне сұхбат  берді.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстарын жылма-жыл қарқынды атқарып келеміз. Биылдың өзінде 500 шақырым жолды жөндеуді бастадық. Соның 450 шақырымын жылдың соңына дейін тәмамдадық. Қазір Президенттің «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес аяқталған 104 шақырымдық  күре жолды аштық. Бұл жолдың республикалық, халықаралық маңызы бар. Мұндай жолдардың жақсарғаны тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, бизнесті дамытуға зор мүмкіндік береді. Біз инвестициялар және даму министрлігі, «ҚазАвто-Жол» ұлттық компаниясымен бірге 285 шақырым республикалық маңызы бар жолды жаңғырттық. Облыс орталығында да жол жөндеу жұмыстарының қарқынын күшейтіп келеміз. Бұл мақсатта жыл сайын 7-8 миллиард теңге бөлінуде. Алдағы он жылдың ішінде Орал шаһарының тұрғындары 500 мыңға жетпек. Соған инфрақұрылым дайын болуы керек. Сонымен бірге экономикамызды дамыту үшін транзиттік әлеуетті күшейту керек. Алдағы уақытта Саратов және Самара тасжолдарын қайта жаңғыртудан өткіземіз. Сонда, әсіресе, үлкен жүк тасымалдаушы көліктер айналма жолдармен өтетін болады. Сонымен бірге көлік-логистикалық орталықтарды салу жұмыстары басталды. Шағын және орта бизнесті дамыту – Президенттің біздің алдымызға қойған үлкен міндеті. Біздің облыс қазір республикада шағын және орта бизнестің қолайлы жағдайын жасау рейтингінде төртінші орынға ие болып отыр. Бұл – Президент бағдарламаларының  іске асырылуы, сондай-ақ біздің ашықтықты қамтамасыз ету және әкімшілік кедергілерді алып тастау, қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарымыздың нәтижесі. Республикамызда 220-дан астам аудан болса, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызу бойынша біздің Теректі ауданы бірінші орын алып отыр. Ол – біздің кәсіпкерлердің белсенділігі, мемлекеттің жасаған қолайлы жағдайының арқасы, – деді  Алтай Сейдірұлы.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»